Әйелдерге насихат: Өз-өзіңді бағала!

Алла Тағала ислам діні арқылы әйелдің мәртебесін көтеріп құқығын алып бергеніне қарамастан, күніміздегі жалпы әйелдердің соның ішінде мұсылман әйелдерінің білімсіздік әрі тәрбиенің қателігі салдарынан өздерін бағалаулары төмендеп кеткен.


Алла Тағала Құранда: «Біз расында адам баласын ардақты етіп оларды жаратқандарымыздың көбінен әлдеқайда үстем етіп жараттық» (Исра сүресі 70 аят) адам баласына үлкен маңыз бергеніне қарап Алла адамды үлкен махаббатпен жаратқандығы түсінікті болады. Олай болса Алла тарапынан осындай құрметке ие болған адам баласының неге өзіне деген көңілі толымсыз.
Ислам насихатшыларының көбі  Алланы, Пайғамбарды сүюге үйреткенімен, адамның озін жақсы көруін үйретпейді.


Олардың айтуынша адамның өзін бағалап сүюі, Алланы сүюмен байланысты. Аллаға деген махаббат пен сенім күшті болғанда, адамның өзіне деген махаббаты мен сенімі күшейеді дейді. Алайда өзіне көңілі толымсыз, өзін жек көрген адам, қалайша Раббысына көңілі толып Оны лайықты түрде жақсы көре алады. Оның ақылы мен жүрегі болымсыз ойларға, реніш пен жеккөрінішке, шағым мен сынға, қорқыныш пен күмәнға толған. Мұндай адамда қандай сенім мен махаббат болуы мүмкін.

Өзіне деген төмен бағаның салдарынан ислами ортада үйленуден бұрын ажырасулар көп, ерлі-зайыптылар бір-бірін жақсы көруден бұрын, бір-біріне деген реніш пен жеккөрініш көп. Еркектеріміз бақытты етем деп алған жарының көңілін табудың орнына екінші, үшінші әйел іздеп әлек. Әйелдерден намыс, еркектерден адалдық пен ар-ұят кеткен. Ортадағы балаларының көңілінен өздерінің көңіл қалауларын артық қойған. Мұның бәріне кім кінәлі? Неге біздің қоғам мұсылмандары осындай мүшкіл халге түскен?


Әрине бұған ең бірінші біздің білімсіздігіміз кінәлі, қадір қасиетіміз бен құқықтарымызды білмеуіміз кінәлі. Алла Құранда: «Білетіндер мен білмейтіндер теңбе?» десе, чех педагогы әрі ойшылы Ян Амос Коменский: «Білім ең алдымен әйел затына керек, өйткені оның қолынан бүкіл адамзат өтеді» – деген. Олай болса білімді басшылыққа алып санамызды сергітіп, көкірегімізді оятайық.


Әйел адамның өзін төмен бағалауының салдары қандай нәтежелерге алып келеді? Алдымен төмен бағаның көріністеріне тоқталайық.


1. Қорқыныш. Өзінің қалауларын еркін айтудан қорқады. Әрқашан өзінің жарының ойына төселе салады, жалтақ. Тіпті одан не қалайтының сұраған жағдайда да, ол оны үркітіп аламынба деп, айтудан қорқады. Нәтежесінде жарының оған көңілінің дұрыс болмауына себеп болады.


2. Ол өзін тартымсыз деп ойлайды. Сол себебті, көрінген жігіттің жетегінде кетеді, өйткені мұнан басқасы табылуы мүмкін емес деп ойлайды.


3. Ол әрдайым өзін басқамен салыстырады, және әркімнің көңілінен шығуға тырысады. Жоқ деп айта алмайды.


4. Олар туралы басқалар не ойлайтыны қатты мазалайды. Басқаның ойына тәуелділігінен алдына дұрыс мақсат қоя білмейді.


5. Олар өзіне аударылған назардан, өзіне берген сыйлықтардан ыңғайсызданып, мұның бәріне өзін лайықсыз санайды.


6. Оны жанындағылар сыйламайды. Өйткені адамдар өзіне деген қатынасын сезеді. Өзін жақсы көрмей, сыйламайтын адамдарды басқаларда сыйламайды.


7. Өзіне ұнамайтын  қарым қатынаста жүре береді. Мысалы: Күйеуі жұмыс жасамайды, ал ол болса оны және балаларын асырайды.


8. Ренжігіш, өзінің шынайы сезімдерін көрсетуге батылы жетпегендігінен, ашуын көрсетіп масқара боламынба деп қорыққандығы себепті булығып, кектеніп іштен тынады. Өзін дәрменсіз әрі кінәлі сезінеді.


Енді осы төмен баға қандай нәтижелерге әкеп соқтырады?
Нәтижесінде мұндай әйелдер үнемі үрей мен қорқыныш, реніш пен кек ішінде жүріп, өздерінің өмір сүру мақсатын ұмытып, өмірден түңілген, шағымшыл,қорқақ, қызықсыз, ауру адамға айналады. Айнадағы өзінің бейнесіне көңілі толмағандықтан, айнамен достығы жоқ бұл әйелдің күтімі туралы қозғарлық сөзде болмайды. Не жарының алдында, не балаларының алдында қадірі қалмаған әйел, жақындарының қасында жүріп жалғыздықтың кебін киеді. Одан көңілі қалған күйеуі  сырттан қызық іздей бастайды. Ал бұл жағдай балаларының психологиясына кері әсер етпей қоймайды. Ал қыз баланың өмірлік жар таңдауда, қателікке ұрынып, не мүлде теңін таппай, өмірде өз орнын таба алмауына себеп болады.


