Қанағат қарын тойғызар

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Ислам – адамзат баласын көркем мінез-құлыққа, әдептілікке, сабырлылыққа, шүкіршілікке тәрбиелейтін кәміл дін. Яғни дініміз мұсылман адамның бойында табылуы тиіс рухани қасиеттерге шақырады. Осы рухани қасиеттердің бірі – қанағат. Қанағат қолыңдағы барға разы болу, шүкіршілік ету, сондай-ақ нәпсі қалауларынан тыйылу, шыдау деген сөз. Ал қанағат сөзінің шариғаттағы діни терминдік мағынасы – Алла Тағаладан өзге ешкімнен, ештеңе дәметпеу. Яғни тек Алладан ғана үміт етіп, ризық-несібесіне разы болу. Жаратқан Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Нахл» сүресі, 97-аятында:

مَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِّن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَنُحْيِيَنَّهُ حَيَاةً طَيِّبَةً وَلَنَجْزِيَنَّهُمْ أَجْرَهُم بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ

«Қандайда мүмин ер немесе әйел кісі түзу (ізгі) іс істесе, біз оған міндетті түрде жақсы өмір (тіршілік) сыйлаймыз. Әрі біз оларға істеген істерінен де жақсырақ сыйлық береміз», – деп айтқан.

Ғалымдарымыз осы аяттағы «Жақсы өмір сыйлаймыз» деген сөзді «қанағат еткен тіршілік» деп анықтама берген. Демек, қанағат еткен кісінің өмірі жақсылыққа, ізгілікке толы болады деген сөз.

Қазақ халқында да қанағат туралы өнегелі өсиеттер көп сақталған. Айталық, «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар», «Ер азығы – қанағат» сынды мақал-мәтелдер халқымыздың рухани жадында мәңгі сақталып келеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

قَدْ أَفْلَحَ مَن أَسْلَمَ، وَرُزِقَ كَفَافًا، وَقَنَّعَهُ اللَّهُ بما آتَاهُ

«Мұсылман болып, жеткілікті ризық-несібесі болған және Алланың бергеніне қанағат еткен кісі табысқа жетеді», – деген (имам Мүслим).

Әйгілі ғалым Фудайл ибн Ғиад (Алла оны рақымына алсын) қанағат ету туралы: «Дүниені тәрк ету – Аллаға разы болу деген сөз. Ал қанағатшылдық дүниеден безінуді де, оған ұмтылуды да қатар қамтиды. Яғни қанағат еткен кісі кедейлікпен де, байлықпен де өмір сүре алады», – деген екен. Ал Хакім Абай қанағатты бес асыл іске жатқызып:

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой:

Бес асыл іс, көнсеңіз, – деп жазған.

Қанағатшылдықтың мән-мағынасын түсіну үшін адам баласы мынадай артықшылықтарды білуі тиіс:

Бірінші: қанағатшылдық адам өміріне береке әкеледі

Қанағат – берекенің, байлықтың бастауы. Адам қанша дүниесі болып, бай болғанымен, жүрегінде қанағат болмаса, ол рухани кедей адам. Қасиетті Құранның «Нұр» сүресі, 32-аятында:

إِن يَكُونُوا فُقَرَاء يُغْنِهِمُ اللَّهُ مِن فَضْلِهِ وَاللَّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ

«Егер олар кедей болса, Алла шексіз шарапатымен оларды байытады. Алланың рақымы кең және Ол бәрін білуші», – дейді. Атақты тәпсірші имам Бағауи аяттағы «байлықты» қанағатшылдық деп түсіндірген.

Қанағатшылдық дүниемен өлшенбейді. Тұрмысы нашар кедей кісіні қанағатшыл деп, ал бай ауқатты адамды қанағатсыз деп ойлау дұрыс болмайды. Себебі кедей кісінің барлығы қанағатшыл, ал бай-дәулеттінің барлығы ашкөз емес. Қанша бай-дәулетті болса да қанағатшыл жандар көп. Сондай-ақ кедейлікпен өмір сүріп жатса да, өз өмірлеріне разылық танытып, қанағат тұтып жүрген жандар да жоқ емес. Қанағат ету мал-дүниенің ісі емес, ол – жүректің ісі. Аллаға шынайы сенген пенделердің ісі.

Қанағат дегенді мүлде әрекет етпей, жұмыс істемей, тапқанына риза болып, отыра беру деп түсіну қате. Мұсылман адам барын салып еңбек етеді, еңбегінің жемісі ретінде Алла Тағаланың бергеніне риза болады. Негізгі мақсат тапқан табысы аз бола ма, көп бола ма оған қанағат ете білу. Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз осы себептен: «Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл», – деп насихат еткен. Ал ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде: «Құдайдың бергеніне разы болсаң, ең бай адамның бірі боласың», – дейді (имам Термизи).

