Алланың назары – жүректе

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Жүрек – адам баласының дене-мүшелерін, сана-сезімін басқаратын орталық. Адам бойындағы ағзалар осы орталықтан алған бұйрық бойынша әрекет етеді. Егер жүрек иманға, ар-ұятқа, мейірімділікке ұяласа, адам баласының бойында имандылық, көркем мінез-құлық көрініс табады. Ал жүрекке күпірлік, қатыгездік мекен етсе, адам бойында имансыздық, теріс іс-әрекеттер пайда болады. Осы себепті адам баласы ақыретте жүрегіндегі түрлі дерттер үшін де жауап береді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» сүресі, 36-аятында:

وَلَا تَقْفُ مَا لَيْسَ لَكَ بِهِ عِلْمٌ ۚ إِنَّ السَمْعَ وَالْبَصَرَ وَالْفُؤَادَ كُلُّ أُولَٰئِكَ كَانَ عَنْهُ مَسْئُولًا

«Өзің білмеген нәрсенің соңына түспе. Расында, құлақ, көз және жүрек олардың барлығы сұралады», – деп айтқан.

Қасиетті Құран Кәрімде жүрек жайлы 132 жерде айтылады. Бұл жүректің маңыздылығын аңғартса керек. Сол үшін Жаратқан Алла Тағала адам баласының иманды яки имансыз болуының, таза яки күнәһар болуының басты себебін адам баласының жүрегіне байланысты екендігіне назар аудартады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың назары жүректе болатындығын айтып:

إِنَّ اللهَ لا يَنْظُرُ إِلَـى صُوَرِكُمْ وَأمْوَالِكُمْ، وَلَكِنْ يَنْظُرُ إِلَـى قُلُوبِكُمْ وَأعْمَالِكُمْ

«Расында Алла сендердің бет-бейнелерің мен дүниелеріңе назар аудармайды, алайда жүректерің мен іс-әрекеттеріңе назар аударады», – деген (имам Мүслим).

Хакім Абайдың он жетінші қара сөзінде: «Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті» деп бастап, соңында осы үшеуінің таласына ғылымның былай дегендігін айтады: «Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала әрдайым қалпыңа қарайды деп кітаптың айтқаны осы», – деп айтуында үлкен мән бар. 

Ендеше, әрбір мұсылман адам жүректің рухани өміріміздегі маңызын түсініп, оның қандай түрлері бар екендігінен хабардар болып, жүрегінің таза әрі сау болуына себепші істерді біліп, оларға амал етуі қажет.

Жүректің түрлері

Құран Кәрімде және хадистерде баяндалғандай адам баласының жүрегін рухани тұрғыдан алғанда мынадай түрлерінің бар екендігін айтуға болады.

Бірінші: «Қалбун салим» (сау жүрек)

Алла Тағала қасиетті Құранның «Шұғара» сүресі, 88-89-аяттарында:

يَوْمَ لا يَنْفَعُ مَالٌ وَلا بَنُونَ إِلا مَنْ أَتَى اللَّهَ بِقَلْبٍ سَلِيمٍ

«Ол күні (қиямет күні) мал да, бала-шаға да пайда бермейді. Тек, кім Алланың құзырына қалбун салиммен, яғни сау жүрекпен келсе, сол адам ғана пайда табады», – деп айтқан. 

Аятта айтылған «сау жүрек» сөзінің мағынасы жайында имам Рази: «Сау жүрек дегеніміз – жүректің надандықтан, жаман мінезден аулақ болуы. Яғни, жүректің соқыр наным-сенімнен, теріс іс-әрекеттерден және дүние құмарлықтан арылуы», – деген.

Екіншісі: «Қалбун муниб» (мойынсұнған жүрек)

Мойынсұнған жүрек деп – Аллаға берілген, өткінші дүниелердің бұғауынан құтылған, шынайы ықыласпен Раббысына бет бұрған жүректі айтамыз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Қаф» сүресі, 32-33-аяттарында:

مَنْ خَشِيَ الرَّحْمَنَ بِالْغَيْبِ وَجَاءَ بِقَلْبٍ مُنِيبٍ .ادْخُلُوهَا بِسَلامٍ ذَلِكَ يَوْمُ الْخُلُودِ. لَهُمْ مَا يَشَاءُونَ فِيهَا وَلَدَيْنَا مَزِيدٌ

«Кім жән-тәнімен бет бұрып, әмірлеріне мойынсұнып, көрмесе де Рахман Алладан қорықса және Аллаға бет бұрған жүрекпен келсе, міне сендерге арналған жәннат осы. Оған амандықпен кіріңдер. Бұл сендердің мәңгі мекендерің», – деп айтқан.

Үшіншісі: «Қалбун мутмайын» (орныққан жүрек)

Бұл – түрлі жаман ойлардан арылып, тыныштық тапқан, кемел иман орныққан, яғни «айнал-яқин» дәрежесіне жеткен жүрек. Жүректің мұндай дәрежеге жетуінің бірден-бір жолы – Алла Тағаланы еске алу. Алла Тағала қасиетті Құранда:

أَلا بِذِكْرِ اللَّهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ

«Біліп қойыңдар! Жүректер тек Алланы зікір етумен ғана тыныштық табады», – деген («Рағыд» сүресі, 28-аят).

