Түркістанда «Қожа Ахмет Ясауи» атындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институты ашылды. Салтанатты рәсімге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлы арнайы қатысты.
Игі шара қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, ҚМДБ Төрағасы ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасап, жаңа бастамаға береке тіледі.
«Бұл оқу орнының Түркістан қаласында ашылып отырғаны – үлкен рухани мәнге ие. Себебі бұл жерде кезінде «Хилует» мешіті орналасып, Түркістан жұрты жұма және бес уақыт намазын осы қасиетті мекенде оқып келген. Енді, міне, сол рухани сабақтастық жалғасын тауып, бұл орын имам-молдалардың білімін тереңдетіп, біліктілігін арттыратын ордаға айналмақ.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ендеше, әр елден бір топ адам қалып, діни ілімдерді терең меңгеріп, жорыққа аттанғандар қайтып оралғанда жат қылықтардан, күнә атаулыдан аулақ жүруі үшін оларды ескертуі керек емес пе?» – дейді («Тәубе» сүресі, 122-аят).
Осы ұлы өсиеттерді басшылыққа ала отырып, еліміздегі дін қызметкерлерінің білімін жүйелі түрде жетілдіру мақсатында бұл институт ашылып отыр.
«Қожа Ахмет Ясауи» атындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының директоры болып менің бұйрығыммен Қасымбеков Жүсіпбек Айдарбекұлы тағайындалды. Институттың негізгі мақсаты – Түркістан облысы мен көршілес өңірлерде қызмет атқарып жүрген имамдардың діни білімін арттыру, кәсіби біліктілігін жетілдіру», – деді Бас мүфти.
Сондай-ақ институттың ашылу рәсімінде ақсақалдар арнайы сөз сөйлеп, игі бастамаға табыс пен береке тіледі. Бұдан кейін салтанатты рәсім өтіп, шараға қатысушылар институт жұмысымен танысты.
Айта кетейік, аталған оқу орнында жергілікті дін саласының ғалымдары мен тәжірибелі, білікті ұстаздар дәріс береді. Мұнда Құран Кәрім, Құран ілімі мен түсіндірмесі, хадис және хадистану әдістемесі, фиқһ пен ақида ілімдері, шешендік өнер, дін психологиясы сынды маңызды пәндер оқытылмақ.





