Әр кезеңде, әр дәуірде діни, пәлсапалық және ғылыми еңбектерді халық жақсы түсіну үшін оны ғалымдар қарапайым тілмен кеңінен тарқатып түсіндіруі керек.
Себебі, ондай көтерер жүгі ауыр кітаптарды арнайы маманданған ғалымдар болмаса, кез келген адам түсіне бермейді. Онда қарапайым адам байқай бермейтін нәзік мәселелер болады. Ал адамзатқа тура жол нұсқайтын иләһи кітаптарға ерекше ден қоюымыз қажет.
Оның ішіндегі ең соңғы боп түскен Құран Кәрімнің жөні бөлек. Құран тұтас адамзатқа түскендіктен және оның қияметке дейінгі уақытта өзіндік арқалайтын миссиясы болғандықтан мұны әр кезеңге сай түсіндіріп беретін тәпсір секілді дүниенің болуы заңдылық. Адамзатқа ортақ принциптер мен кесек үкімдер қамтылған Құран секілді кітапты әр дәуір мен континентке сай ашып түсіндіру қажет-ақ.
Олай дейтініміз Құранда басым көпшілік аяттар кез келген адам түсіне алатындай анық, ашық жазылған. Ал кейбір аяттар бірнеше мағына шығаруға болатындай, әр ғасырға сай әртүрлі үкім алуға болатындай кең мағынада. Ал кей аяттар кез келген адам түсіне бермейтіндей ауыр, терең мәселелерді қозғаған. Оның астарындағы хикметі мен түпкі мәнін ашу үшін тәпсір қажет болады. Мұндай тәпсірді арнайы маманданған ғалымдар жасайды. Себебі, ондағы діни ақиқаттар ғылыми өлшемдермен, логикалық принциптермен түсіндіруге келе бермейді.
Егер де бұл ақиқаттар ғылыми өлшемдермен ұғыныла беретін болса, онда діннің уахидан бастау алатын иләһи ерекшелігіне қажеттілік те болмас еді. Сондықтан діни мәтіндерге, сонымен қатар өзге де ғылыми еңбектерге тәпсір қажет. Араб қоғамында ғасырлардан бері қалыптасып қалған жабайы салттарды жойып, өркениетті қоғам құрудың алғы шарттарын жасаған Құран кәрімге тәпсір жазу табиғи қажеттілік.
Футухат кезеңінде араб түбегінен тысқары шыға бастаған арабтардың қолында Құраннан басқа ешқандай кітап жоқ еді. Соны оқып, одан үкім алатын. Олар Құранның сөз саптау стилі мен шешендік тәсіліне қайран қалатын, таң-тамаша боп құшырлана оқитын. Себебі, олар бұған дейін сиқыршылардың әңгімелері мен ақын-шайырлардың өлеңдерінен өзге нәрсені көрмеген.
Ал Құран әңгіме де, өлең де емес еді. Онда арабтар бұрын-соңды білмеген тәсіл мен шешендік бар. Ең басты ерекшелігі Құран аяттарында оқыған адамға ғибрат беретін шырын сөз бар.
Олардың ең басты мақсаты Құранды түсіну болды. Сол заманнан бері исі мұсылман Құранды өзінің мына дүниесі мен ақыретін қатысты істерде, тіпті күнделікті тіршілігінде шамшырақ етеді.
Жоғарыда біз Құранның ғылыми не пәлсапалық кітап еместігін, оның иләһи кітап екендігін баса айттық.
