Абайдың иман туралы көзқарасы (+ ВИДЕО)

«Иман деген – Алла табәрака уә Тағаланың шәриксіз, ғаиыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге Пайғамбарымыз саллалаһу ғалаиһи уәсәлләм арқылы жіберілген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ.

Енді бұл иман дерлік инануға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел-испат қыларға жараса, мұны якини (айқын) иман десе керек. Екіншісі – кітаптан оқу бірлән, яки молдалардан есту бірлән иман келтіріп , сол иман келтірген нәрсесіне соншалық берік боларға керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып көңілі қозғалмастай берік болу керек. Бұл иманды иман тақлиди (еруші) дейміз» (13- сөз).


Хәкім Абайдың иман турасындағы анықтамасы: Алланың кітабі Құраннан, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетінен қуат алған, құнын жоймайтын өміршеңдікке ие екендігі, Ислами түсінігі болған жандар үшін дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Сөйтсе де, сөзіміздің сүбелі болысы үшін, Ислам дінінің қайнар көзінен дәйекті дәлелдер келтіре кетуді жөн көрдік.

Қасиетті Құранда: « Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтіреді. Мүміндерде барлығы: Аллаға, Періштелерге, Кітаптарға және Пайғамбарларға иман келтіреді…» (Бақара сүресі 285-аят) деп, иманның шарттарын атап көрсетеді.

Жебіреиіл хадис деген атпен мәшһүр болған, Омар ибн Хаттабтан (р.а) жеткен риуаятта: «… ( Жебіреил ( ғ.с)): «Маған иман туралы айтшы?» – деді. Ол (Пайғамбар (с.ғ.с)): «Иман – Аллаға, Періштелеріне, Кітаптарына, Пайғамбарларына, ақырет күнне сену, жақсылық-жамандық тағдырға сенуің,» – деді…»(Мүслим риуаяты)


Мінеки, көріп отырғанымздай аят пен хадисте анық көрсетілген иманның негіздерін, Хәкім Абай: Аллаға ортақ қоспай ақаусыз сенімде болып және де Пайғамбар (с.ғ.с) арқылы жеткен әр қандай – бір әмірлерге бұлтармастан мойын ұсыну деп жалпылама түсіндіреді. Аталмыш екі иманның шариғи мағынасына кеңірек тоқталсақ: тахқиқи иман дегеніміз – Алланың бар және бір екендігіне, иманның негізгі шарттарына және Ислам дінінде көрсетілген ақиқат-шындықтарға, іс жүзіндегі ғылыми зерттеулер нәтижесінде, дәлел-дәйектер арқылы көз жеткізіп, шынайы көңілден келтірген иман.

Бұған мысал ретінде, американдық ғарышкер Армсторттың аспан әлемінде айтылған азанның даусын естіп, ол азанның жер жүзіндегі мешіттерде шақырылып жатқандығын бұл жағдайдың кездейсоқтық емес екеніне көз жеткізіп ізінше исламды қабылдауы.

Американдық астрономия ғылымын зерттеуші НАСА ғалымдары айдың жарылып қайтадан қосылғандығына ғылыми зерттеулер нәтижесінде көз жеткізген. Бұл уақиғаның қасиетті Құранда бұдан 14 ғасыр бұрын баяндалғаннан хабар тауып Исламды қабылдағандығын айтуға болады.


Ал, тақлиди иман дегеніміз – ата-анадан, ұстаздардан немесе айналамызда өмір сүріп жатқан адамдардан естіп, олардан көріп, үйреніп, ой елегінен өткізе отырып, ақылға сиымды деп танылғанын соларға еліктеп, үлгі тұту арқылы келтіретін иман.

«Бұл иман турасында. Әбу Ханифа, Суфян Сәури, Мәлік ибн Әнәс, Әузай және барлық фиқһ ғалымдары мен хадис ғалымдары иманның бұл түрінің дұрыстығын айтады. Бірақ нақли (аят-хадис) әрі ақли дәлелдерді қолданып, сол иманын қуаттамайынша, ондай кісі күнәһар болады дейтін де пікрлер бар» (С. Сеитбеков. Иман негіздері 73-бет).


