Атырау облысы, Құлсары қаласындағы Жылыой орталық мешітінің тұрақты жамағаты, көп балалы отбасы — Берік Жайықұлы мен жұбайы Рысгүл Мухамеджанқызына кіші қажылық (умра) сапарына жолдама табысталды. Қасиетті сапарға бару мүмкіндігін қарапайым отбасына атын атамауды өтінген кәсіпкер азамат тарту еткен.
Бұл игі іс мешіт жамағатының үлкен қуанышына айналды. Жамағат арасында ұзақ жылдан бері мешітке қалтқысыз келіп, діни амалдарын адал атқарып келе жатқан ерлі-зайыптыға бұл тосынсый үлкен рухани демеу болды.
Жылыой орталық мешітінің бас имамы Думан Мұратұлы өз сөзінде:
«Иман — жүректе, ал жақсылық — амалмен көрінеді. Берекелі қоғамды осындай үнсіз жасалған ізгі істер қалыптастырады. Мұсылман бауырларымыздың бір-біріне қолдау білдіруі — шынайы мұсылмандықтың көрінісі. Алла жолындағы әрбір қадам сауапқа толы болсын!» — деп, ризашылық білдіріп, дұға жасады.
Мешіт ұжымы мен жамағат кәсіпкер азаматқа алғыс айтып, аман-есен қажылықты өтеп, отбасының сапары қабыл болсын деген тілек білдірді.