Адам баласы нәпсілік иірімдерге жеңіліп, иманының күш-қуатын жоғалтқан кезінде күнәлі істер істеуге қарай бейімделе түседі.
Сонымен қатар, ар-ұжданындағы ахлақи демеулер азайған сайын терең ойлау қабілеті мен рухани байлықтары да жоғала бастайды. Осының нәтижесінде күнәлі істер сиқырлы әуен секілді нәпсіні өзіне баурап алып, ақыреттегі жауапкершілікті сездірместен, жасала береді.
Негізінде, адам баласы дүние есігін күнәдән пәк, тап-таза күйінде ашады. Ал, дін – оның жаратылыс тазалығын, пәктігін сақтау үшін адам баласына тарту еткен Аллаһ Тағаланың мейірімінің көрінісі. Сол себептен, адам баласы жаратылысындағы тазалықты сақтап, дінінің рухани күшінен нәсіп ала отырып, ғапылдықтан сақтанатын болса ғана пенделікпен қандай да бір күнә істеп қойғанында оның ауырлығын ар-ұжданымен сезінеді. Сондай-ақ, оны ішкі жан-дүниесінде жасырын тұрған ізгі сезімдері мазалап, ояна бастайды. Өзегін өкініштің оты өртеп, көз жасын төккен күйде шын жүрегімен Раббысына бет бұрады. Міне, осы жүректегі өкініш пен көздегі жас «тәубе» болып табылады. Артынша мағфирет (кешірім) тілеу үшін жүрек жарды жалбарынулар «истиғфар» деп аталады.
Күнәлар – жәннаттың кіреберіс есігіне қойылған бөгеттер. Ал салих амалдармен қуаттандырылған және шын көңілмен қылынған тәубелер болса, жәһәннамнан сақтану жолдарының бірі.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде былай деген:
«Адам баласы бір күнә істегенде жүрегіне қара дақ түсіріледі. Егер ол күнәні тәрк етіп, Аллаһтан кешірім сұрап, тәубе қылса жүрегі тазарады. Ал бұлай істемей, күнә істеуді одан ары жалғастыра беретін болса, қара дақтар көбейе түседі, соңында бүткіл жүрегін қара дақ басып қалады. Аллаһ Тағала:
«Жоқ! Шындығында істеген күнәларының себебінен олардың жүректерін тот басып қалған» (әл-Мутаффифин, 14) дей отырып, осыны меңзеген». (Тирмизи, Тәпсір, 83/3334)
Келесі бір хадис шәріпте:
«Ең үлкен дерт – күнәнің дерті. Ал оның дәрісі түн ортасында тұрып истиғфар тілеу« делінген.[1]
Пенделікпен қандай да бір күнә істеп қойған жағдайда дереу тәубе қылып және истиғфар тілеп Аллаһқа бет бұру керек. Өйткені, Аллаһ Тағала риза болған тақуа құлдарын былай деп дәріптеген:
«Олар күнә істеп немесе өз-өздеріне зұлымдық жасап қойғандарында Аллаһты естеріне алады да, істеген күнәләрі үшін дереу тәубе қылып, истиғфар етеді. Күнәларды Аллаһтан басқа кім кешіреді?! Сондай-ақ, олар күнәні біліп тұрып қайталап істеуге ұмтылмайды». (әл-Имран. 135)
«Ол тақуа құлдар түнде аз ұйықтайды, сәресі уақыттарында үнемі истиғфар етеді». (әз-Зарият, 17-18)
Аллаһ Тағала көптеген аятта тәубе қылған құлдарды кешіретінін білдірген. Тіпті, шынайы (насух) тәубе қылып, өзіне бет бұрған құлдардың күнәләрін сауапқа айналдыратынын да айтқан. Осы жайында мына аятта:
«Бірақ, тәубе қылып, иман келтірген және салих амал істегендер мұның тысында. Аллаһ олардың күнәларын сауапқа айналдырады. Аллаһ өте кешірімді, аса мейірімді» (әл-Фурқан, 70) делінген.
