САҒЫЗ АУЫЛЫНДА ҚҰРБАН ШАЛЫНЫП, ҚҰРАН ОҚЫТЫЛДЫ

Сағызда ауылдың тыныштығы мен берекесі, бірлігі мен ынтымағы үшін құрбан шалынып, «Абдолла хазірет» мешітінде Құран оқылып, дұға жасалды.

Игі шараға ауыл әкімі Асхат Арыстанов, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сағынов Серікқали, ауыл имамы Нұрмұхаммед Шахасанұлы және ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысып, көпшілік ел амандығы мен жұрт тыныштығын тілеп, бата жасады. Шара барысында бірлік пен татулықтың маңызы айтылып, жас ұрпақты ізгілікке, имандылыққа тәрбиелеу жайы сөз болды.

Жиналған жамағат осындай игі амалдардың ауыл арасындағы ауызбіршілікті нығайтып, рухани байланысты арттыратынын атап өтті. Құрбандық шалынып, берілген асқа жиналған жұрт ризашылықтарын білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.