Бұл кітапты бізге ең жақсы түсіндіріп берген адам ол – Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) болатын. Ол кісі Құран тәпсірінің өзегі. Себебі, Құран сол кісіге түскен. Сондықтан да Құранды ол кісіден жақсы білетін адам жоқ. Ол Құранды бізге жеткізуші (тәблиғ), баяндаушы (тәбиин) тұлға. Әзіреті Пайғамбар өзіне уахи етілген нәрселерді адамдарға жеткізуге міндеттелген. Уахиды адамдарға жеткізу (тәблиғ) пайғамбарлықтың негіздерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда Құранда әзіреті Мұхаммедке де, өзге пайғамбарларға да тәблиғ жасауды бұйыратын аяттар баршылық. Біз соның бірнешеуін келтіре кетейік:
يَا أَيُّهَا الرَّسُولُ بَلِّغْ مَا أُنْزِلَ إِلَيْكَ مِنْ رَبِّكَ وَإِنْ لَمْ تَفْعَلْ فَمَا بَلَّغْتَ رِسَالَتَهُ وَاللَّهُ يَعْصِمُكَ مِنَ النَّاسِ
«Уа, елшім! Раббыңнан өзіңе түскенді баршаға жеткіз. Егер мұны істемесең, елшілік міндетіңді тиісінше атқармаған боласың» («Маида» сүресі, 67-аят.). Міне, мұнда тәблиғтің пайғамбарлық міндеттің негізі екені, пайғамбар да осы іске бекітілгені баяндалып тұр. Пайғамбардың таблиғ ететін дүниесін өзі жақсы білетіндігі белгілі. Осы тұрғыдан қарағанда Құранның тәпсірі деген кезде ойға ең алғаш әзіреті Пайғамбар келетіні анық. Құран кәрім бізге өзге пайғамбарлардың да осы міндетке жегілгенін баяндайды. Мысалы әзірет Нұх аләйһиссалам өзінің қауымына былай деп үн қатты:
أُبَلِّغُكُمْ رِسَالَاتِ رَبِّي وَأَنَا لَكُمْ نَاصِحٌ أَمِينٌ
«Мен сендерге Раббымның қасиетті жолдауларын жеткіземін, сендерге жақсылық қана ойлайтын сенімді насихатшымын» («Ағраф» сүресі, 68-аят.). Әзіреті Салих аләһиссалам да қауымынан бет бұрып бара жатып, оларға:
فَتَوَلَّىٰ عَنْهُمْ وَقَالَ يَا قَوْمِ لَقَدْ أَبْلَغْتُكُمْ رِسَالَةَ رَبِّي وَنَصَحْتُ لَكُمْ وَلَٰكِن لَّا تُحِبُّونَ النَّاصِحِينَ
«Осынау ғаламат оқиғадан кейін Салих оларды тастап кетіп бара жатып: «Уа, қауымым! Расында, мен сендерге (бар болғаны) Раббымның хақ үндеуін жеткіздім һәм тек жақсылық ойлап, насихат айттым. Алайда сендер өздеріңе насихат айтушыларды жақтырмайтын едіңдер», – деп айтты» («Ағраф» сүресі, 79-аят.)
Пайғамбардың уахиды баяндауға (тәбиин) міндетті екендігіне қатысты мына аятты келтіруге болады:
وَأَنزَلْنَا إِلَيْكَ الذِّكْرَ لِتُبَيِّنَ لِلنَّاسِ مَا نُزِّلَ إِلَيْهِمْ وَلَعَلَّهُمْ يَتَفَكَّرُونَ
«(Уа, Мұхаммед!) Саған осынау Зікірді (Құранды) адамдарға түсірілген (ақиқаттарды, иләһи үкімдерді, уағдалар мен ескертулерді) ашып түсіндіруің үшін түсірдік. Бәлкім олар шындап әрі жүйелі түрде ойланар» («Нахыл» сүресі, 44-аят.),
وَمَا أَرْسَلْنَا مِن رَّسُولٍ إِلَّا بِلِسَانِ قَوْمِهِ لِيُبَيِّنَ لَهُمْ
«Біз әр пайғамбарды қауымына ақиқатты ашып түсіндірсін деп, тек өз қауымының тілінде сөйлейтін етіп жібердік» («Ибраһим» сүресі, 4-аят). Міне, бұл аяттарға қараған адам исламның белгілі бір ұлттың яки қауымның діні еместігін, керісінше тұтас адамзатты қамтитын әлемдік дін екендігін оңай аңғарады.
Құранды ойлы күймен көп оқуды үгіт қылатын аяттар жетерлік. Сонымен қатар Құраннан алыс болуды, оқымауды айыптайтын аяттар да бар. Сондықтан өмірін реттеймін, ақыретімді бүтіндеймін деген мұсылман Құранға жиі жүгінуі керек. Иә, Құранды кез келген адам ашып оқығанда түсінбей қалатын тұстары болуы мүмкін.
Бірақ бір нәрсені білуіміз керек. Құранның басым көпшілік аяттары жалпы жұртқа түсінікті. Егер түсінікті болмаса оның қияметке дейін мұғжиза болуында мән қалмас еді. Дегенмен, бір қарағанда мағынасы бұлыңғыр, қосалқы астарлы мағыналары бар аяттар ба баршылық. Жалпы жұртқа түсінікті аяттардың өзі қандай ситуацияда, қандай мәселеге жауап ретінде түскенін білуіміз керек. Міне, сол үшін тәпсір деген дүниеге қажеттілік бар.