Сүйікті Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді:
«Аллаһ Тағала күндіз күнә істеген кісінің тәубесін қабыл алу үшін түнде қолын ашады. Түнде күнә істеген кісінің тәубесін қабыл алу үшін күндіз қолын ашады. Осы әрекет күн батқан жерінен шыққанша, яғни қияметке дейін осылай жалғаса береді». (Мүслим, Тәубе, 31)
Алайда, тәубенің қабыл болуы үшін шынайылық пен ықыластың маңыздылығы өте зор. Әрдайым тәубесінде тұрмай, оны жиі бұзып тұратын кісі шайтанның масқарасына айналады. Ұлы Аллаһ бұл жайында былай деп бұйырған:
«…Біліп қойыңдар! Алланың уәдесі – күмәнсіз ақиқат. Абай болыңдар, мына дүние өмірі сендерді алдамасын. Сондай-ақ, шайтан сендерді Аллаһтың кешіретініне сендіріп, алдап жүрмесін!”. (Лұқман, 33)
Келесі бір тұрғыдан алғанда, тәубе мен истиғфар – бұ дүниеде де, ақыретте де азаптан құтылудың бірден-бір жолы. Бұл жайында Аллаһтың елшісі саллаллаһу алейһи уә сәлләм бір хадисінде былай дейді:
«Аллаһ Тағала (мына аят арқылы) үмметім үшін азаптан аман қалудың екі жолын берді:
- Сен олардың арасында жүргенше Аллаһ оларға азап жібермейді.
- Олар истиғфар етуді жалғастырғанша Аллаһ оларды азаптамайды. (әл-Әнфал, 33)
Мен олардың арасынан кеткенімде (Аллаһтың азабынан құтқаратын екінші жолды) истиғфарды қияметке дейін үмметімнің жанында қалдырамын». (Тирмизи, Тәпсір, 8/3082)
Тәубе мен истиғфар – құлды Аллаһқа жақындататын ең әсерлі жолдардың бірі. Аллаһқа бет бұруда және жүректің рухани дәрежеге жетуінде өзіндік маңызы бар истиғфар да рухани кірлерден тазаланудың бірден-бір жолы. Қабыл болған тәубе құл мен Раббысы арасындағы бөгеттерді бұзып, Аллаһтың сүйіспеншілігіне бөлейді. Бұл жайында Аллаһ Тағала былай бұйырады:
«Күмәнсіз, Аллаһ көп тәубе қылушылар мен көп тазаланушыларды жақсы көреді». (әл-Бақара, 222)
Сүйікті Пайғамбарымыз Раббымыздың құлдары тәубе қылғанда қалай қуанатындығын түсінідіру үшін мынадай бір мысал келтіреді:
«Шөл далада келе жатып азығы мен сусыны үстінде қалып қойған түйесін қашырып алып, қанша іздегенімен таба алмай шаршаған және оны іздеуден үмітін үзіп бір ағаштың көлеңкесінде жатқанында қасынан шыға келген түйесін көріп, жүгеніне жабысып, қуанғаны соншалық айтатын сөздерін шатастырып:
» – Аллаһым! Сен менің құлымсың, мен Сенің Раббыңмын» деген кісінің қуанығанынан Аллаһ Тағаланың сендерден біріңнің тәубе қылғанда қуанғаны қаншама есе артық.
Аллаһтың елшісі (с.а.у) келесі бір хадисінде истиғрафтың пайдалары турасында былай деп баяндайды:
«Кімде-кім истиғфарды аузынан тастамаса, оған Аллаһ Тағала кез-келген тығырықтан шығу, әртүрлі қайғыдан құтылу жолдарын көрсетеді және оған күтпеген жерден ризық береді.» (Әбу Дауыт, Үтір, 26/1518; Ибн Маже, Әдеп, 57)
Ал жоғарыда айтылған тәубе мен истиғфар болса, аталмыш мәселеге бетбұрудың қақпасы секілді. Бұл қақпадан кіргеннен соң міндетті түрде салих амалдар істеу керек. Парыз, уәжіп және сүннет амалдарды өз орнымен орындаумен қатар, құл ақысы мен ата-ана ақысына абай болу, Аллаһ разылығы үшін қайырымдылық жасау, бүткіл махлұқатқа мейірімділік көрсету және кешірімшіл болу сияқты жақсы қасиеттерді бойға сіңіру қажет.
