Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының журналистерге арналған медиа форумы басталды.
Мүфтияттың аймақтардағы барлық өкілдіктерінің журналист мамандары қатысып жатқан республикалық медиа форумда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сөз сөйлеп, ақпарат саласының міндеттерін атады.
«Біз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, жыл басында биылғы 2022 жылды Діни басқарма аясында «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» депжариялаған болатынбыз. Осы бағытта жыл басынан бері бірнеше іс-шаралар өткіздік. Ақпан айында Талдықорған қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Бүгінгі жиында діни журналистиканың ақпарат айдынындағы орны, жаңа медианың жаңалықтары, шынайы ақпаратты анықтау тәсілдері, жалған діни ұрандардан сақтану жолдары секілді тақырыптар қозғалады. Сондықтан бүгінгі форум жалпы еліміздің ақпарат саласы үшін де, Діни басқарма қызметі үшін де маңызды, қажетті деп білемін. Форум мүфтияттың ақпарат саласындағы жұмысына серпін береді деп сенемін.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Аузынан бір сөз шықса болды, алдында бақылаушысы дайын» деген («Қаф» сүресі, 17-аят). Яғни адам жақсылықты да, жамандықты да сөйлеген сөзінен табады. Шынында, қазір кей адамдардың сөзден сүрініп жатқанын немесе керісінше бір ауыз сөзімен елдің ықыласына бөленіп жүргенін көріп жүрміз.
Қазақ халқы ежелден сөзді қастерлеген, «таяқтың еттен, сөздің сүйектен өтетінін», «басқа келетін он бәленің тоғызы тілден» екенін, «аңдамай сөйлегеннің ауырмай өлетінін» білген. Сондықтан да ұрпағын «кісіге қарап сөз алмауға», «сөзіне қарап кісіні алуға», яки тануға үндеген, сөздің парқын айыра білуге баулыған. Күні кешеге дейін қарттарымыз ойын бір мақалмен жеткізуге, ал көкірегі ояу жастарымыз оны аңғарып қана қоймай, түйсіне білуге тырысып келген болатын.
Біздің қазақта сөз өнерінің орны ерекше. Халқымыз сөзді киелі деп түсінген. Сондықтан балаларымыз «Тіземнен сүріндірсең де, тілімнен сүріндіре көрме» деп Құдайдан тілеп отыратын. «Ат жүйрігі айырады, тіл жүйрігі қайырады» деген мақалдың мазмұны «Кеткенді келтіріп, кемтігіңді толтыратын да тіл» дегенді аңғартпай ма? Ендеше халқымыздың тілді аса жоғары бағалағанын, сөзді құдіретті деп танығанын осындай қазыналы сөздерден анық аңғаруға болады.
Мұны неге айтып отырмыз? Сөз ұстаған, қаламның қасиетін ұғынған жандар дін тақырыбын қозғарда аса абай болуы керек. Себебі дін нәзік мәселе болғандықтан, бұл тақырыпқа асқан жауапкершілікпен қарау қажет. Өйткені адамның сенімі – оған қайрат беретін күш әрі пенденің ең әлсіз тұсы. Сондықтан біреудің сенімін қорлаудан артық қиянат жоқ.
Әрине ақпарат алаңында түрлі кереғар пікірлердің, пікірталастардың болып жататыны анық. Алайда сондай пікірталастардың адамның жеке басына тиісу, діни сенімін мансұқтау, абыройын төгу секілді бағыт алып кететінін байқап жүрміз. Бізді көркем пікірталастардың көрініс таппай жатқаны алаңдатады. Мұндай сәтте көркем пікірталас, сөз жауапкершілігі қажет. Себебі біз бұрыннан сөз жауапкершілігін түсінген халықпыз.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын): «Жақсы сөз сөйле немесе үндеме», – деген. Пайғамбардың осы өнегесі бар әрбір түйсікте жаңғырып тұрса дейміз. Алла Тағала «Хужурат» сүресінің 6-аятында: «Әй, мүміндер! Бұзық біреу хабар келтірсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер», – дейді.
