Құран – Аллаһ тағаланың сөзі. Ол Аллаһ тарапынан Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) Жәбірейіл (ғ.с) арқылы түсірілген. Құранда бұл жайында:
«Күдіксіз бұл Құран әлбетте әлемдердің Раббысысың түсіргені. Оны сенімді Рух (Жәбірейіл) келтірді. Ескертушілерден болуың үшін жүрегіңе қондырды» – делінген. Құран кәрім уахи етіліп түсірілген уақытынан бастап сонау, қиямет күніне дейін еш өзгеріссіз қалады. Аллаһ Тағаладан бұған дейінгі пайғамбарлар мен елшілерге түскен барлық кітаптардың мағынасын Құран кәрімде қамтылған.
Құран – ақиқат пен жалғанның, күнә мен сауаптың, қара мен ақты ажыратып беруші кітап, Аллаһ Тағала ол турасында былай дейді: «Сондай-ақ саған әр нәрсені ашықтайтын және мұсылмандар үшін тура жол, игілік һәм қуаныш түрінде Құранды түсірдік»,-деген. Құран кітабы да адамның жүрегіне өмір сыйлап, оны екі дүние бақытына жетелейді. Әрі Құранда жеке адамның және қоғамның бақытты өмір сүруі үшін қажетті болған бүкіл мәселе қамтылған. Сондықтан да біз Аллаһ тағаланың бұл қасиетті кітабын шамамыз келгенше көбірек оқып, жаттап, оның аяттарына ой жүгіртуіміз керек.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) біздерге: «Сендердің араларыңдағы жақсыларың – Құранды үйреніп, оны басқаларға үйретушілер»,-деп айтқан. Құран оқу ғибадат болғандықтан, Аллаһ Тағалаға жақындау ниетімен жасалатын әрбір амал қабыл болуы үшін, екі шарт орындалуы тиіс. Ол шарттың біріншісі – ықылас, ал екіншісі – амалдың Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетіне сай жасалуы.
Имам Науауи бір сөзінде: «(Құран оқушыдан) ең бірінші талап етілетін нәрсе – ықылас. Яғни, ол арқылы тек Аллаһ Тағаланың ғана ризалығын қалап, одан басқа ешқандай мақсатты көздемеу қажет», – деген. Бұдан түсінгеніміздей, Құран оқушы адамдардың назарын өзіне аудару, оларды дауысының әдемілігімен тамсандыру, кісілердің мақтауын күту, адамдардың арасында дәрежесінің көтерілуін қалау сынды істерді көздемеу керек.
Қасиетті Құран кәрімді ұстаудың үлкен әдептерінің бірі – дәретпен ұстау. Бұл жайында Аллаһ Тағала Құранда былай дейді: «Оны тап-таза болғандар ғана ұстайды»-деген. Пайғамбарымыздан жеткен хадисте: «Құран оқыңдар, өйткені, расында Қиямет күні ол өзін оқығанға шапағатшы ретінде келеді»,– делінген. Басқа бір хадисте: «Кім Аллаһ Тағаланың кітабынан бір әріп оқитын болса, оған он бір сауап бар, әрі әрбір сауап үшін он сауап жазылады»,– деп айтылған.
Құран – тек ескерту үшін ғана емес, оған қоса мұсылманды жамандықтан сақтап, Аллаһтың разылығын алуға және екі дүниеде бақытқа жеткізетін бірден-бір себепші. Ақиқатында, Аллаһ Тағаладан келген әрбір нәрсе мүмінге пайда әкеледі, сол сияқты Құранның өзі де, ішіндегі бөлек бір сүренің өзі де пайдалы болып табылады.
Әбу һурайрадан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) : «Ықылас сүресі (Қул һуә-Аллаһу ахад) жайында: бұл Құранның үштен бір бөлігіне тең»,-деп айтқан. Яғни, адам Ықылас сүресін оқыса – Құранның үштен бірін оқығандай сауап алады екен. Тағы бір хадистің мағынасында былай келген:
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларына: «Сендердің қайсыбірің түнде Құранның үштен бір бөлігін оқуда әлсіздік таныта ма?»,-деп сұрады. Бұл оларға ауыр келген еді, олар:
-Я, Расулуллаһ, біздің қайсымыздың бұған күшіміз жетеді?,-деп жауап қатты.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): Қул һуә Аллаһу ахад, Аллаһус-самад, яғни Ықылас сүресі Құранның үштен бір бөлігі. Осы сияқты басқа да сүрелердің өзіндік мол пайдасы бар.
Құран оқылған үйге жын және шайтандарды, қуып періштелерді шақыратын ұлы мұғжиза. Құранды өте жақсы бір мақаммен оқитын сахабалардың бірі Ұзайр ибн Ұсайд былай дейді: Бір күні түнде «Бақара» сүресін оқып отырғанымда атым жанымда байлаулы тұрған еді. Құранның даусын естіп атым осқырынып, жер тарпи бастады. Оқығанымды тоқтата қойдым. Атым да тынышталды. Қайта оқи бастап едім, атым тағы тыпырши бастады. Үшінші мәрте оқи бастағанымда атым тағы да мазасызданды. Яхия атты ұлым аттың жанында ұйықтап жатқан болатын. Басып кетпесін деп баламды алып кейінірек жатқызып қойдым.
Басымды көтеріп аспанға қарағанымда ақ бұлттың көлеңікесіне ұқсайтын бір тұманның ішінде шырақ сияқты көптеген нәрселердің жарқырып тұрғанын көрдім. Ақ бұлт жарқыраған күйінде көкке көтеріліп көрінбей кетті. Таңертең болған оқиғаны Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқанымда «Ей, Ұсайд, оқы! Ей, Ұсайд, оқы!» деді.
Мен Құран оқуым керек екенін түсініп, «Иә, Расулаллаһ, Яхия ұлым аттың аяғының астына жақын жатқандықтан, басып кете ме деп қорқып оқуымды тоқтатып едім», – дедім. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ей, Ұсайд! Сенің көргенің періштелер болатын. Олар сенің Құран оқығаныңды естіп келді. Егер сол қалпы оқи бергеніңде таңға дейін тыңдайтын еді, көпшіліктің көзінен жасырынбайтын еді», – деді.
Иә, Алланың сөзі оқылған жерге міндетті түрде періштелер келеді. Және ол жерді періштелер қоршап, сол ортаға тыныштық пен мейірім түседі. Алла Елшісі (с.ғ.с)
«Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар. Расында, шайтан ішінде әрдайым «Бақара» сүресі оқылатын үйден қашады», – деген. (Муслим)
Демек, Алланың аяттары оқылған шаңырақта шайтан болмайды, ал шайтан болмайды, ол үйге періште кіреді деген сөз – ол отбасы ұрыс-керістен, бәле-жаладан аман, бақытты ғұмыр кешеді деген сөз.
Алмат ҚАРТАБАЕВ,
«Мақат аудандық» мешітінің наиб имамы