Қоңырқай тірлік кешкен Қази молда

Ел арасында жүреміз, көнекөз қариялармен сұхбаттасамыз. Халыққа еңбегі тиген тұлғалар туралы насихат естиміз.

Сондай жандардың бірі «қази молда» атанып кеткен Қази Кенжеұлы туралы әңгімелемекпін. Қази атамыз (1905-1994) жылдары Бегайдар құмында дүниеге келген. Күкіртті деп аталатын колхозда жұмыс жасаған. Ауыл молдасынан сауат ашып, құран оқып, халыққа имандылық әліппесін үйреткен көрінеді.

Ел Тұқпан хазірет деп атап кеткен көзі ашық, Тұқпатолла хазіреттен білім алған екен. Жігіттік шағында қамыс заводында мантур болып жұмыс жасайды. Мал ұстап,шөп шауып қалың қазақпен бірге қоңырқай тірлік кешкен.

Атамыздың көзін көрген көнекөздердің айтуы бойынша Қазекең көп сөйлемейтін, сабырлы, тақуа адам болған деседі. Қолынан құманы мен құраны түспей ел арасында садақа, жаназа шығарып бар білетініміен бөліскен. Ол кезде халықтың жағдайы қиын, тұрмыс төмен, жұмыссыздық белең алған кезең болатын. Тіпті дүниеден өткен жандардың тілін кәлимаға келтіріп, жаназасын оқитын молда некен саяқ болған деседі. Осындай қиын да жауапты оқиғалардың бірін біраз жылдардан бері дін саласында қызмет етіп келе жатқан немере інісі Кәкімжан Мұрасқалиұлының аузынан естігенім бар еді.

Соны баяндайын: Бірде ел ішінде бір адам қайтыс болыпты. Кебіндеп, жуындыратын, жаназасын оқитын адам табылмай туыстары әбігерге түскен көрінеді. Бір молданың табылмауы сол кездегі жағдайдың  қаншалықты кұрделі екенін аңғартса керек.

Жасы үлкейген Абай молда хат жіберіп 88 жасқа келіп қалжырап, көзі көрмей, жүріп-тұруы қиындаған Қази молдаға «жаназа оқитын адам жоқ, бұлай жалғаса берсе халықтың иманын үйіру тұрмақ жаназасыз қанша адам кетеді, бұл ұлкен қасіреткой сен баршы, өзің керексің деп хат жіберген екен.  Әбден қалжырап отырған Қази атамыз амалы жоқ баруға келісім беріпті.

Орнынан қозғала алмай орындығның аяғын кесіп, көлікке мінгізіп, көзәйнекпен кебін пішіп, отырып жаназасын шығарған екен. Міне осындай қиын істерді өмірінің соңына дейін атқарған екен Қази атамыз.

Қазақ халқының басынан небір зұлмат өтпеді десеңші. Қази Кенжеұлы сұрапыл соғысқа қатысып, майданнан аман оралған. Оның өзі аузында Алласы бар адамға тигізген Құдайдың шапағаты шығар деп еске алады ұрпақтары. Атамыз жұбайы Мағрипа Қисметқызымен отасып Төлеген, Мұрасқали, Өтеген, Батихан, Нәбихан, Арухан есімді ұрпақ сүйген. Бүгінде Өтеген мен Нәбихан өмірде бар, қалған ұл-қыздары Алланың құзырына қайтыпты.

Атамыз әзілге де шебер болған екен. Жұма намазына жолға шығып, таяғын көтерген жүргізуші жігітке «Ақша берейінбе, бата берейінбе?» деп әзілдеген екен. Қазыналы қарттан ақша емес бата сұрайтын жастар көп болыпты.

Елді имандылыққа бастап, халыққа өнегелі өсиет айтатын Қази атамыз сынды қазыналы қарттарымыз көп болсын дейміз. Әумин!

Нұркен МАҒРИДЕНҰЛЫ,

Атырау қаласы.