Пайғамбар сипаты: мейірім шапағаты

Мұхаммед пайғамбарымыздың асыл қасиеттерінің бірі оның мейірімділігі.


Пайғамбарымыз: “Адамдарға мейірімді болмағанды Алла тағала мейіріміне бөлемейді” деген. Бұл өмірде әр сөзі ісіне сәйкес келетін бірден – бір адам – ол Мұхаммед пайғамбар деп сенімді түрде айта аламыз. Бірде бір сахаба әлі тамақ жемейтін кішкентай баласын Пайғамбарымыздың қолына береді.

Пайғамбарымыз баланы алдына ұстап тұрған кезде бала үстіне кішетіп қояды. Пайғамбарымыз бала әбден болғанға дейін ештеңе деместен оны қолында ұстап тұра береді. Содан біраз су алдырып жаңағы жерді шайып жібереді. Ешқандай ашу шақырып , артық сөз айтпайды.


Алланың Елшісі бір хадисінде: Бір адам сапар шегіп бара жатқанда қатты шөлдеді. Тіпті шөлге шыдай алмайтын деңгейге жетті. Сол уақытта бір құдыққа кезігеді. Құдықтың ішіне түсіп, шөлін қандырды. Құдықтан шыққанда шөлдегеннен топырақ жалап жатқан бір итті көреді.

Әлгі адам өз – өзіне: Мына ит те мен сияқты қатты шөлдеген екен ғой деп қайтадан құдыққа түсіп, аяқ киіміне су толтырып алып шығып итке береді. Алла тағала оның бұл әрекетіне риза болып күнәларын кешіреді.

Сонда сахабалардың кейбірі: Уа, Алланың елшісі! Бізге хайуанаттарға жасаған жақсылықтарымыз үшін де сауап бар ма? – деп сұрады. Пайғамбарымыз: Иә, әрбір мақлұқатқа жасаған жақсылық үшін сыйлық бар деді. (Бұхари)


Сонымен қатар, Пайғамбарымыз тек мұсылмандар арасында және отбасы ортасында ғана емес оның мейірімділігі сонымен қатар дұшпандарына да рақым мейірім танытқанын жақсы білеміз. Бірде Ухуд шайқасында ардақты Пайғамбарымыздың тісі сынып жүзі қанға боялады. Оған куә болған сахабалар Пайғамбарымызға дұшпандарға қарсы дұға жасаңызшы деп күйінген екен. Сонда Пайғамбарымыз былай дейді: «Мен қарғыс айтушы боп жіберілмедім, мен жақсылыққа шақырушы және мейірімділік етіп жіберілгенмін деген болатын».


Дана халқымыз: Мейірімділік жүректен, мейірімсіздік білектен деп айтқандай. Жаратушымыздың жүрегімізге салған мейірімділік шапағатымен айналамызға жылулық сыйлап жүрейік!


Жасұлан ҚУАНЫШҰЛЫ, Жылыой ауданының бас имамы.