ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов жұмыс сапарымен Атырау облысына келіп, өңірдің рухани-ағартушылық бағыттағы қызметімен танысты. Сапар аясында ол Иманғали орталық мешітінде болып, мешіттің жалпы тыныс-тіршілігімен, өңір имамдарының жұмыс барысымен жан-жақты танысты.
Кездесу барысында облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы ҚМДБ бекіткен негізгі жұмыс бағыттары бойынша Атырау облысы имамдары жүйелі түрде қызмет атқарып келе жатқанын атап өтті. Ол соның ішінде діни-ағартушылық, қайырымдылық, ақпараттық-насихат, қоғаммен байланыс, жат ағымнан сақтандыру жастар тәрбиесі және медиа бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады. Бас имам өңірдегі діни тұрақтылықты сақтау мен дұрыс діни түсінікті қалыптастыру жолында имамдардың қоғаммен етене байланыста еңбек етіп жүргенін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар Болатбек Ұласқанұлы мешіттер мен имамдардың қызметі Атырау облыстық Дін істері басқармасымен тығыз байланыста, бірлесе жүзеге асырылып отырғанын жеткізді. Ол мемлекеттік құрылымдар мен діни қызметкерлер арасындағы үйлесімді әріптестіктің өңірдегі рухани тәрбие мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға оң ықпал жасап отырғанын айтты.
Өз кезегінде соңында вице-министр ұжымға ризашылығын білдіріп, мешіттің қоғамдық-рухани өмірдегі орны ерекше екенін атап өтіп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.