Бұрынғы өткен даналарымыз ақылды кісінің үш қасиеті бар:

– Дүниеге қызықпайды;

– Барға қанағат етеді;

– Қиыншылыққа сабыр етеді – деп айтқан екен.

Әйгілі сахаба Сағид ибн Әбу Уаққас (Алла оған разы болсын) өзінің баласына былай деп өсиет етіпті: «Уа, балам! Егер Алладан байлық сұрайтын болсаң, қанағатты сұра. Қанағат ақиқатында таусылмайтын байлық».

Міне, сол үшін халқымыз «Қанағат – бітпес қазына» – деген. Осы себепті отбасы бақытының да, кәсіпте берекенің де негізгі кілті – қанағат. Бірде Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Алла Тағаладан: «Уа, Жаратқан Алла! Сенің құзырың да ең бай пенде кім?» – деп сұрапты. Сонда Алла Тағала: «Менің берген ризық-несібеме қанағат еткен кісі», – деп жауап берген екен.

Расында байлық дүние-мүліктің көптігінде емес, байлық жүректегі қанағатшылдықта. Қанағатшыл мұсылман кісі Жаратқанның өзіне тиесілі етіп берген ризығына шүкіршілік етеді, өзгенің несібесіне берілген дүниеге көз қиығын салмайды.

Бір данышпан кісі қанағат жайында «Біз төрт нәрсені төрт нәрседен іздеп едік, алайда қателескен екенбіз. Іздегенімізді басқа төрт нәрседен таптық. Мал-дүниені байлықтан іздеп едік, бірақ оны қанағаттан таптық. Рақат өмірді молшылықтан іздеп едік, бірақ оны дүниенің аздығынан таптық. Ләззат ғұмырды нығметтен іздеген едік, бірақ оны денсаулықтан таптық. Ризық-несібені жерден іздеген едік, бірақ оны көктен таптық», – деген екен.

Қисса

Бірде Ибраһим пайғамбар ұлы Исмайылдың қал-жағдайын білмек болып үйіне келеді. Алайда баласы Исмайыл үйінде болмайды. Сонда Ибраһим пайғамбар келінінен: Ұлы Исмайылдың қайда кеткенін сұрайды. Келіні: «Ұлыңыз үйге азық әкелу үшін аңшылыққа кеткен еді», – деп жауап береді. Сосын Ибраһим пайғамбар үй-ішінің жағдайына қатысты тұрмыстары жайында сұрайды. Сонда Келіні: «Жағдайымыз өте нашар, көптеген тауқымет көріп жатырмыз, қиналып кеттік деп, тұрмыстары жайлы көп шағымын айтады. Сонда Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын):

«Күйеуің үйге келген кезде оған менің сәлемімді жеткіз және оған былай деп айт: «үйінің босағасын ауыстырсын», – дейді. Исмайыл үйге келісімен бір нәрсені сезгендей, әйелінен: «Мен үйде жоқ кезде үйге біреу келді ме?» – деп сұрайды. Әйелі: «Иә, үйге бір қария кісі келіп, сізді сұрап кетті», – дейді. Отбасымыздың жағдайы жайында, күнкөрісімізді де сұрады. Мен Ол кісіге отбасымыздағы тұрмысымыздың қиыншылығы жайлы айттым», – дейді. Сосын Исмайыл: «Ол кісі саған қандай да бір өсиет айтып кетті ме?» – деп сұрайды. Әйелі: «Иә, әуелі сізге сәлем айтты, сосын «үйінің босағасын ауыстырсын» деп айтып кетті», – дейді. Исмайыл: «Келген қария кісі менің әкем еді. Ол кісінің үйдің босағасын ауыстырсын дегені менің сенімен ажырасуымды айтқаны. Енді сенімен бірге өмір сүре алмаймын», – деп, ол әйелімен ажырасып, кейіннен басқа бір әйелмен некеге тұрады. Арадан біраз уақыт өткеннен кейін Ибраһим пайғамбар қайтадан ұлының үйіне келеді. Бұл жолы да ұлы Исмайыл үйінде жоқ болады. Қай жерге кетті деп сұраған кезде, әйелі: «Үйге азық алып келуге кетті», – деп жауап береді. Ибраһим пайғамбар: «Тұрмыс-тіршіліктерің қалай?» – деп сұрай бастайды. Келіні: «Қал жағдайымыз өте жақсы. Тұрмысымызға разымыз», – деп, Аллаға деген шүкіршілігін білдіреді. Ибраһим пайғамбар: «Нені азық етіп жатырсыңдар?» – дейді. «Ет жеп жатырмыз», – дейді. «Не ішіп жүрсіңдер», – деп сұраған кезінде:  «Су», – деп жауап береді. Сол уақытта Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) алақанын жайып «Уа, Алла! Олардың азық етіп жатқан еттері мен суына береке бере көр!» – деп дұға жасайды. Сосын: «Күйеуің үйге келісімен менің сәлемімді жеткіз және үйінің босағасын берік ұстасын», – деп айтып кетеді. Исмайыл аңшылықтан келген кезде: «Үйге ешкім келген жоқ па?» – деп сұрайды. Әйелі: «Иә, үйге жүзі көрікті бір қария кісі келіп, сізді сұрап кетті. Ол кісі күнкөрісімізді, тұрмысымызды сұраған еді, мен шүкіршілік білдіріп, қалымыздың жақсы екенін айттым», – дейді. Исмайыл: «Саған қандайда бір өсиет айтып кетті ме?» – деп сұрайды. Әйелі: «Иә, сізге сәлемін айтты және шаңырақтың босағасын берік ұстасын деп айтып кетті», – дейді. Сонда Исмайыл: «Дұрыс, ол менің әкем еді. Үйдің босағасын берік ұстасын дегені, сенімен жақсы қарым-қатынаста болып, өмір сүрсін деп әмір еткені», – дейді (имам Бұхари).

