Сағыз ауылында бала тәрбиесі тақырыбында кең көлемді жиын өтті

Сағыз ауылындағы «Шұғыла» мәдениет үйінде бала тәрбиесіне арналған келелі жиын өтті. Шараға ауылдық округ әкімі, жергілікті полиция өкілдері, мектеп директорлары, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен психологтар қатысты.

Кездесудің мақсаты — жасөспірімдердің тәрбиесіне ата-ана, мектеп және қоғам тарапынан бірлескен қолдау көрсетудің маңызын арттыру болды.

Жиын барысында «Абдолла хазірет» мешітінің имамы Нұрмұхаммад Шахасанұлы сөз сөйлеп, баланың рухани тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігіне тоқталды.

«Бүгінгі бала — ертеңгі елдің иесі. Сол себепті оның ортасы, қоршаған ортаның ықпалы мен әлеуметтік желіні дұрыс пайдалану мәдениеті — тәрбиенің басты бөлігі. Имандылық — тәрбиенің ең жоғарғы шыңы. Егер баланың жүрегіне иман дәні егілсе, ол жамандықтан бойын аулақ ұстап, адалдық пен ізгілік жолында өседі. Балаға ең үлкен мұра — байлық емес, иман мен жақсы мінез. Сондықтан әр ата-ана баласына дұрыстықты өз ісімен көрсетуі керек», — деді имам.

Кездесу соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, ауыл жастарын тәрбиелеуде бірлесіп жұмыс істеудің маңызын атап өтті.