Семейде жаңа мешіт ашылды

Семей қаласында «Тана мырза» мешіті ашылып, халық қуанышқа кенелді. Игі іс-шараға ортақтасқан ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы барша Абай жұртын жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, ізгі ниетін жеткізді.

«Жаратушы Раббымыз Құранда «Шын мәнінде, мешіттер Алланікі», – деп айтқан. Иісі мұсылман қауым мешіттерді «Алланың үйі» деп қастерлейтіні сондықтан. Өйткені мұнда жұрт Жаратқан Иемізге құлшылық-ғибадат жасап, жүрек тыныштығын табады. Ақыретіне сауап жинайды.

Республикамыздың әр түкпіріндегі мыңдаған мешітте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкерлері, имамдар жақсылыққа, ізгілікке, мейірімге, адалдыққа шақырып, үздіксіз уағыз-насихат айтып келеді.

Яғни, Алла үйінде айтылатын насихаттың қоғамды тәрбиелеуге, түзетуге маңызы зор. Мешіттеріміздің жанындағы медреселер мен сауат ашу курстары жылына мыңдаған шәкіртті ілім-білім нәрімен сусындатады.

Сонымен қатар, азан шақырып, сәбиге ат қою, жас жұбайлардың некесін қию, дүние салған кісінің жаназын шығарып, ақтық сапарға шығарып салу, марқұмдарға Құран бағыштау, дұға ету тәрізді дүниелер де мешіттерде атқарылады.

Бұдан бөлек, жабыққанға жігер беру, сүрінгенді сүйеу, адасқанға жол көрсету, мұқтаждарға жәрдемдесу тәрізді істер де Алла үйінде жүзеге асатыны ақиқат.

Жастарымыздың жат діни ағымдарға еріп кетпеуі үшін дәстүрлі дінімізді дәріптеу еліміздің біртұтастығы мен ынтымағына орасан ықпал ететінін сөзсіз. Міне, қоғамдағы мешіттің рөлі, орны осыншалықты биік.

​Бүгін, мінекей, тағы бір мешіт ашылып, жамағат игілігіне пайдалануға беріліп отыр. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 18-аятында:


​إِنَّمَا يَعْمُرُ مَسَاجِدَ اللَّهِ مَنْ آمَنَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ وَأَقَامَ الصَّلاةَ وَآتَى الزَّكَاةَ وَلَمْ يَخْشَ إِلاَّ اللَّهَ فَعَسَى أُوْلَئِكَ أَن يَكُونُواْ مِنَ الْمُهْتَدِينَ


​«Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға иман келтіріп, ақырет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кісі тұрғызады. Міне, солардың тура жол табушылардан болулары үміт етіледі», – деп айтқан.

Сондықтан осы мешітті салуға атсалысқан барлық азаматқа Жаратушы разы болсын, Алланың нұры жаусын» деді өз сөзінде Бас мүфти.

Айта кетейік Тана мырза мешіті Семей қаласындағы 17-мешіт боп тіркелді. Құлшылық үйі кәсіпкерлер мен жергілікті халықтың қолдауымен салынды.

2 қабаттан тұратын Алла үйінің жоғарғы қабатында ерлерге арналған негізгі намаз оқу залы, әйелдерге арналған намаз оқу бөлмесі және имам бөлмесі орналасқан.

Ал, астыңғы қабатында қосымша намаз оқу бөлмесі және дәретхана бар. Мешіттің сыйымдылығы 400 адамға арналған.
Бұл мешітке Тана мырза бабамыздың есімінің берілуінің де астарында үлкен мән бар.

Тана мырза Тілемісұлы 19 ғасырда қазақ халқы үшін өте үлкен ағартушылық қызмет атқарып, өзі билік жүргізген елде суармалы жерлерге егін ектірген, елді өнер-білімге баулып, мешіт салдырған, мектептер ашқан. Тана мырза салдырған елдегі алғашқы білім ордасы «Ақ мектептің» орны әлі күнге дейін бар.
Тана мырза бабамыз Ертіс өзеніне таяу жердегі Көкпектіде мешіт салдырып, мешіттің ашылу тойына бел құдасы Құнанбай қажы Өскенбайұлын да шақырған. Сол тойға Құнанбай Абайды ертіп барды деген де деректер бар. Жаңа мешітке Тана мырза бабамыздың ұрпақтары өз үлесін қосқан.