Конфессияаралық және дінаралық халықаралық орталығының бас сарапшысы Талғат Жақияновпен сұхбат
– Талғат мырза, биыл Елордада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің басты ерекшеліктеріне тоқталсаңыз.
– Бұл жолғы съезд тәуелсіз Қазақстанның бейбітшілік пен келісім жолындағы ұстанымын тағы да әлемге паш етті. Негізгі ерекшелігі – қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында діни көшбасшылардың ортақ үнін қалыптастыруға басымдық берілді. Климаттың өзгеруі, әлеуметтік әділетсіздік, жастардың тәрбиесі, соғыс ошақтарының көбеюі – бәрі де талқыланды.
– Съезд барысында қандай негізгі шешімдер қабылданды?
– Ең бастысы – діндер арасындағы диалогтың дамуына жол ашатын декларация қабылданды. Бұл құжат тек қана діни мәселелерді емес, сонымен қатар қоғамдағы бейбіт өмірді сақтау, адам құқығы мен қадір-қасиетін қорғау сияқты жаһандық құндылықтарды қамтиды. Сонымен қатар, жас ұрпаққа діни толеранттылықты насихаттау бағытында ұсыныстар жасалды.
– Қазақстан үшін мұндай съездің маңызы неде?
– Қазақстан – көпұлтты, көпконфессиялы ел. Сондықтан елордамыздың осындай форумдарға тұрақты алаңға айналуы – біздің сыртқы саясаттағы беделімізді арттырады әрі ішкі тұрақтылықты нығайтады. Әлемдік деңгейдегі діни көшбасшылардың елімізге келуі – Қазақстанның бейбітшілік бастамаларына сенім білдіруінің айғағы.
– Жастар үшін бұл съезден алар тағылым қандай болмақ?
– Жастарымыз ең алдымен төзімділік пен бейбіт қатар өмір сүрудің құндылығын түсінуі тиіс. Дін – адамды ізгілікке, жақсылыққа бастайды. Съезд осыны дәлелдеп берді. Әртүрлі дін өкілдерінің ортақ мәмілеге келуі – келешек ұрпаққа үлгі.
– Әңгімеңізге рақмет!