Жалпыұлттық аза тұту күні бүкіл ел бойынша бір минуттық үнсіздік жарияланады

  amin.kz/ 12 шілде, 2020 жыл. 13 шілдеде сағат 00.01 – де ​ ел бойынша мемлекеттік органдардың, сондай-ақ дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарында мемлекеттік Ту түсіріледі.


​ Елорда ​ уақытымен 13 шілде күні сағат 12.00-де республикалық телеарналар эфирінде Мемлекет басшысының қатысуымен бір минуттық үнсіздіктің тікелей көрсетілімі ұйымдастырылады.


Мемлекет басшысымен бір мезгілде Атырау облысының, сондай ақ, еліміздің барлық аймақтарының әкімдері әкімдік ғимараттарының алдындағы алаңға шығып, қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алады деп күтілуде. ​ Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың өкілдері, әскерилер, дәрігерлер қаза болған адамдарды құрметтеу мен еске алу белгісі ретінде киімдеріне қаралы таспа тағады.


Еске сала кетелік, 2020 жылғы 13 шілдені ел Президенті коронавирустық инфекциядан қаза тапқандар жөніндегі Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Ел тарихында Жалпыұлттық аза тұту түрлі (негізінен жергілікті техногендік сипаттағы) себептермен сегіз рет жарияланған еді. Бұл жолы қаралы дата коронавирустың әлемдік пандемиясы мен қазақстандық азаматтардың елеулі санының қаза болуы салдарынан жарияланып отыр.


Коронавирустық инфекция кезіндегі бұрын-соңды болмаған жағдай мен біздің отандастарымыздың қаза болуы пандемия құрбандарын еске алып қана қоймай, қатерлі инфекциямен күресте азаматтарымызға ортақтастық және бірлік сезімін ұялатады деп сенеміз.