Жалпылама қарағанда бұқара халықтың көбісінікі осы тақлиди иманға жатады. Ғалымдар тақлиди иманның үнемі күмән-күдікке ұшырауға (нақты дәлелдермен тиянақтандырлмағандықтан), миссионерлер жетегінде кету қаупы бар екенін айтады. Сондықтан, әрбір мұсылман өзі сенген иман негіздерін қолынан келгенше біліммен, дәйекті дәлелдермен бекемдеуі қажет.


Хәкім Абайдың: «Біреулер өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып көңілі қозғалмастай берік болу керек» -деген. Тақлиди имандағы табандылықтың тамаша үлгісін, алғашқы мұслмандардың өмірінен көре аламыз. Исламды жөргегінде тұншықтырмақ болған мүшіріктер, мұсылмандарға қолынан келген зұлымдықтарын аямады. Исламның ең үлкен дұшпандарының бірі Үмәйиа ибн Халаф Біләл Хабешиді қызып тұрған құмға жатқызып, үстін таспен бастырып, бірнеше сағат бойы шыжыған күннің аптабына тастап қойып:
– Егер мұсылмандықтан бас тартпасаң, сені осылай өлтіреміз,- дейді.

Мұнысынан ешқандай нәтиже шығара алмаған жауыздар Біләлдің мойнына жіп тағып Меккенің бір шетінен екінші шетіне сүйретеді. Мұндай жан түршігерлік зорлық-зомбылыққа мойымаған, Хазіреті Біләл: « Алла бір, Алла бір» деп айтқанынан қайтпайды. Ақырында Хазіреті Әбу Бәкір Біләлді сатып алып, бас бостандығын өзіне беріп ауыр азаптан құтқарады. Сондай-ақ, Аммар ибн Ясир қызып тұрған құмға жатқызылып, ауыр соққыдан есінен танады.

Мүшірктер Аммардың әке-шешесін де ыстық құмның үстіне жатқызып, аяусыз азаптармен қинау арқылы «Менің құдайым Лат, Манат, Узза» – деп айтқызбақ болады. Бірақ, жүрегіне иманы терең ұялаған Аммардың анасы Сумәя мен әкесі Ясир: «Алладан басқа Тәңір жоқ» – деуден танбайды. Істерге жамандығы қалмаған зұлымдар ақырында қос арысты жалған дүниемен қоштастырып тынады.

Алайда Исламда аса ардақты саналған шәһиттік дәреже ең алғаш нәсіп болған сол екі қос арыс еді. Өзі оңбай соққыға жығылып, көз алдында әке-шешесінің ажал құшқанын көрген Аммар шарасыздықтан: «Менің құдайым Лат, Манат, Узза»,- деп өлімнен құтылады. Бұл ісінен қатты абыржыған Ол, дереу Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) құзырына барады да:« Мен құрыдым, біттім, Алла мені кешірмейді» – деп, орны толмас өкінішін айтып, басынан өткен жағдайды баян етеді.

Хазіреті Пайғамбарымыз(с.ғ.с) оған: «Сен сол сөзді шын жүрегіңмен айттың ба, әлде жүрегіңде иманың бар ма еді?» – деп сұрайды. Аммар: «Ол кезде менің жүрегім иманға толы еді. Бірақ мен жанымды құтқару үшін олардың айтқандарын істедім» – деп жауап береді.

Осы оқиғаға байланысты қасиетті Құранда: «Жүрегі иманмен орныққаннан кейін зорлық көрген адамнан басқа жандар иман келтіргеннен кейін Аллаға қарсы келсе, сондай-ақ біреу көңілін имансыздыққа берсе, оған Алланың ашуы және оларға зор азап бар» – (нахыл сүресі 106 аят) деу арқылы Пайғамбарымызға еріп шынайы түрде иман келтірген нағыз мүміндердің қайтпас рухы Алла Тағалаға аян екендігі баяндалған.


