Жұмысшы мамандықтар және Исламда адал еңбектің қадірі

Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы – еліміздегі еңбек адамдарына, қарапайым жұмысшыларға, қолымен нәпақа тауып жүрген мамандарға берілген зор құрмет. Бұл шешім — еңбекке негізделген қоғам қалыптастыруда маңызды қадам. Ислам дінінде де еңбек пен кәсіппен айналысу — адам баласының ең абзал әрекеттерінің бірі ретінде жоғары бағаланады. «Халал еңбек – құлшылықтың бір түрі» деген қағида мұсылман жұртына ертеден мәлім.

Ислам – тек рухани құндылықтарды ғана емес, дүниелік істерді де тәртіпке келтіретін дін. Құран мен сүннетте еңбек ету, адал кәсіп қылу, нәпақа табу – мұсылманның негізгі міндеттерінің бірі ретінде баяндалған. Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді:

«Ол – жерді сендерге игілік етіп жаратты. Онда жүріңдер, Алланың ризық-несібесін іздеңдер»
(Мүлк сүресі, 15-аят)

Бұл аят адамның тынымсыз ізденіспен, адал еңбегімен ризық табуы Алланың әмірі екенін көрсетеді. Адам баласы еңбегімен ғана өзіне және отбасына қажетті нәпақа тауып, қоғамның дамуына үлес қоса алады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Адам өзінің қолымен тапқанынан артық ешбір нәрсе жемеген. Алланың пайғамбары Дәуіт те өз еңбегімен күн көретін» – деген. (Бухари, Бую, 15)

Бұл хадис те еңбекпен табылған ризықтың қадірлі екенін білдіреді. Ислам тек діни құлшылыққа ғана емес, дүниелік кәсіпке де үлкен мән береді.

Жұмысшы мамандықтар – қоғамның тірегі

Қазіргі қоғамда жұмысшы мамандықтар – ел экономикасының қозғаушы күші. Құрылысшы, дәнекерлеуші, жүргізуші, механик, электрик, тігінші, аспаз, фермер сынды кәсіп иелері күнделікті өмірдің барлық саласын қамтамасыз етіп отыр. Бұл мамандықтардың әрқайсысы қоғамда маңызды рөл атқарады. Осы кәсіп иелерінің адал еңбегі арқылы мектептер, ауруханалар, жолдар, үйлер салынады, ауыл шаруашылығы дамиды, күнделікті тұрмыс қажеттіліктері өтеледі. Исламда еңбектің түріне емес, оның адалдығына және нәтижесіне мән беріледі. Жұмысшы болса да, ол қоғам үшін пайдалы еңбек етіп жатса, оның ісі құлшылықпен тең.

Адал еңбек – берекенің кілті

Адал жолмен табылған нәпақа – берекелі болады. Адам халал кәсібі арқылы Алланың разылығына жетіп, отбасына адал ас пен киім әкеледі. Мұндай табыста рухани да, материалдық та тазалық бар.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде:

«Адал кәсіп ету – әрбір мұсылманға парыз» – деген. (Байхақи, Шуғабул Иман)

Яғни, мұсылманның күн көрісі мен тіршілігі адал кәсіпке негізделуі тиіс. Тіпті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларға еңбектенуден ұялмауды, кедей болса да, тіленбей, еңбек етіп, өз күшіне сенуді үйреткен.

Жастар мен кәсіптік білім

Жұмысшы мамандықтар жылы жастарға да үлкен мүмкіндіктер кезеңі болмақ. Жастар кәсіптік-техникалық білім алып, еңбек нарығына еркін араласуы керек. Исламда білім алу мен кәсіп үйрену – бір-бірінен ажырамас ұғымдар. Жас ұрпақ еңбекқор, епті, шебер, жаңашыл болуы арқылы мұсылман қоғамының үлгілі мүшесіне айналады.

Ислам – еңбек діні. Адал кәсіп ету, қолмен нәпақа табу – бұл тек материалдық мақсат емес, рухани жетілудің де жолы. Жұмысшы мамандықтарды қадірлеу, оларды қолдау – Исламның ең басты қағидаларына сәйкес келеді. Ел Президенті жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» – қоғамда еңбек адамының мәртебесін көтеру ғана емес, мұсылман ретінде адал кәсіп пен халал табысты дәріптеуге де үндейді.

Сондықтан әрбір мұсылман еңбекке құрметпен қарап, өз саласында адал, тиянақты болуға ұмтылуы керек. Адал кәсіп – имандылықтың айғағы, ал еңбек – берекенің бастауы.

Нұркен Мағриденұлы