ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ ҚҰЛСАРЫ ҚАЛАСЫНДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

Атырау облысы, Жылыой ауданының Құлсары қаласында жаңа мешіт ашылды. Ашылу салтанатына Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы, жергілікті зиялы қауым өкілдері, дін қызметкерлері, ақсақалдар мен қала тұрғындары қатысты.

Заманауи үлгіде салынған жаңа мешіт 400 адамға арналған кең намаз залымен, ерлер мен әйелдерге арналған бөлек намаз бөлмелерімен, дәретханамен, имамдар бөлмесімен және дәрісханамен толықтай жабдықталған.

Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген өңірдің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы жамағатты қуанышпен құттықтай отырып, былай деді:

«Алла Тағаланың қалауымен Құлсары қаласында тағы бір Алла үйі бой көтерді. Мешіт — тек намаз оқитын орын емес, рухани тәрбие мен ынтымақтың ошағы. Бұл мешіттің салынуына атсалысқан жомарт жандардың сауаптары еселене берсін. Пайғамбарымыз (с.а.с.): “Кім Алланың разылығы үшін мешіт салса, Алла оған жәннаттан үй тұрғызады”, — деп сүйінші хабар берген. Бүгінгі игілікті істің шарапаты осы өңірге береке әкелсін», — деді бас имам.

Жаңа мешіттің имамы болып Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Райымбек Раметжанұлы тағайындалды.

Сондай-ақ Болатбек Ұласқанұлы мешіт құрылысына қолдау көрсетіп, демеушілік танытқан азаматтарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан алғыс хаттар табыстады.

Жергілікті тұрғындар үшін жаңа мешіт енді рухани бірліктің, имандылықтың және жастар тәрбиесінің орталығына айналмақ.

Жаңа имам туралы мәлімет:

Сағындықов Райымбек Раметжанұлы

Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді маман.

2013-2017жж Алматы қаласы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде исламтану мамандығы

2021ж ҚМДБ жанындағы имамдардың білімін жетілдіру ислам институтында білім жетілдірген

2017-2018 жж Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Эмба қалалық Нұр мешітінде имам

2022-2023 Атырау облысы, Жылыой ауданы, Майкөмген ауылдық мешітінде имам

2023 жылдан бастап Атырау облысы, Жылыой ауданы «Жылыой мұсылмандар» мешітінің найб имамы қызметтерін атқарды. Отбасылы