«Алланың сөзі үшін ең жақсы тәпсір ол Алланың сөзі» деген жақсы сөз бар. Құран ілімдерінде Құранды тәпсірлеудің бірқатар тәсілдері бар екені айтылады. Соның ең алғашқысы – Құранды Құранмен тәпсірлеу. Яғни, мағынасы күңгірттеу болып тұрған бір аятты екінші бір аят ашып түсіндіреді. Бір аят қандайда бір мәселені жалпылама шолып өтсе, екінші бір аят келіп детальдарға тоқталады. Ғылымда мұны мүжмәл (күңгірт, бұлыңғыр) аят, мубәййән (айқын, ашық) аят деп атайды.
Пайғамбар заманындағы тәпсір
Пайғамбарға келген уахидың тірі куәгерлері – сахабаларға көп жағдайда Құран аяттары түсінікті болатын. Себебі, уахидың қандай жағдайда, не үшін түсіп жатқаны олар үшін белгілі еді. Дегенмен иләһи хикметі терең немесе ешқандай детальсыз жалпылама айтылған кей аяттарды түсінуде қиналған сахабалар пайғамбардың өзінен тікелей сұрап алатын.
Мәселен, Алла тағала Құранда намаз, ораза, қажылық, зекет секілді құлшылықтарды парыз етті. Бірақ оның қалай атқарылатынын, шарттарын, мөлшерін, оған кедергі болатын дүниелерді түсіндіріп, көрсетіп беруді пайғамбарға қалдырған. Сонымен қатар мал бауыздау, неке, талақ т.б. секілді бірқатар әлеуметтік-тұрмыстық істердің жай-жапсарын да пайғамбар түсіндіріп берген.
Пайғамбарымыз Құранның қанша бөлігін яки қанша аятты тәпсірлеп кетті деген сұраққа жауап беруде ғалымдардың пікірі екіге жарылған. Бір топ ғалымдар пайғамбар Құранның кейбір аяттарын ғана тәпсірлеп кеткен десе, екінші бір топ ғалымдар толық тәпсірлеп кеткен деп есептейді.
Имам Ғазали, имам Суюти секілді ғалымдар бастаған бірінші топтағы ғалымдардың дәлелі:
1. Әзірет Пайғамбар Құранды тұтас тәпсірлеп кеткен болса
أَفَلَا يَتَدَبَّرُونَ الْقُرْآنَ أَمْ عَلَىٰ قُلُوبٍ أَقْفَالُهَا «Олар осынау Құранға ой жүгіртпей ме?! Жоқ, әлде жүректерінде бірінің үстіне бірі салынған қат-қабат құлыптар бар ма?!» («Мұхаммед» сүресі, 24-аят) секілді Құранды түсініп оқуға шақыратын аяттардың мағынасы болмас еді.
2. Әзірет Айша (р.а.) анамыздан мынадай сөз жеткен: «Әзірет Пайғамбар Құранның Жебірейіл үйреткен белгілі аяттарын ғана тәпсірлеген» [1, І т. 21 б.]. Міне, бұл хабар пайғамбар белгілі бір аяттарға ғана тәпсір жасап кеткенін білдіреді.
3. Пайғамбар аләйһиссалам қандайда бір Құран аятына қатысты түсіндірме жасаған болса, бұл мағынасы бұлыңғыр, астарлы нұсқауы көп кейбір аяттарға ғана қатысты. Ал анық, ашық жазылған аяттарға пайғамбардың тәпсір жасауына ешқандай қажеттілік те жоқ.
4. Бүгінгі таңда біз қолымыздағы хадис жинақтарын зерттеп қарайтын болсақ, онда Құран тәпсіріне қатысты хадистердің саны өте аз екенін байқаймыз. Бұл пайғамбарымыздың Құранның белгілі бір бөлігін ғана тәпсірлегенін аңғартады.
5. Расулалла (саллалаһу аләйһи уә сәлләм) Құранның барлық аятын түсіндіріп кеткен болса, оның Ибн Аббасқа жасаған мына дұғасында ешқандай қисын болмай қалады: «Алла тағалам, оған дін мәселесінде терең түсінік беріп, тәуилді үйрете гөр». Оның бұл дұғасы өзінен кейін де Құранды өз заманына сай тәпсірлейтін адамдардың болуы қажеттігіне ишарат етсе керек.
