Сопылық таным – жүрек тәрбиесі

Адам жаратылысының ең терең құпиясы – оның жүрек әлемі. Заман алмасып, қоғам дамыған сайын сыртқы білім мен техникалық ілгерілеудің деңгейі артқанымен, адамның ішкі әлемін тануға деген қажеттілік кеміген жоқ. Осы тұрғыдан келгенде, ғасырлар қойнауынан жеткен сопылық ілім – рух пен жүрек тәрбиесінің көне де кемел мектебі ретінде бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ

Сопылық – ислам дінінің ішкі, терең танымына негізделген рухани ілім. Ол адамның ішкі әлемін, рухани кемелденуін, нәпсіні тазартып, жүректі (қалб) Аллаға жақындатуды мақсат етеді. Сопылар үшін сыртқы ғибадаттан бұрын ішкі тазару, ниеттің ақтығы, махаббатпен құлшылық ету маңызды. Олар Алланы тек сөзбен емес, жүрекпен тануды – «мағрифатулла» жолын ұстанған. Сопылықтағы негізгі ұғымдардың бірі – «жүрек тәрбиесі». Сопылар жүректі – ақиқаттың айнасы, Алланың нұры қонатын мекен деп таныған. Сондықтан да жүректі тазартып, нәпсіні тәрбиелеу арқылы адам өзінің шынайы болмысын аша алады.

Сопылықта «кәміл адам» болу – жүректің толық тазарған сәтімен тікелей байланысты. Бұл – «инсан әл-камил» ұғымымен аталады. Мұндай адам шындықты көре алады, шынайы махаббат пен әділетке ұмтылады.

Қазақ руханиятында сопылықтың ізі терең. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз – түркілік сопылық жолының негізін қалаушы. Оның «Диуани Хикмет» атты еңбегі жүрек тәрбиесінің, рухани кемелденудің шынайы мектебі болды. Онда адам баласының нәпсімен күресі, тақуалыққа ұмтылуы, Аллаға деген махаббаты жыр жолдарымен өрілген. Кейінгі дәуірлерде Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларында да сопылық сарын анық байқалады. Абайдың: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті…» – деген жолдары жүрекпен тануға, ішкі рухани көзбен көруге үндейді. Бүгінгі таңда адамзат түрлі дағдарысты – экологиялық, рухани, моральдық дағдарысты бастан кешіп жатыр. Жан күйзелісі, жалғыздық, мағынасыздық секілді рухани проблемалар көбейді. Осындай кезде сопылықтың жүрек тәрбиесі туралы ілімі – адамды ішкі тұтастыққа, сабырға, махаббатқа шақырады. Материализмге қарсы рухани тепе-теңдік береді;

Жас ұрпаққа құндылықтарды үйретеді;

         Төзімділік пен мейірімділікке баулиды.

Сопылық – діни фанатизм емес, керісінше, рухани кеңдік пен ішкі кемелдік жолы. Сопылық таным – бұл тарихта қалған көне ілім емес, бүгін де жүрекке бағыт көрсететін рухани компас. Жүрек тәрбиесі – адам болмысының ең асыл сапасын оятуға мүмкіндік береді. Қазақтың даналығы мен руханияты осы сопылықтан нәр алған. Сондықтан бүгінгі ұрпаққа жүрек көзін ашып, ішкі тазалыққа ұмтылу – тек өткенімен байланыс емес, болашаққа апарар ізгі жол.

Нұркен Мағриденұлы