Қазір кейбір кейбір пәтуасыз арналар мен сарыжағал сайттар мәселенің ақ-қарасын анықтамай, байыбына бармай, арсыздық әрекеттерін жұртқа жаңалық етіп жеткізетін болды. Алла Тағала жоғарыдағы аятта кез-келген жағымсыз хабарды елге жаймас бұрын, алдымен анықтап алуды бұйырды. Әйтпеген жағдайда елге кесірі тиіп, өкініш арқалайтынын ескертіп отыр.
Бұрын бабаларымыз ел ішін бүлдіретін жантүршігерлік сұмдық сойқандар мен қаражүрек қиянаттарды «мал құлағы саңырау» деп, тамыр алып, таралып кетуінен сақтанып, елге жаймайтын. Өкінішке қарай қазір адам құлағына ауыр естілетін, төбе шашыңды тік тұрғызатын жеккөрінішті һәм жиіркенішті істер арамшөптей қаулап өршіп бара жатқаны жаныңды ауыртады.
Біздің бабаларымыз дін мен дәстүрді даналықпен үйлестіріп, өнегелі өмір салтын қалыптастырды. Олар түрлі арсыздықтан тыйып, адамның арын сақтауға аса қатты мән берді. Бабаларымыздың «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дегені, хәкім Абайдың адам баласына «Пайда ойлама – ар ойла» деп ұран тастауы тегін емес. Себебі қазақ халқы ардан безген адамды тексізге теліп, оған қатаң әрі ауыр жаза қолданған. Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза» деуі соны білдірсе керек.
Біз қазір ашық ақпараттық қоғамда өмір сүріп отырмыз. Ақпарат құралы – өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Мейлі қалаңыз, мейлі қаламаңыз, бәрібір ақпаратты еріксіз түрде тұтынамыз немесе оны таратамыз. Әсіресе әлеуметтік желілерде, интернет порталдарында қоғамдық деңгейде көтерілген мәселелер мемлекет тарапынан тиісті шешімдердің қабылдануына ықпал етуде.
Өткен ғасырдың басында жарыққа шыққан «Қазақ», «Айқап», «Қазақстан», «Ақ жол», «Ұран», «Ұшқын» секілді газет-журналдар халықты ағарту ісіне үлкен үлес қосса, бүгінде «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Түркістан», «Ана тілі», «Алматы ақшамы», «Астана ақшамы», «Жас Алаш», «Жас қазақ» секілді басылымдар қазіргі дәуірдің үнпарағына айналып, көкейкесті мәселелерді көтеріп келе жатқаны көңіл қуантады.
Қазақстан мұсылмандары дін басқармасына қарасты «Иман» журналы, «Мұнара» газеті, «Мұнара» телеарнасы, muftyat.kz сайты, басқа да сайттарымыз бен әлеуметтік желілердегі парақшаларымыз еліміздегі дін мәселесін байыпты насихаттап келеді. Ақпарат құралдарының мойнындағы жүк жеңіл емес, аманаты ауыр. Сондықтан осы форумға жиналып отырған барша қалам ұстаған қауымға ерен еңбегі үшін алғыс айтқым келеді. Баршаңызға Алла разы болсын!
Сөз соңында қалам ұстаған қауымға айтарым, қоғамға ізгілікті, қайырымдылықты, адамгершілік құндылықты көбірек насихаттайық! Себебі келешек үшін бәріміз жауаптымыз. Болашақ ұрпақ алдындағы, Отан алдындағы жауапкершілікті шынайы сезінсек, шынайы ақпарат таратуға тырысайық» деп атап өтті Бас мүфти.
Еске сала кетелік, медиа форумға «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп, «Айқын» газетінің бас редакторы Амангелді Құрметұлы, «Túrkistan» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай және белгілі тележурналист, танымал диктор Зейін Әліпбек қатысып, ой-пікірлерімен бөлісуде.