6. Пайғамбарымыздың Құранды толыққанды тәпсірлеп кетпеуінің иләһи хикметі бар. Егер Құран пайғамбар тарапынан тұтастай тәпсірленген болса, одан кейін ешкімнің оны одан өзгеше тәпсірлеуге жүрегі дауаламай қалатын еді. Себебі, мұндай адам бейне бір Пайғамбардың түсіндірмесіне өзгеріс енгізіп, түзету жасағандай боп қалады.
Енді Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Құранды толық дерлік тәпсірлеп кетті деп есептейтін ғалымдардың келтірген уәжіне кезек берейік:
1. وَأَنزَلْنَا إِلَيْكَ الذِّكْرَ لِتُبَيِّنَ لِلنَّاسِ مَا نُزِّلَ إِلَيْهِمْ وَلَعَلَّهُمْ يَتَفَكَّرُونَ «(Біз ол пайғамбарларды) айқын дәлелдер (мұғжизалар) һәм өсиетке толы иләһи парақтар және кітаптармен жібердік. (Уа, Мұхаммед!): Саған да осынау Зікірді (Құранды) адамдарға түсірілген (ақиқаттарды, иләһи үкімдерді, уағдалар мен ескертулерді) ашып түсіндіруің үшін түсірдік. Бәлкім, олар шындап әрі жүйелі түрде ойланар» («Нахыл» сүресі, 44-аят) аяты әзіреті Пайғамбарға Құранды тәпсірлеу міндетін жүктейді. Әсіресе аяттағы «баян» сөзі Құранды тұтас қамтитын сөз. Соған сәйкес пайғамбарымыз Құранды толығымен тәпсірлеуі керек. Егер бұлай етпеген болса, өзіне жүктелген міндетті тиісінше атқармаған боп қалады. Әлбетте, пайғамбарымыз өз міндетін толық атқарды.
2. Сахабалардың мынадай сөздерін біз тарихи кітаптардан жиі оқимыз: «Біз Расулалладан он аят үйренсек, оның мағынасын толық ұғынып, амал етпейінше басқа аяттарды жаттауға кіріспейтін едік». Бұл риуаят пайғамбарымыздың әр аятты сахабаларға тәпсірлеп, түсіндіріп бергенін білдірсе керек. Демек, Құранды толықтай тәпсірлеп кетті.
3. Қандайда бір салада жазылған ғылыми еңбектің өзі түсіндірмеге мұқтаж болатын болса, адамзатқа дүние, ақыретте жол көрсететін Құранды толыққанды тәпсірлеу қажеттілік екені айтпаса да түсінікті.
Сахабалар кезеңіндегі тәпсір
Сахабалардың Құранға жасаған тәпсірі пайғамбардан кейін екінші орында тұрады. Себебі, сахабалардың басым бөлігі араб болғандықтан араб тілінің негіздері мен қағидаларын, арабтың салт-дәстүрін жақсы білетін. Бұған қоса жиырма үш жылдық Құран тарихының тірі куәгерлер болғандықтан, осы уақыт аралығындағы оқиғалардың жай-жапсарын да жақсы білген. Оның үстіне әр аят түскенде пайғамбардан ол туралы жан жақты мәлімет алып отырған.
Сахабалар жасаған тәпсірдің басты ерекшелігі мыналар:
1. Сахабалар Құранды аят-аятпен бастан аяқ тәпсірлемеген. Себебі, оларда Құранды толыққанды тәпсірлеу деген қажеттілік болмады.
2. Ахкам аяттарына үкім алмайтын.
3. Тәпсір бұл кезеңде толыққанды жазылмаған болатын.
4. Олар әр аяттың түсу себебін білетін. Себебі, аят түскендегі оқиғаларды жақсы білетін.
Нұрбол ҚАЛДЫБЕКОВ,
философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері, PhD докторант, исламтанушы.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ибн Жарир әт-Табари, Жамиғу әл-баян ән тәуил әәил-Қуран. – Каир: «Дару Һажар». – І том
2. Құран кәрім қазақша түсіндірмелі аударма, / ауд. Асқар Әкімханов, Нұрлан Анарбаев. – Алматы: Нұр-Мүбарак баспасы, 2019. – 624 бет.