Отбасы – мемлекеттің негізгі буыны. Тәрбие – отбасынан басталады, болашақ ұрапақтың еліне, отанына деген сүйіспеншілігі алдымен ата-ананың ықпалымен қалыптасады.
«Дәулет есіктен, ақыл бесіктен кіреді» демекші білім бесігі мектептен, тәрбие бесігі отбасынан бастау алады. Отбасының екі тірегі – әлпештеген әке мен аялаған ана.
Отбасы шайқалмай, тіректі болу үшін ерлі-зайыптылар бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болу керек. Екі жақтың ата-аналары да өмірлеріне араласып, ортаға түспегені дұрыс. Сонда ғана тамыры тереңге жайылған әулетке айналмақ.
Құранда Алла Тағала: «Олар(әйелдер) сендерге киім, сендер де оларға киімсіңдер» – деген. Аталмыш аятта Алла Тағала киім деу арқылы ерлі-зайыптылардың бір-біріне киім іспетті екендігін айтып жатыр. Міне, сондықтан ері мен әйелі бір-біріне киім секілді жақын, өмірдің ащы-тұщысында демеу, қиын кезеңдерінде қолдаулары керек. Сол секілді жамандықтарын жасырып, жақсылықтарын асырып отырулары қажет.
Өзінің де кемшілігі көп пенде екенін есте тұтып, жұбайының кемшіліктеріне кешіріммен қараған жақсы. Абу Хурайрадан жеткен хадисте: «Мінезі жақсы адамның иманы берік болады. Сендердің ең жақсыларың, әйелімен жақсы мәміле қылушыларың» (Тирмизи).
Анастан жеткен басқа хадисте: «Әйелдердің ең жақсысы – салиқалы, күйеуіне адал болғандары» (Дәйләми). Шаңырақтың шайқалмауын қамтамасыз ететін кешірім мен қайтқыштық деген екі қасиет бар. Мұны шариғатымыздағы истиғфар және тәубе деген екі ұғыммен салыстыруға болады. Сен бір күнә жасасаң, дереу «Астағфирулла» деп Алладан кешірім сұрайсың. Сол секілді, жарыңның кейбір ұсақ қате-кемшіліктеріне де «жарайды» деп қол сілтеуге, елеп-ескермей өткізіп жіберуге тура келеді. Сен бір үлкен күнә жасасаң, арнайы тәубе намазын оқып, сол күнәңді тастайсың, өкінесің, содан кейін қайталамайсың.
Дәл осылай, арада болған үлкен кикілжің, түсінбестіктерді біржола ұмытып, «қайтқыштық» қасиетіне орын беріп, жүрегіңді өкпе-реніштен босатып, жарыңның одан кейінгі қарым-қатынастарына есік ашып беру керек болады. Бұл өте қиын. Үйренуді қажет ететін үлкен өнер.
Қазақ салтында алыс жерден, өзге ру-тайпалардан келген білікті кісілер өздерін сыйлап, құрметтеген қара шаңырақтарға мынадай мазмұндарда:
Шаңырақтарың шайқалмасын,
Бақ-дәулеттерің ортаймасын… – деп алғысын ақтаратын болған. Өкінішке орай, қазіргі таңда ақсақал-үлкендерден бата алмағасын, не отбасылық тәрбие көрмегесін кей аналар: «Ішіме сыйған, сыртыма да сыяды – деп ерлі-зайыптылардың арасына түсіп жатады. Мұсылман адамға әйелін күйеуіне қарсы қоюға рұқсат етілмейді. Тіпті, олардың арасындағы келіспеушілік шектен шыққан жағдайда да оларды бір-біріне айдап салуға болмайды, өйткені бұл отбасының ажырауына апаруы мүмкін. Кейбір ғалымдар ер мен әйелдің арасына түсуді үлкен күнәға жатқызады. Алла елшісі (с.а.у): «Әйелі мен ерінің арасына түсіп, жалған сөйлеген әрі әйелді күйеуіне қарсы қойған адам бізден емес» деген (Әбу Дәуід).
Ата-бабаларымыздан мирас болып қалған көптеген отбасылық әдет-ғұрып, салт, өзіндік дәстүрлер бар. Тал бесіктен тәрбие дұрыс берілсе, өскелең ұрпақ аталған салт пен сананы, дәстүр мен ғұрыпты өз жолынан жаңылыстырмай, темірқазықтай ұстанары хақ. Ал бүгінгі жаңашыл заманауи кезеңде аталмыш дүниелерді насихаттау кез-келген отбасының алдында тұрған парыз бен қарыз деп білуіміз керек.
Қанат МҰРАТҰЛЫ,
Қажымұқан Мұңайтпасов мешітінің наиб имамы.