ҚАСИЕТТІ ҚАДІР ТҮНІ

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті бауырлар!

2026 жылы мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Қадір түні 16 наурыздан 17 наурызға қараған түнге сәйкес келеді.
«Қадір түні – берекелі Рамазан айында келетін қасиетті түн. Рамазан айының соңғы он түні мұсылман үшін өте маңызды. Себебі Қадір түнінде қасиетті Құран Кәрім түсе бастады. Сондықтан да Рамазан мұсылмандар үшін «Құран айы» деп есептеледі.
Ибн Аббас (Алла разы болсын): «Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдар арасында ең жомарт жан болатын. Рамазан айы туып, Жәбірейіл (Алланың сәлемі болсын) періштемен жиі жолыққанда, одан өткен мәрт адам болмайтын. Жәбірейіл періште Рамазан айының мүбәрак әр түнінде Пайғамбарымызға келіп, екеуі бірге Құран оқитын. Алла елшісі Жәбірейіл періштемен жолыққан кездерінде жер бетіне береке әкелетін желден де жомарт болып кететін еді»,– деген (Бұхари, саум 7; Мүслим, фадайл 48).


Сонмен қатар Құран Кәрімнің 97-ші сүресінің аяттарын еске алсақ:
«Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады».
Сол себепті барша мұсылманға Құранды көбірек оқуға, дұға жасауға кеңес береміз.
Бірде Айша анамыз (оған Алла разы болсын) ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі, Қадір түнінде қандай дұға тілейін?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла, расында, Сен кешірімдісің және кешіргенді жақсы көресің. Мені кешіре көрші» деп айтасың» деп жауап берген. Хадистердің бірінде: «Кім де кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі» делінген.


Расулалла (с.ғ.с.): «Кімде-кім қадір түнінің артықшылығына сеніп, Алла Тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» дейді. Сол себепті әр мұсылмансол түні дәрет алып, жасаған күнәлары үшін кешірім сұрап, көп дұға етуі керек, өйткені дәл осы түнде адам өмірінде бір жыл ішінде болатын барлық нәрсе жазылады.
Қасиетті Қадір кеші мүбәрак болсын! Алла Тағала ұстаған оразаларыңызды, жасаған құлшылық-ғибадаттарыңызды қабыл еткей.
Еліміз аман, жеріміз тыныш болғай! Әмин!

Құрметпен,
Атырау қалалық «Құспан молла» мешітінің
Бас имамы Эммат Сұлтанғалиұлы Ғұмаров