Қайтпай Сұлтан мешітінде әйел-қыздар қауымына арналған “Қайта жаңғыртуға болатын салт-дәстүрлер” атты танымдық семинар өткізілді. Шараның мақсаты – ұлттық салт-сананы қайта жаңғырту, дін мен дәстүрдің сабақтастығын түсіндіру және отбасылық тәрбиеге қатысты құндылықтарды насихаттау болды.
Семинарды мешіт имамы Арман Урумбаев ашып, қазақтың ұлттық болмысындағы тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрлердің ұмытылмай, бүгінгі күнге бейімделіп жаңғыртылуының маңызын атап өтті. Ол дін мен дәстүрді қатар ұстап, ұрпаққа дұрыс бағыт беру қоғамның тұрақтылығына негіз болатынын жеткізді.
Әйел-қыздар секторының өкілі Назгүл Данаева және шараға қатысқан ақжаулықты әжелер ұлттық дәстүрлердің тәрбиелік қырларын кеңінен түсіндірді. Олар дін мен дәстүрдің бір-бірін толықтыратын құндылықтар екенін айта келе, қонақжайлыққа байланысты ерулік салты, сондай-ақ халқымызда кездесетін “жылу жинау” ұғымының мән-мағынасына тоқталды.
Жиында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, салт-дәстүрлердің қазіргі қоғамға берер үлесі жөнінде пікір алмасты. Шараның соңында қатысушыларға рухани-танымдық бағыттағы кеңестер беріліп, ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған ортақ бастамалар сөз болды.





