Жалған куәлік беру – үлкен күнә

Жалған куәлік беру – сотта адамның саналы түрде өтірік айтуы, сонысымен басқа адамдардың құқығын бұзуы, басқа адамның пайдасына бола біреуді құқығының жартысынан айыруы. Сондықтан да жалған куәлік беру үлкен күнәларға жатады.

Алла Тағала былай айтқан:

وَلَا تَكْتُمُوا الشَّهَادَةَ ۚ وَمَن يَكْتُمْهَا فَإِنَّهُ آثِمٌ قَلْبُهُ ۗ وَاللَّـهُ بِمَا تَعْمَلُونَ عَلِيمٌ


«Кәулікті (көргендеріңді) жасырмаңдар. Кім оны жасырса жүрегі күнәкар болады. Алла не істегендеріңді толық біледі» (Қасиетті Құран, 2:283).

Бұл күнәнің ауырлығы жөнінде Әбу Бакраттан (оған Алла разы болсын) келген хадис айқын айғақ: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үш рет айтқан: «Сендерге ең үлкен күнәлар туралы айтайын ба?» Бұны ол үш рет қайталап, сосын былай айтқан: «Шірк, ата-ананы сорлату және жалған куәлік беру». Солай айтты да, ол бірнәрсеге сүйенді, содан соң отырды да осыны қайталауын тоқтатпады, «Уа, ол бұнысын тоқтатса ғой», – деп біз ойламағанша!»»(Бухари).

Қай уақытта жалған куәлік берулер мен басқа адамдардың құқықтарына қысым жасалу көп болған?!

Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жалған куәлік беруді шірк пен ата-ананы сорлатумен бір қатарға қоюыныңөзі – бұл күнәнің қауіпті екенін көрсетеді.

Бірде Омардың (Алла оған разы болсын) қасында бір кісі әлдебір дауға қатысты куәгер болған еді. Омар оған:

– Мен сені танымаймын, сені танитын біреу келсін, – деді. Жанында тұрғандардың біреуі:

– Мен оны танимын, – деді. Омар одан:

– Иә, танысаң айтшы, бұл қандай адам? – деп сұрады. Ол кісі:

– Жөні түзу, әділ кісі, – деп жауап берді. Омар (Алла оған разы болсын) қайта сұрады:

– Күндіз-түні не істеп, не қойғанын жақсы білетіндей көршің бе еді?

– Жоқ! – деп жауап берді әлгі кісі. Омар (Алла оған разы болсын):

– Кісінің қаншалықты Құдайдан қорқатын тақуа екендігі оның ел арасындағы іс-әрекет мен қылықтарынан белгілі. Бұл сауда-саттықпен айналысушы ма еді? – деп қайта сұрады.  Әлгі кісі бұған да:

– Жоқ, – деп жауап берді. Бұл жолы Омар (Алла оған разы болсын):

– Бұл кісінің мінез-құлқының жақсы-жаман екендігіне көз жеткізетіндей бірге сапарға шығып көріп пе едің? – деп тағы сұрады. Әлгі кісі бұл сұраққа да «Жоқ» деп жауап бергенде, Омар:

– Онда сен бұл кісіні танымайды екенсің, – деді де куәгерлік айтқан адамға қарап:

– Бар да, сені танитын біреуді ертіп кел! – деді.

Омар халифаның куәгерлікке арнайы осындай шарттар қоюы, куәгер адамның жалған айтуынан сақтанғанын шегелеп айтқан.

Нұрлан ЖАРҚЫМБАЕВ,

«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің наиб имамы.