Қарыздан құтылу үшін оқылатын дұға туралы білесіз бе?

Құранда адам баласының әлсіз жаратылғандығы айтылады. Ауырса шипаға, қиындыққа ұшыраса қорғанға, құтқарушыға, қарызға батса, ақшадан тарықса байлыққа, қателессе тәубеге мұқтаж. Және мұның бәрі де адамға уайым-қайғы сыйлайды. Жүрегінің тыныштығын алады. Ал ой мен жүрек тыныш болмаса, барлық нәрсенің берекесі қашады.

Мұсылман сондай бақытты жаратылыс! Ол кез келген қиындықта қолын жайып, бойсұнып Алладан сұраса, мұқтаждығы өтеледі. Өйткені, Алла – адамға Қамқоршы, Жауап қатушы, Сый Беруші, Қайыр есіктерін ашушы, Ризық Беруші, Шипа Беруші, Сақтаушы, Көмектесуші, Амандық Беруші.

Сондай-ақ Алла Тағаланы еске алып, дұға жасау – жан-тәннің шаршағанын басып, көңілді жайландырады, уайым-қайғының, қорқыныш пен күдіктің қою бұлты сейіледі.

Адам күнделікті өмірде әртүрлі қажеттіліктерге байланысты қарыз алуы, не қарыз беруі мүмкін. Қарызға батқан адам сол қарызынан құтылу үшін Алладан жәрдем сұрап, арнайы дұғаларды айтуы дұрыс болады.

Бiр күнi Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешiтке кiрген бетте Әбу Умәмә есiмдi ансарлардан болған бiр кiсiні көрiп, оған: «Ей, Әбу Умәмә, сенi намаздың уақытынан тыс кезiнде мешiтте мына күйде отырғаныңды көретiндей не жағдай болды?» деп сұрағанында, ол: «Я, Расулуллаһ! Бұған себеп басымдағы қарызым мен күйзелiсiм» деп жауап бердi.

Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «(Олай болса) таңертең және кешке (Алла Тағаладан): «Я, Тәңiрiм! Күйзелiс және қайғыдан, әлсiздiк пен жалқаулықтан, қажырсыздық пен сараңдықтан, қарызға бату мен адамдардың ашуынан өзiңнен пана тiлеймiн)»  деп дұға ет дедi. Осы оқиғадан кейiн Әбу Умәмә былай дедi: “Мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқанындай қылдым. Алла Тағала уайымдап, абыржығанымды кетiрiп, қарызымды өтеуiмдi нәсiп еттi. (Әбу Дәуіт).

اللهم إني أعوذ بك من الهم والحَزن، و العجز والكسل، و الجبن والبخل، و غلبة الدين وقهر الرجال

«Я, Алла! Мені хәлал еткен нәрселерің арқылы харам еткен нәрселеріңе жүгінуден сақтай гөр, әрі Өз кеңшілігіңмен мені Өзіңнен басқаларға мұқтаж етпе!»

اللَّهمَّ اكفِني بحلالِك عن حرامِك واغنِني بفضلِك عمَّن سواك

Салтанат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ.