Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында «Ата бейіт» ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне зиярат етті. Мемлекет басшысымен бірге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да кешендегі зиярат рәсіміне қатысты.
«Ата бейіт» – қырғыз халқының даңқты перзенттері мен сталиндік репрессия құрбандары жерленген орын. Бұл атауды кешенге әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов берген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемориалдық кешен аумағындағы 1916 жылғы үркіншілік құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қойды. Бұдан кейін Мемлекет басшысы Шыңғыс Айтматовтың бейітіне зиярат етіп, қаламгердің рухына Құран бағыштады.