«… Енді мұндай иман сақтауға қорқпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен. Якини иманы бар деуге ғылымы жоқ, тақлиди иманы бар деуге беріктігі жоқ, я алдағанға, я азғырғанға, я бір пайдаланғанға қарап, ақты қара деп, я қараны ақ деп, я өтірікті шын деп ант ете тұғын кісіні не дейміз?

Құдай Тағала өзі сақтасын. Әрнешік білмек керек, жоғарғы жазылмыш екі түрліден басқа иман жоқ. Иманға қарсы келерлік орында ешбір пенде Құдай Тағала кеңшілігімен кешеді-дағы демесін, оның үшін Құдай Тағаланың ғафуна яки Пайғамбарымыздың шапағатына да сыймайды, мүмкін де емес.

« Қылыш үстінде серт жоқ» деген, «Құдай Тағаланың кешпес күнәсі жоқ» деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрсын» (он үшінші сөз).


Шын мәнінде, иманның мағынасын жете түсінбей, сөз жүзінде өздерін лық мойын сұнып, табандылық танытпай, не болмаса жаратылыс әлеміне ой жүгіртіп, ғылымға талпынып, ақиқатты іздеместен имандылық жолда жүрмін деу бос сөз. Ислам шариғатының өзімен еш қатысы жоқтай-ақ, адал-арамды, өтірк-шынды, ақ-қараны ажырата білместен, тіршілік қажеттілігін мақсат етіп, иман туралы ойлап та қоймау. Саналы ғұмырында жасаған әрбір іс-әрекеттері үшін жауап беретінін каперіне де алмау.

Тіпті өзін кім жаратты? Не үшін? Сынды сұраққа жауап іздеп бас ауыртпастан, “Бір құдайдың бар екені рас, жүрегім таза, ниетім дұрыс, кімнің жұмаққа, кімнің тозаққа барарын бір Құдай біледі” – деп, өз-өзін алдаусыратып, Алланың рақымы, Пайғамбардың(с.ғ.с) шапағатынан дәмету қалай ғана мұсылмандыққа сай келсін.

Ұлы Жаратушы Иеміз, біз сұрамасақ та қажеттілігімізді қамтамасыз етіп қойған жоқ па? Сонымен қоймай мәңгілік бақытқа кенелумізді қалайды. Оның жолында көрсетіп әрі оңайластырды. Бұл жөнінде қасиетті Құранда: «Мені еске алсаңдар. Мен де сендерді еске аламын. Маған шүкірлік қылыңдар да қарсы келмеңдер!»(Бақара сүресі 152-аят) деген. Саъид ибн Жүбайр(р.ғ) «Мені еске алыңдар. Менде сендерді еске аламын» сөзін: «Маған бойсұнумен мені еске алсаңдар, мен де сендерді сауап Берумен есіме аламын»,- деп тәпсірлеп: «Еске алу – Хақ Тағалаға бойсұну. Алла Тағалаға бойсұнбаған Оны есіне алған болмайды»,-деген.


Бірде Әбу Ъусман Ән-наһди: « Маған Алла Тағаланың бізді есіне алатын уақыты мәлім»,- дегенде, біреу: « Сен оны қайдан білдің?», -деп сұрады. Сонда Әбу Ъусман: « Хақ Тағала: « Мені еске алсаңдар. Мен де сендерді еске аламын»,- демеді ме?»,- деп жауап береді. Міне бұл жәуһар түйіннен, әркімнің-ақ Алланың назарына қалай ілініп, дәрежесін қаншалық көтеру сынды теңдессіз бақыттың өз қолында екенін түсінуге болады.


Әс- Судди айтады: «Қайсы бір пенде Жаратушысын есіне алса, Алла Тағала да оны есіне алады. Мүмін Хақ тағаланы есіне алса, Хақ Тағала оны рахметімен есіне алады. Кәпір Алла Тағаланы есіне алса, Хақ тағала оны азабымен есіне алады.


