ҚМДБ ЖАСТАР СЕКТОРЫ ӨКІЛІ ИНКЛЮЗИВТІ ОРТАЛЫҚТА ӨТКЕН ШАРАҒА ҚАТЫСТЫ

Атырау өңірінде инклюзивті бағытта жұмыс істейтін «BEYLES» тамақтану орнының ашылғанына бір жыл толуына орай мерекелік шара өтті. Тағылымды шараға ҚМДБ Жастар ісі секторының өңірдегі жауапты өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы Мағжан Игенбайұлы арнайы шақырылды.

Шара барысында Мағжан Игенбайұлы ерекше балалармен жүздесіп, оларға тәттілер таратып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, жиналған қауымға насихат айтып, қоғамда мейірім мен қамқорлықтың маңыздылығына тоқталды.

Ол өз сөзінде инклюзивті жобалардың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтіп, ерекше жандарға қолдау көрсету – баршаның ортақ міндеті екенін жеткізді.

Мерекелік шара жылы әрі әсерлі атмосферада өтіп, қатысушыларға қуаныш сыйлады.