Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы «Шапағат подкаст» жобасына қатысып, сұхбат берді.
Бейресми форматта өткен сұхбат барысында студия қонақтары
қасиетті Мәуліт айының маңызы, мәні, адамгершілік, руханият, тақырыптарында және жеке өмірлеріне қатысты кейбір тағылымды оқиғалары туралы әңгімелесті.
Сұхбат барысында Алтынбек Ұтысханұлы дінге қалай келгені туралы әңгімелеп берді.
«Намазға 11 жасымда келдім. 13 жасымда алғаш рет жаназа шығардым. Дінге келуіме құдамыз себепші болды. Ол кісі дінге жақын, ізгі адам. Мектепте оқып жүріп, медреседе де қатар білім алдым.
16 жасымда ауылда ашылған мешітте имам болдым. 9-11 сыныпта оқып жүріп, мешітте имамдықты қатар алып жүрдім. Әрине, мектеп бітірген соң, білім алуым керектігін түсіндім.
Бірде «Ислам өркениеті» газетін оқып отырып, Алматыда Нұр-Мүбәрак египет – ислам университеті ашылғаны туралы жаңалықты оқыдым. Сөйтіп, Алматыға оқуға аттанып кеттім.
Бұл 2001 жыл болатын. Осылайша, Алланың қалауымен Нұр-Мүбарак университетінің алғашқы түлегі болу бақыты бұйырды» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Белгілі әнші Бейбіт Көшқалиев жүргізетін интернет жобаға Бас имам Алтынбек Ұтысханұлымен бірге, әнші Ердос Қанаев қатысты.
Еске сала кетелік, «Шапағат подкаст» жобасын «Шапағат» деструктивті діни ағымдарға жапа шеккендерге көмек орталығы бастаған.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.