25 қазан – Республика күні қарсаңында Атырау қаласындағы Иманғали орталық мешітінде Құран хатым оқылып, жамағатқа арналған рухани дастархан жайылды.
Рухани шараға қатысқан Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы жамағатты мерекемен құттықтап, ел бірлігі мен тәуелсіздіктің қадір-қасиеті туралы сөз қозғады.
Бас имам өз сөзінде тәуелсіздіктің ұлт үшін ең қастерлі құндылықтардың бірі екенін атап өтіп, елдің тыныштығы мен халықтың амандығы – баршамызға ортақ тілек әрі жауапкершілік екенін жеткізді. Сондай-ақ, дін мен дәстүр сабақтастығын сақтап, жас ұрпақты отансүйгіштікке, имандылыққа және үлкенге құрмет көрсетуге тәрбиелеудің маңызын айтты.
«Тәуелсіздік – ата-бабамыздың аңсаған арманы, бүгінгі ұрпаққа аманат болған қасиетті құндылық. Еліміздің тыныштығы мен халқымыздың бірлігі – баға жетпес байлығымыз. Сондықтан әрқайсымыз Отанымыздың өркендеуіне үлес қосып, қоғамдағы татулық пен ынтымақты нығайтуға атсалысуымыз қажет», – деді бас имам.
Жиын барысында мешіт ақсақалдары ақ баталарын беріп, елдің амандығы мен жұрттың тыныштығын тіледі. Ал имам-ұстаздар жамағатқа тағылымды насихат айтып, бірлік, бауырмалдық, отансүйгіштік және рухани құндылықтарды сақтау жөнінде ой өрбітті.

















