Ислам өркениетінде уақып – жай ғана садақа емес, қоғамның әлеуметтік, рухани және экономикалық тірегіне айналған жүйе. Ол ғасырлар бойы мешіттерді, медреселерді, ғылым мен қайырымдылықты тұрақты түрде қамтамасыз етіп отырған. Бұл институт мұсылман әлемінде ғана емес, қазақ қоғамында да терең тамыр жайған. Өкінішке қарай, уақыт өте келе бұл игі дәстүр ұмыт қала бастады. Бүгін уақыпты қайта жандандыру – өткенді жаңғырту ғана емес, болашаққа бағытталған нақты қадам.
Көпшілік уақыпты араб немесе османдық тәжірибемен ғана байланыстырады. Алайда XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы қазақ даласындағы діни өмір уақыпсыз елестету мүмкін емес. Сыр бойы мен Түркістан өңірінде салынған мешіттер мен медреселердің көпшілігі уақып арқылы жұмыс істеген. Архив деректерінде мешітке тиесілі егіндік жерлер, мал басы және сауда нысандары болғаны айтылады. Сол уақыптан түскен табыс имам мен молдалардың күнкөрісіне, шәкірттердің асы мен киіміне, мешіттің жөндеу жұмыстарына жұмсалған. Бұл мешіттердің жамағатқа ауыртпалық салмай, өздігінен қызмет етуіне мүмкіндік берген.
XIX–XX ғасырдың басында Бұқара, Самарқанд, Ташкент медреселерінде білім алған қазақ жастарына арнайы уақыптар тағайындалған. Ауқатты байлар мен ел ағалары медреселерге ақша, саудадан түсетін үлес, кей жағдайда жылжымайтын мүлік қалдырып отырған. Осы уақыптар арқылы қазақ шәкірттері тегін оқып, елге оралып, имам, ұстаз, ахун қызметін атқарған. Бұл – уақыптың ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттырудағы рөлін көрсетеді.
Уәли ханның жары Айғаным ханымның қызметі қазақ қоғамындағы уақыптың жарқын үлгісі саналады. XIX ғасырда Көкшетау өңірінде мешіт пен медресе салдырып, оған арнайы жер мен малды уақып етіп бекіткен. Соның нәтижесінде медресе үздіксіз жұмыс істеген, балалар тегін білім алған, ұстаздар тұрақты қамтамасыз етілген. Бұл – уақып ісіне қазақ әйелдерінің де белсенді араласқанын дәлелдейді.
Бөкей ордасында Жәңгір хан мешіт, мектеп және медреселердің дамуына ерекше мән берген. Кей деректерде діни қызметкерлерге тұрақты қаржы көздері қарастырылғаны айтылады. Бұл классикалық уақып қағидаларына сай келетін тәжірибе еді. Яғни дін қызметі жекелеген адамдарға емес, жүйелі қаржыландыруға бағытталды.
Қазақ қоғамында «мына мал мешіттікі», «бұдан түскен пайда жетім-жесірге» деген ауызша келісімдер кең тараған. Құжат жүзінде рәсімделмесе де, шариғат тұрғысынан бұл – уақыптың қарапайым әрі шынайы түрі болатын. Мұндай мал сатылмайды, мұраға қалдырылмайды, тек қоғам игілігіне жұмсалады. Бұл қазақ қоғамындағы сенім мен жауапкершіліктің жоғары болғанын көрсетеді.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін уақып институты толықтай жойылды. Мешіттер жабылып, уақып мүлкі мемлекет меншігіне өтті. Соның салдарынан ұрпақ санасында уақып ұғымы көмескіленіп, қоғамдағы жүйелі қайырымдылық тоқырауға ұшырады.
Қазіргі таңда уақып мешіттерді тұрақты қаржыландыруға, әлеуметтік әлсіз топтарға жүйелі көмек көрсетуге, діни білім мен рухани жобаларды дамытуға қызмет ете алады. Бұл – бір реттік садақадан әлдеқайда тиімді әрі ұзақ мерзімді сауап.
Уақып – қазақ қоғамы үшін бөтен ұғым емес. Ол – бабаларымыздан қалған рухани мұра, әлеуметтік жауапкершіліктің биік үлгісі. Бүгін сол игі дәстүрді заңды, ашық және жүйелі түрде қайта жандандыру – адал қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Ажок Сәрсекеев
«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы


