Құрметті ағайын!
Баршаңызды қасиетті Рамазан айының ең ұлық түндерінің бірі – Қадір түнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – Алла Тағаланың пенделеріне шексіз мейірімі мен рақымын төгетін, дұғалар қабыл болатын, сауаптар еселеніп жазылатын ерекше түн.
Қадір түні – адамзат тарихындағы ең ұлы оқиғалардың бірі болған қасиетті Құран Кәрім түсе бастаған түн. Алла Тағала Құранда: «Расында, Біз оны Қадір түнінде түсірдік. Қадір түні мың айдан да қайырлы» деп баяндайды. Яғни бұл түнде жасалған бір игі амал мың ай бойы жасалған құлшылықтан да артық сауапқа ие болады. Сондықтан мұсылман баласы үшін бұл түн – үлкен мүмкіндік, ерекше рухани мүмкіндік.
Қадір түні – кешірім түні. Бұл түнде Алла Тағала пенделерінің тәубесін қабыл етіп, күнәларын кешіреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім Қадір түнін иманмен және сауаптан үміт етіп өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» деген. Демек, бұл түн – жүректі тазартып, Жаратушыға жақындай түсетін берекелі сәт.
Қадір түні – дұға түні. Мұсылман баласы бұл түнде жүрекпен дұға жасап, өзіне де, отбасына да, елі мен жеріне де жақсылық тілейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Айша анамызға Қадір түнінде оқылатын дұғаны үйретіп: «Аллаһумма иннәкә афууун тухиббуль афуа фаъфу анни» – «Уа, Алла! Сен өте кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені кешіре гөр» деп дұға жасауды өсиет еткен.
Бұл түн – жүректер жұмсарып, адамдар бір-біріне мейірім көрсететін, жақсылық пен қайырымдылықтың артатын уақыты. Сондықтан бұл түнде құлшылықпен қатар мұқтаж жандарға көмектесіп, садақа беріп, жақсылық жасаудың да сауабы мол.
Қадір түні бізге өмірдің мәнін тағы бір еске салады. Адам баласы бұл дүниеге тек тіршілік ету үшін емес, Жаратушысына құлшылық жасап, игілік жасау үшін келген. Сондықтан бұл қасиетті түн әрқайсымызға өзімізге есеп беріп, жүрегімізді тазартуға мүмкіндік береді.
Құрметті жамағат!
Осындай қасиетті түнді бос өткізіп алмауға шақырамын. Бұл түнді намаз оқумен, Құран оқумен, дұға жасаумен, тәубе етумен және игі амалдармен өткізу – әр мұсылман үшін үлкен нығмет.
Алла Тағала баршамыздың оразаларымызды, дұға-тілектерімізді қабыл етіп, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, шаңырақтарымызға береке нәсіп етсін.
Қадір түнінің берекесі әр шаңыраққа құт болып, жүректерімізге иман нұрын дарытсын!
Ізгі тілекпен,
Болатбек Ұласқанұлы
Атырау облысының бас имамы.


