Садақа соңы береке

Алла ризалығы үшін жасалған әрбір іс пен берілген затқа – садақа дейміз. Берілетін садақаның үлкен-кішісі болмайды. Не берілседе ықыласпен Алла разылығы үшін берілуі қажет.

«Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» хадисіне сәйкес берілген садақа мен жасалған жақсылықты жасырын жасау ең абзал амалдың бірі.

Құран Кәрімде 200 жерде Алла жолында садақа беру, мал сарп ету жайында баяндалады. Яғни Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау сауапты амал екені айтылады. Шексіз нығмет Иесі болған Алла мақлұқаттың табиғатында өзгеге жәрдем ету, барын бөліп беру сезімін жаратқан. 

Жасалатын жақсылық істің садақа болуы үшін діни тұрғыдан үш ерекшелікке ие болуы керек:

1) Мұқтаж жанға беру;

2) Алла разылығы үшін берілуі;

3) Берілген садақа өз мүлкінен, адал табысынан болуы тиіс.

Ислам өзгеге жәрдем беруді бұйыратын дін. Адамзат тарихына үңілгенімізде, Исламға дейін бірде-бір елде жарлы мен байдың, әлсіз бен күштінің, әйел мен ердің арасындағы құқық пен теңдік болмаған. Ал ислам діні адамдар арасындағы теңдікті орнатып, бай мен жарлыны жақындатып, бір-біріне көмек қолын созуды, қарайласуды мұсылманға міндет әрі сауапты амал екенін сүйіншіледі.

Әлемдегі барлық жаратылыс адамзаттың игілігіне берілгенімен, бүкіл жаратылыстың шын мәніндегі иесі Алла. Алла қалаған құлына дәулет беріп, қаламағанына бермейтінін мына аятта баян етеді:

 «Сен айт: «Патшалықтың иесі болған ей, Алла! Қалаған адамыңа патшалық бересің, қаласаң одан тартып аласың, ықыласың түскенге үйіп-төгіп байлық бересің де қырыңа алғаныңды қор етіп қоясың. Игіліктің бәрі өз қолыңда. Сенің құдіретің бәріне толық жетеді», (3.Али Имран-26).

Бірде Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен сахабаларының арасында мынандай әңгіме болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.):Әрбір мұсылман садақа беруі тиіс, – деді. Сахабалардан бірі:

 Ей, Алланың Елшісі (с.а.у.), таппаған адам не істейді? Пайғамбарымыз (с.а.у.): Жұмыс істеп, табыс тауып садақа берер, – деді. Сахабалар:

Істейтін жұмыс таппаса не болады? – деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

Мұқтаж болған жанға қандайда бір көмегін береді, – деді. Сахабалар:

– Жәрдем ететін адам да таппаса ше? – деп тағы сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): – Қандай да бір іс жасаса (біреуге жол көрсету, жолдағы зиян тигізетін затты алып тастау, ілім алу, үйрету т.б.), ол үшін бір садақа, – деді. (Бухари, Муслим риуаяты)

Ертеректе патшаның ақылды уәзірі болыпты. Сол уәзір ел ішіндегі жағдайы төмен, мұқтаж жандарға қазынадан қарыз береді екен. Қарыз бергенде патша өлген соң қайтарасың деп, қол қойдырып алады екен. Алайда уәзірді көре алмайтын дұшпандары оның бұл әрекетін патшаға жамандайды.

Патшаға сіздің уәзіріңіз қазынаңыздағы қаржыны түгі жоқ кедейлерге таратып жатыр, ол аздай патша өлгенде қайтарасың деп айтады екен. Ол сіздің өлуіңізді қалайды. Сіз дүниеден өткен соң сол қаржыларды өзі жинап алмақ деп жамандайды. Патша айтылған әңгімелерге сеніп, уәзірді жазаламақ болады.

Тіпті өлім жазасына да кесетінін айтады. Сөйтіп уәзірді шақырып, естіген мәселе жайында сұрайды. Уәзір расында да солай қарыз бергенін, патша өлген соң қарызды қайтарасың деп келіскенін де жасырмай айтады. Мұны естіген патша қаһарына мініп, уәзірді өлім жазасына кеседі. Сонда уәзірі дат сұрап, не үшін олай жасайтынын айтқысы келеді. Патша уәзірдің соңғы тілегін тыңдауды жөн санап, сөз береді.

Уәзір патшаға қарап: «Мәртебелі патшам. Мен сіздің қазынаңыздан кедейлерге қарыз бергенде патша өлгенде қайтарасың деп келісетін себебім, олардың қайтаратын шамасының жоқ екенін білемін. Қайтара да алмайтынына көзім жетеді. Бірақ олар алған қарыздарын қайтара алмай қиналғандықтан үнемі Алладан «Ей, Алла! Патша өлмесе екен» деп сіздің тілеуіңізді, өміріңізді тілейтін болады», – дейді. Мұны естіген патша, уәзіріне дән риза болып, кешірімін береді.

Берген қол алушыдан жоғары тұрады. Ал алушы берушіге дұғада болатындықтан, сізде садақа беріңіз, өзгелерде Алладан сіздің тілеуіңізді тілесін.

Арыстан МҰХАМЕДКӘРІМ,

 «Қажымұқан Мұңайтпасов»   мешітінің наиб имамы.