Соңғы жылдары Қазақстанда да, әлемде де жастар арасында жаңа бір қауіп төндіретін зиянды әдет белең алып барады. Ол – снюс деп аталатын ауызға салынатын темекі ұнтағы. Көрген көзге кішкентай қалташа, дәмі жалбыз не жеміс сияқты, бірақ ішкі дүниесі – тұтас бір удың қоймасы.
Швецияда пайда болған снюс – ұнтақталған темекі жапырағына әртүрлі химиялық қоспалар қосып дайындалатын өнім. Оны тіс пен ерін арасына салып қояды, түтін шығармайды. Бір қарағанда зияны аз сияқты көрінуі мүмкін, бірақ медицина бұл пікірді мүлдем жоққа шығарады.
Денсаулыққа қауіп төндіретін у
Снюс құрамындағы никотин мөлшері кейбір темекі түрінен 2–3 есе артық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, никотин – күшті тәуелділік тудыратын улы зат. Ол қан қысымын көтереді, жүрек соғысын жиілетеді, жүйке жүйесін әлсіретеді.
Дәрігерлердің айтуынша, снюс:
• ауыз қуысының шырышты қабатын күйдіреді;
• қызыл иекті зақымдап, тісті түсіреді;
• ауыз, өңеш және асқазан қатерлі ісігінің қаупін арттырады;
• асқазан жарасы мен гастритті асқындырады;
• жүйке жүйесінде тәуелділік дамытады.
2023 жылы Норвегияда жүргізілген зерттеу нәтижесінде, снюс қолданушылардың 28%-ында ауыз қуысы жарасы, 15%-ында қызыл иек аурулары анықталған.
Жастарды арбайтын жасырын тұзақ
Снюс өндірушілері оны «түтінсіз», «қоршаған ортаға зиян келтірмейді» деп жарнамалайды. Бұл – маркетингтік айла. Хош иісті, түрлі-түсті қаптамалар жасөспірімдерді қызықтырады. Ал иіссіздігі оны мектепте, жұмыста, қоғамдық орында да қолдануға мүмкіндік береді. Нәтижесінде бұл әдет жасырын тарайды.
Исламдағы үкімі
Құранда:
«Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар»
(Бақара сүресі, 195-аят).
Пайғамбар ﷺ:
«Мас қылатын нәрсенің бәрі – харам» (Муслим, 2003).
Темекі мен снюс – тәнге де, жанға да зиян. Денсаулықты бұзады, ақша мен уақытты ысырап етеді. Сондықтан мұндай әдеттен бойды аулақ ұстау – әрбір мұсылманның міндеті.
Қоғамдық зияны
Снюс – жеке адамның емес, қоғамның да дерті. Тәуелді адам оқуын, жұмысын, отбасылық міндетін дұрыс атқара алмайды. Денсаулық сақтау жүйесіне түсетін шығын көбейеді, еңбек өнімділігі төмендейді.
Құтылу жолдары
1. Ниет қою – зиянды әдеттен арылу туралы берік шешім қабылдау.
2. Ортаны өзгерту – снюс қолданатын ортадан алшақтау.
3. Дене белсенділігі – спорт, серуен, пайдалы хобби.
4. Мамандар көмегі – дәрігер, психолог, тәуелділікті емдеу орталықтары.
5. Рухани мотивация – харамнан аулақ болу ниетін күшейту.
Қорытынды
Снюс – көзге көрінбейтін, бірақ денсаулықты іштен жейтін улы әдет. Кішкентай қалташа – үлкен қасіреттің бастауы.
Бүгін бір жас – снюсқа тәуелді болса, ертең тұтас бір ұрпақ оның зардабын көреді.
Сондықтан бұл әдетке қарсы ақпараттық күрес – қоғамның да, әр адамның да парызы.
Ержан Қағазғалиев «Сұлтан Бейбарыс» мешітінің бас имамы