Атырау өңірінде қасиетті Рамазан айында діни сауат ашуға бағытталған курстар қарқынды түрде ұйымдастырылды. Мешіттер жанындағы оқу орталықтарында жамағатқа намаз оқу тәртібі мен Құран әліппесін үйрету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді.
Нәтижесінде, Рамазан айы бойы 6 735 адам намаз үйрену курстарынан өтіп, құлшылық жасау негіздерін меңгерді. Сонымен қатар, 2 941 адам Құран оқу курсын тәмамдап, қасиетті кітапты дұрыс оқуды үйренді.
Бұл көрсеткіштер өңір тұрғындарының діни білімге деген қызығушылығының артқанын аңғартады. Мешіт ұстаздары жамағатқа тек құлшылық амалдарын ғана емес, сондай-ақ имандылық, әдеп және көркем мінез тақырыптарында да тағылымды дәрістер өткізді.
Осылайша, Рамазан айында ұйымдастырылған діни сауат ашу курстары көптеген азаматтың рухани дамуына оң ықпал етіп, қоғамдағы имандылық құндылықтардың нығаюына үлес қосты.







