Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы елордада Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің VII съезі аясында Түрікменстанның Бас мүфтиі Ялкап Ходжагулыевпен кездесті.
Басқосуда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің дінаралық достықты арттырудағы рөлі, түркі мемлекеттерінің рухани бірлігін, ортақ діни сенімін, салт дәстүрін және ортақ мұраларын дәріптеу мәселесі талқыланды. Сонымен қатар Матуриди сенім мектебі мен Әбу Ханифа мәзһабын халыққа дәріптеу, діни оқу-ағарту салаларын дамыту мәселесі сөз болды.
Түрікменстанның Бас мүфтиі Ялкап Ходжагулыев елордада өтіп жатқан халықаралық жиынға шақырту жіберген ұйымдастыру комитетіне айрықша алғысын білдірді.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының түркі мемлекеттерінің «Мүфтилер алқасын» құру туралы бастамасының маңыздылығын ерекше атап өтті. Кездесу соңында тараптар екі ел арасындағы рухани байланысты арттыруға уағдаласты.