Ъата (р.ғ) «зікір» сөзіне: «Зікір алқасы, ол: халал мен харам, сауда-саттық, намаз, ораза, некелесу, қажылық тағы сол сияқты мәселелерді талқылау отырысы»,- деп түсіндіреді. Аталмыш ғалымдардың ортақ көзқарастарына сүйене отырып, зікір дегеніміз – иман келтіру, құлшылық ету екенін, сонымен қатар бүкіл ғұмыр кешірмесін Алланың үкіміне лайықты ету деп түйіндейміз. Олай болса, кім қандай жағдайда еске алса, соған қарай ескеріліп, сый-сияпатын алмақ.


Ал, енді Исламның алғы шарты болған иман мәселесіне немқұрайлы қарағанымен қоймай Ұлы Жаратушыдан игілік дәметкендерге, Ұлы Алла: « Бәдәуилер:“Иман келтірдік” деді. (Мұхаммад Ғ.С) оларға: “ Сендер иман келтірмедіңдер. Алайда: “ Мұсылман болдық” деңдер. Өйткені, иман жүректеріңе кірмеді. Егер Аллаға, Пайғамбарға бағынсаңдар, амалдарыңнан ешнәрсе кемітілмейді. Шүбәсіз Алла, аса жарылқаушы, тым мейрімді” де» (Хужрат сүресі 14-аят) – деп жауап қайтарады.

Құдды осыған сәйкес, ардақты Пайғамбарымыз, шапағатына кімдердің лайық болатындығынан былайша хабар береді: «Расулуллаһ(с.ғ.с): «Жәннатқа кіруден бас тартқаннан басқа бүкіл үмметім жаннатқа кіреді», – деді.


– Я, Расулуллаһ (с.ғ.с) жәннатқа кіруден кім бас тартады?
– Маған ерген жаннатқа кіреді, ал, Маған қарсы келген жаннатқа кіруден бас тартқан болады» – деп, жауап берген.


Мінеки, өткінші дүниеге болған өлермендігінің кесірінен, екі дүние бақытының кілті болған, баға жетпес иманға самарқау қарап, сынаққа берілген ғұмырын ғапылетте өткізген жанның үміті – құр қиял екені даусыз. Сондықтанда, хәкім Абай мұндай пенденің жүзі құрсын деп налиды.


Адам баласы иман келтіріп мұсылман болысымен-ақ, екі әлемдегі жағдайы түбегейлі, ешбір алаңсыз шешіліп кетпейді. Саналы ғұмырында әртүрлі себептермен жүректің ауытқуы, иманның айнуы сынды рухани індеттерден ақтық деміне дейін сақтанып, өмір жолын арпалыспен өткізеді. Әсіресе, адам баласының наным, сеніміне қарамастан тіршілігінің қайнар көзі болған дүние-мүліктің сынағы өте ауыр. Бұл дүние-мүлік әрбір пендені қажеттілігінен тыс қызықтырып, нәпсі әуестігін қоздырып, өз иіріміне тартып, ақыреттің қамынан қағыс қалдыру қаупі аса зор. Мұсылман болғанына қарамастан, дүниенің сиқырына алданып, дінінен айырылып немесе құлшылығы ақсап жататын пенделерді іздемей-ақ, табуға болады.

Бұндай ғапілетті жағдай турасында, Хакім Абай:
«Дүниеге дос ақыретке бірдей болмас,
Екуі тап бірдей боп орын алмас.
Дүниеге ынтық, мағышарға амалсыздың
Иманы түгел деуге аузым бармас» – деп, толғайды.


Өлеңнің мазмұнына талдау жасамас бұрын, мәтіндегі сөзіне назар аударғанымыз жөн сияқты. Дүние-мүлік, тіршілік етіп өмір сүру үшін кем болса болмайтын қажеттілік. Сондықтан да, жаратылыс дүниесі бір-біріне мұқтаж. Яғни, дүние – көзбен көріп, қолмен ұстайтын материалдық ұғым. Ал, «Дос» деген сөзге келсек, бұл, рухани ұғым болып табылады. Ақырет болса, әлі болмаған, өз кезегінде материалдық тұрғыдан жүзеге асатын, біздің санамызға сезілетін, ақылымызға қонымды болған рухани ұғым.