Екінші: қанағатшылдық түрлі қателіктен сақтайды

Қанағат – әдептіліктің басты белгісі. Ол – адам баласының сана-сезімі мен іс-қимылындағы көркем әдет. Қанағатты әдетке айналдырған кісі өмір-бақи оның игілігін көреді. Өйткені ол адамшылық жолдан тайдырмайды, аздың өзіне қанағат еттіреді. Сондай-ақ ашкөзділікке жібермейді, біреудің дүние-мүлкіне сұқтанып қараудан тыяды. Сондықтан қанағатшыл адам ешкімнің ала жібін аттамайды, жұмсақ, кішіпейіл және қарапайым болып, көптің құрметіне ие болады. Дүние мәселесінде адамның қателікке тап болуы көбіне қанағатсыздықтың жойылып, тойымсыздыққа салынып, ашкөздікке душар болуынан. Хакім Абай осыны өлеңмен өрнектеп:

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған, – дейді.

Кейде адам тойымсыздыққа салынып, қолында бардан да айырылатын кездер болады. Мәшһүр Жүсіп бабамыз ондай жандарға қатысты:

Не пайда күш жоқ болса, нарлығыңнан,

Пайда жоқ, кең болмасаң, тарлығыңнан.

Көрінбеген нәрсені аламын деп,

Айырылма қолыңдағы барлығыңнан, – деген.

Бұрынғы өткен ізгілер: «Азға қанағат ет – сонда ешқашан мұқтаж болмайсың. Іштарлықтан арыл – сонда жүрегің тыныш болады. Тыйым салынғанға жолама – сонда дінің кемелдене түседі», – деп өсиет қалдырған екен.

Қазақ ертегілеріндегі тастан да қатты сараң, өзі тойса да, көзі тоймайтын, шық бермес Шығайбайдың бейнесі әрбір қазақтың көз алдында. Тамырын кессең, қан шықпайтын, кеудесін тессең, жан шықпайтын қытымырдың сараңдығында, көрсеқызарлығында шек болған емес. Оның болмысы тойымсыздықты, қанағатсыздықты һәм басқа да дүниеқұмарлықтан туған дерттерді бойына жинағандай. Оны Алдардың айласына салып күлкі қылып, келемеждеу арқылы, қазақ өзінің ұрпағын жомарттыққа, мәрттікке тәрбиелеп отырған. Демек қанағатсыздық сараңдық тудырады. Ал сараңдық – кіл жамандықтың бастауы. Қанағатшыл адам мұндай жүрек дертінен ада, адамдардың алдында құрметке лайық болады.

Қисса

Бірде бір кісі Басра елінің тұрғындарынан: «Сіздердің араларыңызда ең құрметтілеріңіз кім?» – деп сұрайды. Сонда олар: «Хасан әл-Басри», – деп жауап береді. Әлгі кісі: «Сіздер не үшін ол кісіні ең құрметті адам деп айтасыздар?» – дейді. Сонда Басра халқының тұрғындары: «Өйткені адамдар ол кісінің іліміне мұқтаж болып іздеп барады. Ал Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын) олардың дүние-мүлкінен ештеңе дәметпейді, қажетсінбейді. Яғни ол кісі адамдардан еш нәрсе сұрамайды», – деп жауап берген екен (Жамиул-улум, 169\2).

