Түркістан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «ИСЛАМ ЖӘНЕ ДӘСТҮР ҚҰНДЫЛЫҒЫ» тақырыбында республикалық конференция өтті.
Алқалы жиынға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Бәкіров, Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров, профессор Досай Кенжетай, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, академик Саттар Мәжитов, белгілі ақын, республикалық «Дәстүр» журналының директоры Қасымхан Бегманов, этнограф Досымбек Қатран, Қ.А.Ясауи атындағы университет ректоры Жанар Темірбекова қатысып өз ойларын ортаға салып баяндама жасады.
Қонақтар конференцияға дейін ұлттық дәстүріміз дәріптелген қойылымды тамашалап, Бас мүфти сәбидің тұсауын кесіп, көне кітаптарға арналған көрмені аралады. Кейін жылдың алғашқы іс-шарасы қасиетті Құран аяттарымен басталып, Діни басқарманың 2023 жылы атқарған ауқымды жұмысын баяндайтын бейнеролик көрсетілді. Алғаш сөз алған ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы «Дін мен дәстүр құндылығы» жылының маңызына тоқталып, салт-дәстүріміздің тәрбиелік рөлін атап өтті.
«Біз «Алты жыл аш болсаң да атаңның салтын ұмытпа» деген қағиданы берік ұстанған ұлтпыз. Біз қазіргі әлемдік сын-қатерді ескере келе, діни қызмет аясында 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жарияладық. Өздеріңіздің қатысуларыңызбен алғашқы жиынымызды жақсы ниетпен әулиелер мен хан-сұлтандарымыздың мәңгілік мекені болған рухани астанамыз – Түркістан шәрінде өткізіп отырмыз. Алла Тағала жиынымызды нәтижелі еткей. «Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» деген қанатты сөздің мәнін күн санап түсініп келеміз. Шариғатымыз халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптарға ешқашан тыйым салмаған. Ғұрыппен әмір ету – дініміз рұқсат берген істің бірі. Бұған қатысты Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 199-аятында: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет…» деген.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исламға дейін әдет-ғұрыптан пайда болған, яғни өмірдің өзі туғызған шариғат негіздеріне қайшы келмейтін дәстүрге тыйым салмады. Өкінішке қарай, соңғы кездері нақты діни білім алмаған кейбір жас буын өкілдері дәстүрге қарсы шығып, халықтың ашуына тиюде. Халқымыз қастер тұтқан, жаугершілік заманда батырларды Отанды қорғауға үндеген, жиын-тойларда жұртты ізгілікке шақырған төл аспабымыз – домбыра ешқашан жамандықтың құралы болмаған.
Үлкендерге сәлем салып, ізет көрсетудің көркем үлгісін паш еткен келіндеріміз дуалы ауыз қариялардың ақ батасын алуға тырысқан. Бұл – Аллаға серік қосу емес, үлкен құрметтің белгісі. Сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан тәрбиелік мәні зор ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығару – үлкен қателік. Құран мен хадистің негізгі мұрат-мақсатын ұғынбаған кейбір жастар астарлы мағынадағы аяттарды тікелей түсініп, қателікке бой алдыруда. Әрине, мұндай сәттерде имамдарымыз қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Дегенмен, тентегін тезге салып отыратын ақсақалдардың орны ерекше деп атар едім.
Бабалар ұстанған сара жолды жалғастыру біздің басты міндетіміз болып қала береді. Ардақты Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың алдында жаман», – деген екен. Ендеше, дін мен дәстүр үндестігін сақтау – сіз бен бізге жүктелген үлкен міндет. Бұл екі асыл қазынамызды қадір тұтсақ, тарихымыз бен мәдениетімізді ұлықтаған, ата-бабалар қалдырған ұлы аманатты сақтаған боламыз. Баршаңызды осынау ортақ аманатты бірге орындауға шақырамын. Алла Тағала біздерді асыл дінімізді берік ұстап, салтымызды сақтаған, дәстүрін құрметтеген ұрпақтан болуын нәсіп еткей» деді Бас мүфти.
Сонымен қатар республикалық конференцияда баяндамашы ғалымдар дін мен дәстүр, қазақ фольклорындағы дәстүр, зайырлы білім алу, ұмыт болған ұлттық қазына тақырыптарында ойларын жеткізді.