ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНЫНА ЖАҢА БАС ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Құрманғазы аудандық «Темірәлі» мешітіне бас имам болып Шүкіріддін Темірқұлұлы тағайындалды.

Жаңа бас имамды жамағатқа Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы таныстырды. Сондай-ақ, өңірдің бас имамы жаңа имамның жауапты қызметіне сәттілік тілеп, алдағы жұмысына береке тіледі.

Шүкіріддін Темірқұлұлы 1994 жылы 7 ақпанда Түркістан облысында дүниеге келген.

2000–2011 жылдары Сауран ауданы Ынтымақ ауылындағы М.Мұса атындағы орта мектепті тәмамдаған.

2011–2015 жылдары Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде білім алған

2016–2017 жылдары Түркия Республикасы Ыстамбұл қаласында Құран оқу курсын оқыған. Мамандығы – исламтанушы.

Еңбек жолын 2015–2016 жылдары Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы «Рахат-Ислам» мешітінде наиб имам қызметінен бастаған.

2018–2021 жылдары Атырау қаласындағы «Шапағат» орталығында теолог маман болып жұмыс істеді.

2021–2023 жылдары Түркістан облысы Сауран ауданы Ынтымақ ауылындағы «Имам-Ағзам» мешітінде наиб имам, сондай-ақ Түркістан облысы дін істері басқармасына қарасты дін мәселелерін зерттеу орталығының оңалту бөлімінде теолог қызметін атқарды.

2023–2024 жылдары Атырау облысында «Шапағат» орталығының Жылыой ауданы бойынша теолог маманы болып, Құлсары қаласындағы «Жылыой мұсылмандар мешітінде» ұстаздық етті.

2024 жылдан бастап осы уақытқа дейін Атырау қаласы Ақжар ауылындағы «Ар Рахман» мешітінде имам қызметін атқарды.

Үйленген, бір ұл тәрбиелеп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін ауданның бас имамы қызметін атқарған Шалқар Дәулетханұлы ҚМДБ Төрағасы Бас мүфтидің бұйрығымен Атырау қалалық “Құспан молла” мешітіне наиб имамы қызметіне тағайындалды. Жамағат Шалхар имамға алғысын білдіріп, құрмет көрсетті.