Ғалымдарымыз қанағаттың мынадай он түрлі пайдасы бар екенін айтқан:

  1. Алланың махаббатына бөленеді;
  2. Иманы кемелдене түседі;
  3. Тұрмыс-тауқыметі жеңілденіп, мамыражай өмір сүруге септігін тигізеді;
  4. Адамдарға деген сүйіспеншілігі оянады;
  5. Иман қуаты артып, сенімі күшейеді һәм өзінің үлесіне разы болады;
  6. Адам жаны тынышталып, уайымнан арылады;
  7. Өзін күншілдіктен, өсектен, жаладан сақтайды;
  8. Жәннатқа жетелейтін жол табады;
  9. Берекенің бастауына айналады;
  10. Адамға айбат береді.

Үшінші: қанағатшылдық ысыраптан сақтап, үнемшілдікке үйретеді

Жоғарыда баяндағанымыздай расында қанағат ету – өмірдің нағыз бақытына жеткізетін рухани қасиет. Алайда қанағат ете білудің де өз жолдары болады. Әрбір мұсылман баласы оған аса мән бергені жөн. Сонымен қанағатшыл адам болудың екі шарты бар:

  1. Алла Тағаланың берген ризық-несібесіне разы болу.

Қанағатшыл кісінің ең әуелгі сипаты Алланың берген нығметтеріне шүкірлік ету. Ал несібесіне шүкірлігін білдірмеген кісі шынында да барынан айырылып қалуы әбден мүмкін. Бұл өз кезегінде күнәға жол ашады. Сол үшін ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге мынадай өсиет сөзін қалдырған: «Аллаға разылық танытып, құдайшыл бол, адамдардың ішінде ең көп құлшылық еткен кісілердің бірі боласың. Қанағатшыл бол, адамдардың ішінде ең көп Аллаға шүкір еткен кісінің бірі боласың» (имам Ибн Мәжә).

  1. Қолындағы бар нығметті үнемдеп, орнымен жұмсай білу.

Адам баласы тапқан табысын өз орнымен жұмсап, үнемдей білсе, қанағатшыл кісіге айналады. Нәтижесінде өз отбасын түрлі ысырапшылықтан сақтап, өзгенің қолындағыға жалтақтамай өмір сүретін болады. Сондықтан қай кезде де мұсылман баласы үнемшіл болуға тырысу керек. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Үнемшіл болған кісі кедей болмайды», – деген.

Егер адам баласы көрпесіне қарап көсілмесе, керекті керексіз нәрселерге қаржы жұмсала берсе, ысырапшылдыққа жол ашылып кетеді. Ысырап бар жерде ешқашан қанағатшылдық болмайды. Хазіреті Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Бірнеше күнге жетуі мүмкін азықты бір күнде сарп еткен отбасын жек көремін», – деген екен. Халқымыздың дана тұлғасы Сүйінбай бабамыз да: «Қолдағыға қанағат шүкір қылмасаң, болады бар да – арманда, жоқ та – арманда», – деген.

Қадірменді жамағат!

Қолымыздағы барымызға шүкірлік білдіру, оны қанағат тұту айналамыздағы жандарға да бақыт сыйлайды. Отбасымызда өсіп келе жатқан перзенттерімізге де тәрбие көзі болады. Сондықтан бүгінгі қоғамда қолымызға тиген несібемізге, еншімізге түскен ризығымызға разылық таныту аса маңызды. Өйткені өзгенің мүлкіне көз салу, өзгенің мүлкінен дәмету жақсы қасиет емес. Біз қай кезде де болмасын барынша қанағат ете білуге дағдылануымыз қажет.

Бірде бір сахаба Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Мен адамдардың ішінде ең бай адам болғым келеді. Не істесем болады? Маған жол көрсетіңіз?» – дейді.

Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сен қанағатшыл бол. Алланың саған берген үлесіне разылық таныт», – деп барға разылық білдіруге, қанағат етуге өсиет етеді. Міне, хадисте айтылғандай бір ғана жауаппен «қанағатшыл» бол деп насихат айтты.

Алла Тағала біздерге де өз өмірімізде қанағатшыл пенделерден болуымызды нәсіп етсін. Жамандықтан аулақ етіп, елімізге, халқымызға бір Алланың өзі амандық бергей!

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі