Жылыой ауданында отбасы құндылықтары талқыланды

Жылыой ауданында Отбасы қолдау орталығының мамандарымен және Жылыой аудандық мешітінің наиб имамы Сағындықов Райымбек арасында кездесу өтті. Басқосудың негізгі мақсаты – қоғамдағы отбасы институтын нығайту, ер мен әйелдің отбасындағы орны мен жауапкершілігі жайында пікір алмасу болды.

Кездесу барысында орталық мамандары қазіргі отбасы мәселелері, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу және психологиялық қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті.

Өз кезегінде наиб имам Райымбек Сағындықов исламдағы отбасы құндылықтарының маңызына тоқталып, ер мен әйелдің бір-біріне қатысты міндеттері, құрмет, өзара түсіністік пен мейірімнің отбасы тұрақтылығындағы рөлі туралы түсіндірді. Ол отбасының берекесі дінімізде ерекше орын алатынын атап өтіп, жастарға дұрыс бағыт-бағдар берудің маңызына назар аударды.