Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінде оқырмандар арасындағы сайыстың бірінші кезеңі өтті.
Сайысқа 35 адам қатысты. Олар «Пайғамбар өмірбаяны» туралы кітапты бір ай бойына оқып, аталмыш еңбек бойынша сынақ тапсырды. Шәкірттердің білімін мешіт ұстаздары саралады.
Еске сала кетелік, Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының бастамасымен, орталық «Иманғали» мешіті жанынан «Кітап оқу клубы» жұмыс істеуде. Ондағы мақсат – жастарды білімге баулу, бос уақытты тиімді өткеруге үлес қосу.
«Оқырмандар клубы еркін форматта жұмыс істейді. Клубқа кез-келген ниет білдіруші мүше бола алады. Біздің талабымыз бойынша, клуб мүшесі 4 ай ішінде 4 кітап оқып шығуы керек. Оқырмандар арасындағы сайыс төрт кезеңнен тұрады. Қазіргі уақытта бірінші кезең аяқталды. Алда 3 кезең бар. Үздік шыққандар қасиетті Рамазан кезінде марапатталатын болады» дейді Жастар секторының Атырау облысы бойынша жауапты өкілі Дәурен Арапбеков.
Қазіргі таңда клубқа 35 адам мүше.
Клуб мүшелері алдағы кезеңдерде сынақ тапсыратын еңбектер қатарында «Қазақстан тарихы», «Саңлақ сахабалар», «Ислам әдебі» кітаптары бар.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.