Әлемнің мақтанышы саллаллаһу алейһи уә сәлләм былай деп бұйырған:
«Ей адамдар! Аллаһқа тәубе қылып, Одан кешірім тілеңдер! Өйткені, мен Оған күнде жүз мәрте тәубе қыламын». (Мүслим, Зикр, 42)
Аллаһ елшісінің бұрынғы және келешектегі бүткіл күнәлары кешірілгеніне қарамастан, әрдайым тәубе қылып, истиғфар етуі Аллаһ Тағаланың өзіне берген нығметтеріне қылған шүкірі әрі үмметіне көрсетіп кеткен бір тағылымы еді.
Әрбір құлдың ең маңызды міндетінің әрдайым Аллаһты зікір қылып, Оған ғибадат қылу екендігін жақсы білетін Пайғамбарымыз Раббысына көп құлшылық жасайтын, әрі бос уақыттарын тәубе қылып, истиғфар етумен өткізетін. Сондай-ақ ол үмметінің атынан да тәубе қылып, истиғфар ететін.
Ибн Омар радияллаһу анһ былай дейді:
«Біз Расулүллаһтың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір отырғанда жүз мәрте:
رَبِّ اغْفِرْ لِي وَتُبْ عَلَيَّ إنَّكَ أَنْتَ التَّوَّابُ الرَّحِيمُ
«Аллаһым! Мені кешір және тәубемді қабыл ете гөр! Өйткені, Сен тәубелерді көп қабыл етушісің әрі өте рақымдысың» деп айтқанын санайтын едік». (Әбу Дауыт, Үтір, 26/1516; Тирмизи, Дағауат, 38/3434)
Аллаһтың елшісінің қылған тәубелері мен истиғфарлары істеген бір қателігі үшін емес, керісінше Аллаһ Тағалаға көбірек жақын болу және Оның разылығына бөлену үшін еді. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз өткен әрбір сәт сайын рухани тұрғыдан жоғарлау үстінде болғандықтан, біраз уақыт бұрынғы хал-жағдайы мен дәрежесі үшін истиғфар ететін.
Тәубе мен истиғфарды артынша салих амалдар жасап қуаттандыру қажет. Ибн Омар радияллаһу анһ былай дейді:
«Бір кісі Расулүллаһқа саллаллаһу алейһи уә сәлләм келіп:
«-Мен үлкен күнә істеп қойдым, соған тәубе етсем болады ма?» деді.
Аллаһтың елшісі одан:
«-Анаң тірі ме?» деп сұрады.
Сахаба:
«-Жоқ, тірі емес» деп жауап берді.
«-Анаңның әпке-сіңлісі бар ма?» деп сұрады.
Сахаба:
«-Иә, бар» деді. Әлемнің мақтанышы Пайғамбарымыз:
» – Олай болса, соған жақсылық жаса. Анаңның әпке-сіңлісі ана орнында болады» деді. (Тирмизи, Бирр, 6; Ахмед, ІІ, 13-14)
Бұл жерде сүйікті Пайғамбарымыз істеген күнәсына өкініп, Аллаһтан кешірім сұрап, истиғфар еткен сахабаға қылған тәубесін салих амалдармен қуаттандыруын өсиет етуде. Істелген жақсылықтардың жамандықтарға кәффарат болып, оларды жойып жіберетіндігін білдірген.
Аллаһ Тағала тәубе қылып, истиғфар еткен құлын әртүрлі қиындықтардан құтқарады, әрі оған көптеген жақсылықтар нәсіп етеді. Бір күні Хасан Басриге төрт кісі келіп, бірі құрғақшылықты, екіншісі кедейшілікті, келесісі егіс алқабының құнарсыздығын, тағы бірі баласының болмағанын айтып шағымданады. Олар Хз. Хасан Басриден өздеріне дұға қылып, жәрдем етуін өтінді. Хасан Басри оларға көп истиғфар етулерін өсиет етті. Ол кісінің жанындағылар:
« -Мырзам! Бұл төртеуінің дерті әртүрлі, бірақ сіз барлығына бірдей нәрсені өсиет еттіңіз?!» деді. Хазіреті Хасан Басри оларға мына аят кәриманы оқи отырып, жауап берді:
«Раббыларыңнан мағфирет (кешірім) тілеңдер. Өйткені, Ол өте кешірімді. (Тілеген мағфиреттерің арқылы) Көктен мол жаңбыр жаудырып, малдарың мен бал-шағаларыңды көбейтсін! Сендерге бақшалар нәсіп етіп, әрі сендер үшін өзендер ағызсын!» (Нұх, 10-12) (Ибн Хажар, Фатхул-Бари, XI, 98; Айний, Умдатул-Қарий, Бейрут XXII, 277-278)
Шайтанның азғыруына еріп, тәубе қылуды кешіктіру ысырап қылудың ең үлкені болып саналатын «өмірді ысрап ету» деген сөз. Ақылды мүминдер тәубе қылуға асығулары және өздерін ақтық демге дайындаулары керек.
