Ғайбат дегеніміз «адамның сыртынан сөз айту» дегенді білдіреді. Құран Кәрімде мұсылмандардың бір-бірінің сырттарынан ғайбат сөз айтып, бір-бірлерін мазақ қылуға қатаң тыйым салынған.
Ғайбат, өсек айту өлген бауырының етін жегендей үлкен күнә болып саналады. Алла Тағала былай дейді: «Ей, иман келтіргендер! Бір адамдар басқа бір адамдарды келемеждемесін! Бәлкім, олар өздерінен артық шығар. Әйелдер де басқа әйелдерді келемеждемесін! Бәлкім, олар өздерінен артық шығар.
Бір-бірлеріңді ренжітпеңдер һәм бір-бірлеріңе лақап тақпаңдар. Иманнан кейін пасық есім қандай жаман?! Ал кімде-кім тәубе етпесе, олар залымдар. Уа, иман келтіргендер! Түрлі долбарлы ойлардан сақтаныңдар! Шындығында ойлардың кейбірі күнә. Бір-бірлдеріңді аңдыспаңдар, бір-бірлеріңнің сырттарыңнан ғайбат сөз айтпаңдар! Әлде сендердің біреулеріңе өлген бауырының етін жеу ұнай ма? Сендер оны ұнатпайсыңдар. Алладан қорқыңдар! Шындығында Алла тәубені қабыл алушы һәм өте мейірімді»-деген. (Хужурат, 11, 12 аятында).
Ал Пайғамбарымыз ғайбаттың не екенін ұқтыру үшін айналасындағылардан: «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?» деп сұрайды. Олар «Алла пен Оның елшісі жақсы біледі» деп сөзді өз аузына салады. Сонда Пайғамбарымыз: «Араларыңыздағы біреуіңіздің ұнамайтын сөздермен өз бауыры жайлы сыртынан айтуы» дегенде: «Егер ол айтқандарымыз оның бойында бар болса, бұл да ғайбат бола ма?» – дейді бір кісі топ ішінен.
Сол кезде жамандықты жан дүниесімен жақтырмайтын аса сезімтал Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Егер айтқандарың оның бойында расында бар болса, онда оны ғайбаттаған боласың, егер ол сипаттар онда жоқ болса, онда оған жала жапқан боласың», – деп қалай болғанда да тілді ғайбаттан сақтау керектігін ұқтырған болатын.
Демек, ғайбат – ғайбатталған адам сол жерде болып, өзі жайлы айтылғандарды құлағымен естісе ренжитіндей сыртынан айтылған сөздер. Егер ол айтқандары дұрыс болған күннің өзінде, ол – ғайбат болып саналады. Ал егер айтылған нәрселер оның бойында болмаса – әрі ғайбат, әрі жала болып, күнә үстіне күнә жамалмақ. Адамның сыртынан, ол жоқ кезде жаман сөз айту өте үлкен күнәлардың қатарына жатады. Оны айтқан адам ақыретке азапқа тартылады.
Әнес ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Миғражға шығарылғанымда қолдарында мыс тырнақтары бар, оларымен беттері мен кеуделерін тырнап жатқан адамдардың қасынан өттім. Сонда мен: «Уа, Жебірейіл! Мыналар кімдер?» – деп сұрадым. Ол: «Бұлар адамдардың ар-намыстарына тиіп, олардың етін жегендер», – деді». Ахмет пен Әбу Дәуіт риуаят еткен.
Исламда ғайбаттың, сөз тасып, жала жауып өсек айтудың датталу себебі, қоғамдық өмірдегі бірлік пен берекетті, адамдар арасындағы жылылықты жоятындығында жатыр. Тән жарасынан гөрі жан жарасының жазылуы қиын.
Пайғамбарымыз: «Ғайбат зинадан да ауыр күнә» деген кезінде қасындағылар «Қалайша, уа, Расулаллаһ?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Кісі зина жасайды, сосын тәуба етеді, Алла оны кешіреді. Ғайбат жасаушы жамандаған адамы кешірмейінше кешірілмейді», – дейді.
Сондықтан адамның жүрегін жаралап, рухына дақ салатын ғайбат кісінің жеке құқығына қол сұғуға жататындықтан, оны тек қана ғайбатталған адам ғана кешіре алады. Құл ақысын Алла тағала емес, тек құлдың өзі кешіреді. Пайғамбарымыз сондықтан кісінің бүкіл жақсы амалдарын тып-типыл ететін ғайбат сөзден әркез сақ болуды ескертеді.
«Құлақтан кірген суық сөз, көңілге барып мұз болар» демекші, біреудің сыртынан айтылған сөздер жүрегімізге жара салып жаман сезімнің, өшпенділіктің тууына жол ашады.
Қайсыбір мұсылманның Алла тағаланың құзырына өз бауырына деген жағымсыз не ренішті оймен аттануы, әрине, жақсылықтың нышаны емес. Сондықтан да адамзатқа ұстаз етіп жіберілген Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ешкім сахабаларым жайлы жанға жағымсыз сөз айтпасын. Өйткені, мен алдарыңа ішімде ешқандай жаман сезімсіз шыққым келеді», – деген. Әрине, Пайғамбарымыздың осындай даналық тұжырымдары – біздер үшін де үлгі.
Раббымыз бізді рас сөз сөйлеп, өсек-ғайбаттан аузына алмайтын шынайы мүміндерден қылсын! Өлі адамның етін жеумен тең болатын үлкен күнәдан – ғайбаттан сақтасын!
Алмат ҚАРТАБАЕВ,
«Мақат аудандық» мешітінің наиб имамы.