Алтынбек Ұтысханұлы: «Дініміз өсек, өтірік, жалаға тыйым салған»

Адам баласы жеке – дара емес, қоғам болып ұйысып тіршілік етуге бейім. Қоғам болған соң түрлі адамдардың кездесетіні және белгілі.

«Жылқы аласы сыртында, адам аласы ішінде» демекші, кейбір адамдар неге екенін кейде өзгеге орынсыз жаптым жала, жақтым күйе етуге әуес. Жалаға ұшырап, ақталу жағдайына түсіп қалған адам үшін жаланың тигізер психологиялық зардабы орасан. Осы орайда, дәстүрлі ислам дінінде жаланың алатын орны турасында бірқатар сауалдарымызды Атырау облысы бас имамы Алтынбек Ұтысханұлына қойған едік.

  • Жала деген не, ол туралы исламның негізгі дереккөздерінде не айтылады? Әңгімеміздің әліппесін осыдан бастасақ.

«Ифтира» сөзі араб тілінде «өтірік айту, ойдан құрастыру, негізсіз айыптау» деген мағыналарға келеді. Яғни істемеген нәрсесін біреуге теліп, оған кінә арту деген сөз. Ірі мұсылман ғалымдардан Фахраддин Рази «Діндес бауырыңды оның бойында жоқ қылықпен не іспен айыптауың» деп анықтама берген. Құранда «ифтира» түбірінен тарайтын сөздер алпыс шақты жерде кездеседі. «Кім бір қателік жасап немесе әдейі күнә істеп, оны басқа бір жазықсыз жанға телісе, үлкен бір жала, ашық күнә істегені» деген аят (Ниса сүресі, 112) жала жабудың үлкен күнә екенін аңғартуда. Үлкен күнә екендігі хадистерде де өтеді.

Айталық, үлкен күнәлар аталғанда, ештеңеден хабарсыз арлы әйелге ойнас жасады деп жала жабу да өтеді (Буһари, Уасая, 23). Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл турасында арнайы ескерту жасап, жала адамның ақыреттік өмірін құртатын, кісі ақысына жататын күнә екенін білдірген (Муслим, Бирр, 60). Дәстүрлі дінімізде жаланы былай қойғанда, нақтылығы дүдәмал, негізсіз, болжалды мәліметтерді де дұрыс екен қабылдауға, анығына көз жеткізбей жатып сенуге тыйым салынған (Исра сүресі, 36). 

  • Жала жабуға адамды не итермелейді? Бұндай арсыз іске адам не үшін баруы мүмкін, сіздің ойыңызша?

Меніңше, әрине, бұған әуелгі кезекте іштарлық пен қызғаныш себеп. Кейбір адамдардың ішінде шынашақ айналмайтыны белгілі. Қызғаныш – адамның басқаның өрге басқан тірлігін, жасап жүрген ілгерішіл әрекетін, қабілет-қарымын, қол жеткізген өмірдегі жетістіктерін, мүлкін көре алмаушылықтан туындайды.

Ол үшін өзінен өзгенің бақыты, мерейі асқанын көру, оны қабылдау өте қиын. Қызғаныш иесі өз қызғанышын қарсыласына түрлі жолдармен жеткізеді, жақсылықтарын елемейді, оның барлық  жетістіктерін іске алғысыз етуде, жұрттың алдындағы абырой беделін түсіруде қулық-сұмдықпен қатар ашықтан ашық жала жабудан да тартынбайды. Сондағысы еңбегімен жарқырап көрінген жанды қаралап, елдің алдында жерге тұқыртқанша жаны тыныш таппайды.

Абай атамыз «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, Әркім бір ит ертіп жүр ырылдатып» деп дәл осы жағдайды суреттегендей. Бірақ әрине бұлай қызғану дұрыс емес, қазақ «Тәлейлімен таласпа» дейді. Оның мәні Жаратушы ие әркімді өз бағымен жаратқан. «Бақытты жан анасының құрсағында да бақытты» деп ол мәселе хадисте де ескертілген. Сондықтан әркім өзінің шамасынша әрекет етіп, өзгенің бағын қызғанбағаны жөн. Одан да барынша еңбектеніп, қазынасы кең Рақым Тағаладан өзіне де жақсылық тілегені жөн.   

  • Ислам тарихында жала жабу оқиғасы деген тақырып өтеді. Соны бір тарқатып айта кетсеңіз.

Мынадан бастайын, ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) исламды жаңа қабылдағандардан серт алғанда Жаратушыға серік қоспау, ойнасқа бармау, ұрлық жасамау деген талаптармен қатар жазықсыз жанға жала жаппауды қосатын. Бұл дінде жала жабудың қаншалықты жағымсыз қылық екенін анық байқатуда. Жала жабушы мына аяттарға да қайшы әрекет жасаған болып табылады: “Мүминдер – тек қана бауыр” (Хужурат сүресі, 49/10) “Mұсылман  – өзге мұсылмандар қолынан және тілінен зиян шекпейтін жан» (Буһари, Иман, 4) “Сендерден бірің өзі үшін қалағанды өзгелер үшін де қаламайынша шынайы иман еткен болмайды» (Буһари, Иман, 7). Міне, көрдіңіз бе, жала жабушы исламның қанша талаптарын белден басуда.