Риуаятта бір тігінші салих бір кісіге:
«-Расулүллаһ саллаллаһу алейһи уә сәлләмнің: «Аллаһ Тағала құлының тәубесін жаны алқымына келгенше қабыл алады» (Тирмизи, Дағауат, 98/3537) деген хадис шәріпі жайында не айтасыз?» деп сұрады. Әлгі салих кісі:
«-Иә, бұл дұрыс. Ал, өзіңнің кәсібің не?» деп сұрады. Ол:
«-Тігіншімін, киім тігемін» деп жауап берді.
«-Тігіншілікте ең оңай нәрсе не?» деді. Ол:
«-Қайшымен матаны кесу» деді.
«-Бұл істі істеп жүргеніңе неше жыл болды?» деді. Ол:
«-Отыз жыл болды» деп жауап берді.
«-Жаның алқымыңа тығылғанда мата кесе аласың ба?» деп сұрады. Ол:
«-Жоқ, кесе алмаймын» деді. Салих кісі оған:
«-Ей тігінші! Біраз уақыт тер төгіп үйреніп, сосын отыз жыл бойы оп-оңай істеп жүрген ісіңді жан алқымға келгенде істей алмасаң, өміріңде ешқашан қылып көрмеген тәубені сол кезде қалай қылмақсың? Бүгін күш-қуатың барда тәубе қылуға асық! Әйтпесе, ақтық деміңде истиғфар ету, хуснул-хатим, яғни иманмен жан тапсыру нәсіп болмауы да мүмкін. Сен осы уақытқа дейін: «Өлім келмей тұрып, тәубе қылуға асығыңдар!» (Мүнауи, V, 65) деген сөзді естімедің бе?» деді.
Осыдан кейін әлгі тігінші шынайы ықыласпен тәубе қылып, салих құлдардың қатарына қосылды.
Бұл турасында, Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләм адамдардың қалай өмір сүрсе солай өлетіндігін, қалай өлсе солай тірілетіндігін айтқан.[2]
Қысқасы, қателік істемейтін, кемшіліксіз пенде жоқ. Дегенмен де, адам баласы тәубе мен истиғфарын аузынан тастамауы әрі ниетін салих амалдармен сүйемелдеп, қуаттандырып отыруы қажет. Истиғфар мен салих амалдар – Аллаһ Тағалаға құл болу міндеттерінің бірі. Аят кәримәда былай делінген:
«Ей адамдар! Алланың уәдесі – ақиқат. Абай болыңдар, мына дүние өмірі сендерді алдамасын. Сондай-ақ, шайтан да сендерді Аллаһтың кешіретініне сендіріп, алдап жүрмесін!”. (Фатыр, 5)
Нәпсі мен шайтанға алданып, тәубе қылуды өмірдің соңына қалдыру – қайғымен бітетін ең үлкен қателік. Олай болса, тәубе қылу мен истиғфар етуге асыққанымыз және оларды салих амалдармен қуаттандырып тура жолдан таймағанымыз жөн. Бұл жағдай, құлды басқа келетін пәле мен апаттардан сақтаумен қатар, Аллаһтың нығметтері мен жақсылықтарына да кенелтеді.
Өсімхан ТІЛЕУОВ,
Атырау қаласы «Әт-Тақуа» мешітінің имамы,
РАНТ мүшесі.
[1]. Дәйләми, әл-Фирдаус би-Мәсүрил-Хитаб, Бейрут, 1986, І, 136.
[2]. Мүслим, Жәннат, 83; Мүнауи, V, 663.