Рамазан күнделігі: Атырауда жарапазан айтылды (+ ФОТО)

18 – наурыз Ұлттық киім күніне орай, Атырау облыстық “Иманғали” орталық мешітінің ұйымдастыруымен орталық алаңда жарапазан жыры айтылды.

Жергілікті дәстүрлі өнерпаздардың орындауымен шырқалған жарапазан жырына мешіт имамдары, ақсақалдар қатысып, балаларға тәттілер үлестірді.

«Жарапазан – Рамазан айының келуін хабарлайтын қазақ халқының дәстүрлі жыры. Бұл дәстүр кезінде осы жыр арқылы адамдарды ораза ұстауға, имандылыққа шақырып, береке-бірлікке үндейді. Жарапазан айту арқылы біз ата-бабамыздан қалған мұраны сақтап, ұлттық дәстүрімізді жаңғыртамыз. Бұл дәстүр адамдарды ізгілікке, бірлікке шақырып, рухани құндылықтарымызды нығайтуға септігін тигізеді»,- деп атап өтті облыстың Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы.

Орталық алаңда ұйымдастырылған шарада дәстүрлі киімдер шеруі, жарапазан жыры, ұлттық қолөнер бұйымдары көпшілікке ұсынылды.