Қазақ тіліндегі тәубе сөзі араб тіліндегі «تَوْبَةٌ» (тәубатун) сөзінен туындаған. Тілдік мағынасы: өкіну, жөнделу.
Шарғи мағынасы: күнә істегеніне өкіну, күнәдан қайту. Тәубеге келудің бірнеше шарты бар. Біріншіден, күнәдан қайту, яғни тыйылу. Екіншіден, күнә істегеніне шын жүректен өкіну. Үшіншіден, күнәні қайта істемеу. Осы үш шартты орындамаған адам толық тәубесіне келген болып есептелмейді. Біреудің хұқығына зиян тиген жағдайда тәубеге келуші келтірген зиянын өтеп беруге тиіс. Мысалы, ұрлаған ақшаны қайтарып беру. Бұл тәубеге келудің төртінші шарты.
“Аллаһ Тағаланың ең жақсы көретін пендесі – күнә істегеніне шын жүректен өкініп, тәубесіне келген пенде. Күнәдан қайтып тәубесіне келген пенде күнәсі жоқ пенде тәрізді”.
“Көп күнә істеп күнәларың жер мен аспанның арасын толтырса да, шын жүректен тәубелеріңе келіп, істегендеріңе өкінсеңдер, Аллаһ Тағала тәубелеріңді қабыл етеді”.
“Күн батыстан шыққанға дейін (яғни, Қиямет күні басталғанға дейін) Аллаһ Тағала күндіз күнә істеген пенде тәубесіне келсін деп түнде алақанын жаяды (яғни, тәубесін қабыл етеді), ал түнде күнә істеген пенде тәубесіне келсін деп күндіз алақанын жаяды (яғни, тәубесін қабыл етеді).”
“Аллаһ Тағала Күн батыстан шықпай тұрып тәубесіне келген пенденің тәубесін қабыл етеді.”
“Егер адам баласының екі алқап малы болса, ол онымен қанағат етпей үш алқап малы болуын қалайды. Адам баласының қарынын тек топырақ толтырады (яғни, ашкөздігі өлім келумен тоқтайды). Ал, Аллаһ Тағала тәубеге келгендердің (яғни, дүниеқоңыздық және басқа айыпты қылықтардан қайтқандардың) тәубесін қабыл етеді.”
Хадисте адамның дүниеқоңыздығы айыпталуда.
“Күнәнің жуылуы – шын жүректен өкіну”.
“Сендерден бұрын өмір сүргендердің арасында тоқсан тоғыз адамды өлтірген кісі өлтіргіш болды. Бір күні ол адамдардан ең білгір ғалым жайында сұрағанда, олар бір монахқа сілтеді. Ол монахқа барып тоқсан тоғыз адамды өлтіргенін айтып, тәубесіне келсе күнәлары кешіріледі ме деп сұрады.
Монах “жоқ” деп жауап берді. Сонда кісі өлтіргіш оны да өлтіріп, өлтірген адамның саны жүзге толды.
Осыдан соң ол адамдардан тағыда ең білгір ғалым жайында сұрады. Адамдар тағы бір ғалымға сілтеді. Ғалымның алдына барып ол жүз адамды өлтіргенін айтып, тәубесіне келсе күнәлары кешіріле ме деп сұрағанында, ғалым: “Иә, кешіріледі. Күнә істеушінің тәубесіне келуіне кім кедергі бола алады? Сен пәленше жерге бар. Ол жерде жалғыз Аллаһ Тағалаға құлшылық ететіндер бар. Солармен бірге сен де Аллаһ Тағалаға құлшылық ет. Өз еліңе қайтып барушы болма, себебі ол жамандық мекендеген орын”,–деп жауап берді.
Күнә істеуші тәубесіне келіп, ғалымның айтқан жағына қарай бет алды. Алайда, ол жол ортасына жеткенде жан тапсырды. Сол уақытта ол үшін рахмет және азап періштелері таласа бастады. Рахмет періштелері: “Ол тәубесіне келіп, жүрегін Жаратушысына қаратқан күйде келе жатты” десе, азап періштелері: “Ақиқатына келер болсақ, ол өмірінде ешбір жақсылық істемеді”,–деп жатты. Сол уақытта олардың алдына адам бейнесінде бір періште келді. Періштелер оны араларындағы тартысты шешіп беру үшін қазы етті.
Адам бейнесіндегі періште оларға: “Екі жердің арасын өлшеңдер. Қай жағына жақын болса, сол жақтың періштелеріне бұйырсын”,–деді. Періштелер екі жақтың арасын өлшегенде жүз адамды өлтіріп, тәубесіне келген адам бара жатқан жеріне жақын екені анықталады. Сөйтіп, оны рахмет періштелері алып кетеді.
Күмән жоқ, Аллаһ Тағала күнә істегеніне өкінген пенденің тәубесін, оның жаны алқымынан шықпастан бұрын қабыл етеді.
Жайлыбек КЕНЖЕАЛИЕВ,
Сарайшық селолық мұсылмандар мешітінің имамы.