Ал сіз сұрақта қойған мәселеге келсек, расында ислам тарихында Айша анамызға «зина жасады» деген жала жабылған болатын. Оқиғасы сияр кітаптарында толық беріледі. Дегенмен бұл жаланы жапқандар мұсылмандар арасындағы екіжүзділер еді. Яғни, Айша анамыз сияқты пәк кісінің өзі жалаға ұшыраған. Соңында Алла Тағаланың өзі аят түсіріп, Айша анамыздың ары таза екенін, бұндай хабарды естігенде, төрт куәгер болмайынша, сенбеу керектігін ескерткені бар.

  • Айша анамыз Мұхаммед пайғамбарымыздың жары емес пе? Расулалла жала туралы тағы нелер айтқан?

Хазірет пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистерінде қандай әрекеттердің жала болып табылатыны, оның қандай жамандықтарға жол ашатыны туралы ескертулер бар. Бірде сахабаларынан «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?» деп сұрайды. Олар «Алла мен елшісі жақсырақ біледі» дейді. Сонда өзі «Бауырыңды оған ұнамайтын сөзбен еске алуың» дейді. Сонда сахабалар «Айтқанымыз бауырымызда бар ерекшелік болса, не дейсіз?» деп сұрайды. Хазірет пайғамбар (с.а.у.)  былай түсіндіреді: «Айтқан нәрселерің оның бойында бар болса, ғайбаттауға жатады.

Aл бойында болмаса, онда жала жапқандарың». Расулалланың бұл түсіндіруі бойынша, жала жабу өтірік пен ғайбат аралас ұнамсыз қылық. Сол үшін Расулалла тағы бір сөзінде «Адамның орынсыз бір мұсылманның ары мен абыройына тіл тигізуі үлкен күнәлардың ең үлкенінен» деп, жала жабудың қаншалықты үлкен күнә екенін білдірген. Тағы бір де сахабаларынан «Адамды құртатын жеті түрлі нәрседен сақтаныңдар» дейді. Сахабалар «Уа, Расулалла, оларға не жатады?» деп сұрағанда, «Aллаға серік қосу, сиқыр (дуа) жасау, Aлла тыйым салған бір жан иесін орынсыз өлтіру, өсім жеу, жетімнің малын жеу, соғыс алаңынан қашу және зинадан бойын аулақ ұстайтын, еш нәрседен хабарсыз мүмин әйелдерге зина жасады деп жала жабу» деп түсіндіреді.

Жаладан сақтандыру себебі, ол қоғамда адамдарды бір-біріне дұшпан етіп, достық пен бірлікке, сыйластыққа сызат түсіретін, абыройға дақ түсіретін нашар қылық. Дәстүрлі дініміз адамның ары мен абыройын бәрінен биік қойып, ғайбат, өсек, өтірік, жала секілді нашар қылықтарға тыйым салған.

  • «Отыз тістен шыққан сөздің отыз рулы елге тарауында», біреуді жамандау мен ғайбатта бүгінгі күні әлеуметтік желілер ерекше орын алып отыр. Осы турасында не айтар едіңіз?

Көп нәрсе адамның ниеті мен пейіліне, ішкі мәдениетіне байланысты. Әлеуметтік желілерді де осы орайда тек жақсы мәліметтерді таратуда пайдалануға болатыны сөзсіз. Ол жағынан әлеуметтік желілердің пайдасы мол. Дегенмен әр нәрсенің көлеңкесі мен күңгейі болатыны секілді кей кісілер әлеуметтік желілер арқылы біреулерді ғайбаттап не жамандап жататынын да көреміз.

Жала мен ғайбаттың астында қалып, киберуллингке ұшырағандар қатты күйзеліп, өзін өлімге қиған фактілер де елді түршіктіре бастады. Сөзбен біреудің жақсылығына себеп болуға да, жамандығына себеп болуға да болатынын осыдан анық көреміз. Дініміз жақсы сөз айтуға, адамдар арасында сыпайы қатынас жасауға, ешкімнің айыбын іздемеуге  шақырады.

Халықтық тәрбиеміз де жақсылықты асырып, жамандықты жасыруды дәріптейді. Сондықтан біз ауыздан шыққан сөзге деген жауапкершілікті ешқашан ұмытпауымыз керек. Әлеуметтік желілерде өзгелерді жамандағандардың пікіріне ілеспей, жамандыққа болыспай, ел ішінде тек сыйластық пен жарастықты, өзара құрмет секілді құндылықтарды жаюға тырысуымыз керек.   

  •  Ата – бабаларымыздың батада көп тілеген тілектерінің бірі жаладан сақта болғаны аңғарылады. Осы турасында да пікір қоса кетсеңіз.

Рас, қазақ халқы сыйластық пен татулықты, бауырмалдық пен достықты қастерлегендіктен үнемі тілегенде жамандық атаулыдан сақтанған. Өзіне ғана емес, өзгелерге берген баталарда да үнемі жамандық біткеннен сақта деген тілегін жеткізген. Бата түрлерінде «кесірлінің кесірінен», «шәрлінің шәрінен», «мезгілсіз бәле жаладан сақта» деген тілектер жиі кездеседі. Айталық, мына бата түрінде де ол ашық кездеседі.  

Далақтаған даудан сақта,

Жалақтаған жаудан сақта.

Ашыққан бөріден сақта,

Қара жердің көрінен сақта!

Ашынған ұрыдан сақта,

Құлқыны құрыдан сақта

Дауылдың кәрінен сақта

Жыланның зәрінен сақта

Аяқ астынан кезігер –

Бәле – жаланың бәрінен сақта!

Әумин!

Сұхбаттасқан: Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