Сұрақ: Су болмаған жағдайда топырақпен дәрет алып, намаз оқи беруге болады дейді. Толығырақ мағлұмат берсеңіз? (Қайыргелді)
Жауап: Шариғатта топыраққа дәрет алуды тәйәммум деп атайды. Оның діндегі терминдік мағынасы «алақанды таза топыраққа тигізіп, кейін онымен жүзіңді және екі қолдың шынтағына дейін сүрту».
Фиқһ ғалымдары тәйәммумға су болмаған кезде немесе дәрет не ғұсыл алуға жететіндей судың болмауы, суға баратын жолда қауіп-қатердің болуы, судың бір мильден (1848 м.) алыс жерде болуы, я болмаса денеге су тигізуге дәрігерлер тыйым салған жағдайларда ғана рұқсат берген.
Яғни, мұндай жағдайда тәйәммум дәреттің орнына жүріп, намаз оқи беруге болады. Өйткені тәйәммум жөнінде Құран, сүннетте келумен қатар фиқһ ғалымдарының бірауыздан келіскен пікірлері бұлтартпайтын дәлелдер болып саналады.
Құрандағы дәлелі мынау:
– «…Егер науқас немесе жолаушы болсаңдар, не дәретке отырсаңдар, яки, әйелдерге жақындасқаннан кейін су таба алмаған жағдайда таза жерге (тәйәммум соғып) жүздеріңді, қолдарыңды сипаңдар» десе, бұл жөнінде Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с):
«Жер бетінің кез-келген бөлігі біз үшін құлшылық ету орны ретінде берілген. Ал топырағы болса, тазалаушы» деген.