Дейл Шредер Айованың (АҚШ) ағаш шебері болған, 67 жыл бойы бір фирмада жұмыс істеген. Ол қарапайым өмір сүрді, тек екі көк джинсы ғана болған: біреуі жұмысқа, екіншісі жексенбіде шіркеуге баруға арналған. Ол ешқашан үйленбеген және балалары да болмаған. Өмір бойы үнемділікпен жинаған 3 миллион долларлық дәулетінен 33 Айовалықтың колледждегі біліміне жұмсаған.
Шредер кедейлікте өсті және өзі сияқты адамдарға колледжге оқуға көмектескісі келетін. Кедейлігі себепті жас күнінде қалаған мамандығы бойынша оқи алмаған. Кейін оның жомарттығының нәтижесінде 33 бенефициар колледж және университетті қарызсыз бітіріп шықты. Олардың ішінде ерлер де, әйелдер де бар. Көпшілігі дәрігер және мұғалім ретінде білім алды.
Соңғы бенефициар Шредердің мұрасынан соңғы 80 000 долларын алып, 2019 жылы терапевт мамандығын бітіріп шыққан. Шредер қайтыс болғанда ақтық сапарына оны әкелеріміз деп атап кеткен өзі оқытқан 33 тұлға келіп қаралы жиынды елеусіз қалдырмады. Дәл қазіргі қазақ байларына болмашы нәрселерге дүние малын сарп еткеннен гөрі, осы ұлты неміс Шредер көкеміздің амалынан үлгі алып оны қайталағандары қоғамымызға ауадай қажет.
Өйткені қазақта небір ғалым да дәрігер де келешегінен үлкен үміт күттіретін керемет жастар, тұлғалар бар. Бірақ, білім алуға мүмкіндігі болмай шалғайда қалып кететіндері көп. Сондықтан, қазақ ғылымына инвестиция салуды мемлекетке итеріп тастағаннан гөрі, ел болашағы үшін жауапкершілік алуға меценаттар, кәсіпкерлер де атсалысса деген тілегіміз бар.
Ержан Қуанышұлы,
“Сұлтан Бейбарыс” мешітінің бас имамы