Енді төмен бағаны көтеру жолдарына тоқталайық:
1. Өзін сынап-мінеуден бас тарту.
2. Басқалармен салыстырудан бас тарту.
3. Өзін жақсы көріп қабыл етуді бастау керек. Ол үшін өзінің ең тартымды жақтарын іздеу,соған көп көңіл бөлу. Сәттілік дәптерін арнап күніге айнага қарап өзіне деген махаббатын білдіру, өзіне мақтау айтып жүру.
4. Спортпен айналасу, өзін күту, білімін арттыру.
5. Басқаларға шағым мен сыннан бас тарту.
6. Көнілін түсіретін адамдардан аулақ жүру.
7. Үлкен мақсаттар қойып оларға ұмтылу.


«Әрбір ұлы еркектің артында ұлы әйел тұрады. Ол оның анасы не жары» – дейді даналарымыз. Бұған дәлел ардақты Хадиша (р.а.) анамыз. Расында Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.) артында ұлы данышпан анамыз тұрды. Бір күні адамдар келіп Пайғамбарымыздан (с.а.у.) Хадиша (р.а.) анамыз туралы сұрайды, сонда Пайғамбар (с.а.у.): «Маған оның махаббаты Алладан берілген сыйы еді, ол менің өмірлік махаббатым. Ол туралы не білуді қалайсыңдар, ол туралы әңгімені неден бастарымдыда білмеймін. Ол соншалықты керемет болатын, сендер оның қандай болғанын түсіну үшін оны көрулерің, білулерің керек» – дейді.


Сонау надандық дәуірде аналарымыздың өзін бағалауы өте жоғары болған. Хадиша анамыздың арын сақтап өзін тек Пайғамбарға лайықты көруі осының көрінісі емеспе? Фатима (р.а.) анамыздың он екі жасында әкесіне тіл тигізген Әбу Жахилдің жанына барып «Менің әкемді әл-Амин дегендердің алғашқысы сен емеспе едің? Енді оны Алла бір дегені үшін келеке етіп отырсың» – деп жақтасқан Фатиманы Әбу Жахил жағынан тартып жібереді.

Кішкентай қызға жаны ашыған Әбу Суфян оны көтеріп: «Ол сені қалай ұрса сенде оған солай қайтар» -дейді. Сондағы Фатиманың (р.а.) өз қолына бір қарап, Әбу Жахилге бір қарап: «Мына пәк қолымды нәжіске тигізіп бүлдіргім келмейді» – деуі оның абыройының асқақ, өзіне деген бағасының жоғары екенін көрсетпейме?

Абдуллаһ ибн Зубейрдің Меккені Хажаж б. Юсуфтан қорғап шайқасқа кетіп бара жатып анасына соғып: «Анашым мені бәрі тастап кетті, тіпті балаларыма дейін, жанымда азғантай сенімді достарым қалды. Маған мына дүниенің байлығын ұсынуда, қалаған жағыма кете аламын. Бұған не дейсің?» – дейді.

Сонда жүзден асқан анасы Әсия бинт Әбу Бәкір: «Ұлым, сен не істеу керектігін менен жақсы білесің, бірақ мен саған мынаны айтамын, егер хақ жолында екеніңе сенімді болсаң шейіт болған достарың секілді шайқас, ал егер дүние рахатына ұмтылсаң, сен ең бақытсыздардансың. Онда сен өзіңді және достарыңды бекер өлтірген боласың, сонда қаншалықты өмір сүрем деп ойлайсың? Достарым тастап кетті деп әлсіреп қалдың, бірақ сөз адамы бұлай болмауы керек» – дейді. Абдуллаһ (р.а.): «Анашым мен өлгенде тәнімді қорлап, масқаралайма деп қорқамын» – дегенде анасы: «Бауыздалған қойдың терісін сыдырғанда ауырмайды» – дейді. Абдуллаһ орнынан тұрып: «Өзімде солай ойлағанмын, бар өмірімде тек Алланың хақ діні үшін күрестім бар болғаны бұл туралы сеніңде ойыңды білгім келді» – деп анасын құшақтағанда анасы оған:

«Үстіңе сауыт кигенсіңбе? Шейіттікке ұмтылған адам сауыт киеме? Шеш сауытыңды, үстіңе кең шалбар ки әуретің ашылмасын»,- деп өлімге кетіп бара жатқан ұлының абыройын, дінінің негізін ұмытпаған. Не туралы ойласаң соған айналасың демекші, олардың ойы мен мақсаттары ұлы болғандықтан заманының ұлы тұлғаларына айналды. Ұлы еркектен тапқан, ұлы батырдың  ұлы анасы Әсия бинт Әбу Бәкір (р.а.) Олардың рухының асқақтығы, өздеріне берген бағасының жоғарылығы сонша, өздерін тек жәннәттің ең төріне әрі Алланың ең сүйіктілерінің қатарына қиды.


Адам баласы Алла Тағала Құранда ол туралы не айтқанын ешқашан естен шығармауы керек:
«Біз расында адам баласын ардақты етіп оларды жаратқандарымыздың көбінен әлдеқайда үстем етіп жараттық» (Исра сүресі, 70 аят)


«Біз адам баласын ең көркем, керемет бейнеде жараттық» (Тин сүресі, 4 аят)
«Оған өз рухымнан үрледім» (Сәжде сүресі, 9 аят)
«Періштелерді оған сәжде етуге бұйырды» (Сад сүресі, 72 аят)
«Ол жердегі бүкіл нәрсені сендер үшін жаратты» (Бақара сүресі, 29 аят).
Бұл Алланың бізге берген бағасы!

Нұргүл ЖОЛДАСПАЕВА,

Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінің ұстазы.