ҚМДБ Халал даму стандарттау және сертификаттау орталығының бас маманы Мейіржан Бауыржанұлы Құспан молла мешітінде жамағатпен жүздесті.
Кездесу барысында маман халал ұғымының мәні, халал стандарттарының шариғат талаптарына сәйкестігі және күнделікті өмірде адал өнім тұтынудың маңызы жөнінде кеңінен баяндады. Сондай-ақ Қазақстандағы халал индустриясының дамуы, халал сертификаттау жүйесінің ерекшеліктері және ҚМДБ бекіткен талаптар туралы нақты ақпараттармен бөлісті.
Жамағатпен өткен жүздесуде халал мен харамның аражігін ажырату, тұтынушы ретінде жауапкершілік, сондай-ақ кәсіпкерлер үшін халал талаптарын сақтаудың діни әрі әлеуметтік маңызы сөз болды. Кездесу ашық сұхбат форматында өтіп, жиналғандар көкейіндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Іс-шара соңында халал стандарттау және сертификаттау орталығының атқарып жатқан жұмыстары таныстырылып, жамағат адал ас пен адал табыстың қоғамдағы берекеге тигізер әсері жөнінде пайдалы мағлұмат алды.
Мұндай кездесулер жамағаттың діни сауатын арттырып, халал мәдениетін қалыптастыруға және қоғамда адалдық құндылықтарын нығайтуға бағытталған.