Ал енді, Хакім Абай, дүниені қажеттілік үшін пайдалануды, сөгіп отырған жоқ. Мынау өткінші жалғанда қалатын, ешкімге жолдас болмайтын дүниені мәңгілік сезініп, дос тұтқан адамның, мәңгілік ақыретке деген сенімініде селкеу бар екенін білдіреді. Немесе есеп күні деп те аталатын, ақырет күннің қамын, бес күндік жалғанның қызығын ойлағандай, ойламайтынын айтпақшы. Бұлай деп, Абайдың кесіп айтуына себеп: жоғарыда айтқанымыздай, иман, ақирет, дос сынды атаулар рухани түсінік. Ал, бұл жалғандағы дүниеге құмартқан адамның жүрегінде, ақиретке деген қам-қайғыда орын қалмайды. Бұл ақиқат хақында Құранда: «Алла ешбір адамның кеудесіне екі жүрек жасаған емес» – (Ахзаб сүресі 4- аят) деп, баян етіледі.


Мінеки, осы аяттағы «Екі жүрек» мәселесі, ол дене мүшесінің бірі болып саналатын жүректің рухани мәнін білдіреді. Яғни тек біреуін ғана талдау керек болған екі нәрсенің біреуін ғана қалау арқылы жүзеге асатындығын меңзейді. Осы тұрғыдан алғанда, фәни дүниеде ақиреттің азығын дайындауға һәм осы дүниенің игілігін де пайдалануға болғанымен, мұсылманның түпкі мұраты ақиреттің бақыты болмақ. Әне сондықтан, дүние тіршілігі – ақырет мақсатына жетер жолдағы қажеттілік.

Хакім Абайдың осы бір шумақ өлеңінің мағынасын аша түсетін 34-қара сөзінде айтылған мына бір ақлиясына ден қоялық: «Кімде-кім ақыретте де, дүниеде де қор болмайын десе, білмек керек: еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы – оларда бірдей болмайды. Мұндай екі нәрсені бірдей болады деп айтуға мүмкін емес. Олай болғанда, қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ақырет қайғысынан, ақырет қуанышынан артық болса – мұсылман емес. Енді ойлап қарай бер, біздің қазақ та мұсылман екен!

Егерде екі нәрсе кез болса, бірі ақиретке керекті, бірі осы дүниеге керекті, бірін алса, бірі тимейтұғын болса, сонда біреу ақыретке керектіні алмай, екінші бір кез келгенде алармын деп, жоқ, егер кез болмайтұғын болса, кең Құдай өзі кеңшілікпенен кешіреді дағы, мына кезі келіп тұрғанда мұны жіберіп болмас деп, дүниеге керектіні алса, енді ол кісі жанын берсе ақыретті дүниеге сатқаным жоқ деп, нануға болама?» (отыз төртінші сөз).


Шыныменде, ақиреттің мәңгілік рахатын, бұл жалғанның өткінші қызығына тең көрмей жүрген жандар қаншама? Ал, екеуін бірдей дәрежеде қамту мүмкін емес жағдай. Бұл жөнінде қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Сендерді дүние-мүліктерің мен бала-шағаларың Аллаһты зікір етулеріңнен тыймасын. Егер кімде-кім бұлай істесе, міне солар нағыз қасіретке ұшыраушылардың дәл өзі» (Мұнафиқұн сүресі 9- аят).


Міне сондықтан, ақиреттің азығы саналатын, бұл жалғандағы ғибадат-құлшылықтар мен салиқалы амалдарды, дүниенің бітіп болмайтын күйбең тірлігімен қаза етіп алу-алмау, иманның деңгейіне байланысты.


Қызырғазы имам МӘЛІКҰЛЫ