Жылыой аудандық кітапханасында «Ислам және отбасы құндылығы» атты тақырыпта зиялы қауым өкілдерімен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – қоғамдағы отбасы институтының рөлін арттыру, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу және Ислам дінінің отбасылық өмірге қатысты ұстанымдарын кеңінен түсіндіру болды.
Кездесуге Қоғамдық кеңес, Ақсақалдар кеңесі, Ардагерлер кеңесі, Аналар кеңесі, Жастар ресустық орталығы, Үкіметтік емес ұйымдар, Ішкі саясат бөлімі, ардагер ұстаздар, дін саласының мамандары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Жылыой аудандық мешітінің бас имамы Думан Мұратұлы Исламдағы отбасы құрылымының маңызын, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың шариғаттағы орнын атап өтіп, бүгінгі қоғамда отбасылық құндылықтарды сақтау жолдарын ортаға салды.
Сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері ұлттық тәрбие мен діннің сабақтастығы жөнінде ой бөлісіп, жастарды рухани имани тұрғыдан тәрбиелеуде отбасының орны ерекше екенін тілге тиек етті.
Жиын соңында қатысушылар осы бағыттағы игі бастамалар жалғасын табуы тиіс екенін айтып, ел бірлігі мен ұрпақ тәрбиесі жолында бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.






