Құрманғазы ауданына жаңа бас имам тағайындалды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Шалхар Дәулетханұлы Құрманғазы аудандық “Темірәлі” мешітіне бас имам болып тағайындалды.

Қасиетті жұма күні аудан жұртшылығына жаңа имамды таныстыру рәсімі өтті. Шалхар Дәулетханұлын жамағатқа Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы Мұрат Мұстафаев ресми түрде таныстырды.

Жиын барысында бұған дейін Құрманғазы ауданының бас имамы қызметін атқарған Еламан Жасөмірұлына ауданның рухани дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін алғыс білдірілді. Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлының атынан Еламан имамға Алғыс хат табысталып, иығына құрмет шапаны жабылды.

Шалхар Дәулетханұлы жайлы қысқаша мәлімет:

– 2012–2016 жылдары Жамбыл облысындағы «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінде діни білім алған.

– 2016–2018 жж. Қызылқоға ауданы, Бәтерек мешітінің наиб имамы.

– 2018–2019 жж. Исатай ауданы, Зинеден Құрасұлы мешітінің наиб имамы.

– 2019–2022 жж. дәл осы мешіттің бас имамы қызметін атқарған.

– 2022–2023 жж. Шымкент қаласы, Абай ауданы, «Әділ Омар» мешітінің бас имамы.

– 2023–2025 жж. Атырау қаласы, «Иман» мешітінің наиб имамы болған.

Шалхар Дәулетханұлы – отбасылы, бес баланың әкесі.