Міне, бұл – шынайы мүмин пенделердің жүрегі. Мұндай пенделер ақыретте ешқандай қиындық көрмейді. Олар Алла Тағаланың уәде еткен жәннатына кіреді.

Төртіншісі: «Қалбун қасия» (қатайған жүрек)

Ислам ғалымдары жүректің қатаюын «жүректің ақиқатты қабылдамауы, Алла Тағаланың аяттарын түсінуден ұзақ тұруы, үгіт-насихаттарға құлақ аспауы және күнә істеуде шектен шығуы» деп түсіндіреді. Қасиетті Құранның «Зүмәр» сүресі, 22-ші аятында:

فَوَيْلٌ لِلْقَاسِيَةِ قُلُوبُهُمْ مِنْ ذِكْرِ اللَّهِ أُولَئِكَ فِي ضَلالٍ مُبِينٍ

«Алланы еске алуда жүректері қатайған пенделерге нендей өкініш! Олар ашық адасуда», – деп айтылған.

Бесіншісі: «Қалбун мәийт» (өлі жүрек)

Бұл – үгіт-насихаттардан ғибрат алмайтын, сезініп, әсер алмайтын жүрек. Мұндай жүрек Құран Кәрімде «мөр басылған жүрек» деп сипатталады. Алла Тағаланың ескертулеріне құлақ аспайтын, ақиқатты көре алмайтын адамдардың жүрегі. Яғни соқыр наным-сенімнің жетегінен шыға алмайтын, ақиқатты ақыл таразысына салмайтын және шындықты мойындаудан бас тартқан жүрек. Осының салдарынан Алла Тағала олардың жүрегіне мөр басқан. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 6-7 аяттарында:

إِنَّ الَّذِينَ كَفَرُوا سَوَاءٌ عَلَيْهِمْ ءَأَنْذَرْتَهُمْ أَمْ لَمْ تُنْذِرْهُمْ لا يُؤْمِنُونَ. خَتَمَ اللَّهُ عَلَى قُلُوبِهِمْ وَعَلَى سَمْعِهِمْ وَعَلَى أَبْصَارِهِمْ غِشَاوَةٌ وَلَهُمْ عَذَابٌ عَظِيمٌ

«Расында кәпірлерге ескертсең де, ескертпесең де бәрібір (ескерту оларға пайда бермейді). Олар иман келтірмейді. Алла олардың жүректері мен құлақтарына мөр басқан. Көздерінде де перде бар», – деп айтқан.

Алтыншысы: «Қалбун маридун» (ауру жүрек)

Рухани түрлі дерттер мен күнәлардың себебімен ауруға шалдыққан жүрек. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 10-шы аятында:

فِي قُلُوبِهِمْ مَرَضٌ فَزَادَهُمُ اللَّهُ مَرَضًا

«Олардың жүректерінде ауру бар. Алла олардың ауруын күшейте түседі», – деп айтылады.

Ислам ғалымдары жүректің рухани ауруларын сенім тұрғысынан және ахлақ (мінез) тұрғысынан екіге бөліп қарастырған. Жүрек ауруының сенім тұрғысынан дегеніміз – Жаратқан Алла Тағалаға серік қосу, яғни Алладан өзгеге табыну, сенім мәселесінде күмән келтіру деген сөз. Ал ахлақ тұрғысынан жүрек ауруының түрлерін айтар болсақ, күнә істерге, сараңдық, риякерлік, тәкаппарлық, көре алмаушылық және дүние құмарлық сынды жағымсыз, теріс қасиеттерге жол ашу.

Жүректегі рухани дерттерді емдеудің түрлері мен жолдары

Бірінші:  Қасиетті Құранды оқу

Құран – күллі адамзат үшін өмірдің барлық салаларында (қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық және моральдық тұрғыда) ең жоғары дәрежелі кемел кітап. Құран Кәрімнің сөздері адамзатты надандықтан, зұлымдықтан, қараңғылықтан жарыққа – ілім жолына, ізгілік пен мәдениет жолына бастайды. Сондықтан Құранға заманның, уақыттың өзгеруі ешқандай әсер етпейді. Құран еш уақытта заман, ғасыр соңында қалмайды, керісінше ғасырды, заманды өз соңынан жетелейді. 

Қасиетті Құран жүрекке орнаса, Алламен болатын байланыс арқылы нәпсіні тазалайды. Сол үшін адам баласының жүрегі Алланы еске алумен ғана  тыныштық табады. «Әнфал» сүресі, 2-аятта: 

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ الَّذِينَ إِذَا ذُكِرَ اللَّهُ وَجِلَتْ قُلُوبُهُمْ وَإِذَا تُلِيَتْ عَلَيْهِمْ آيَاتُهُ زَادَتْهُمْ إِيمَانًا وَعَلَى رَبِّهِمْ يَتَوَكَّلُونَ

«Нағыз мүминдер – Алла еске алынса, жүректері қорқыныштан дірілдейді, оларға Алланың аяттары оқылса, имандары артып, Раббыларына тәуекел етеді», – деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, темірді тот басқаны секілді, жүректі де тот басады», – дейді. Сонда сахабалар (Алла оларға разы болсын): «Оны қалайша кетіреміз?» – деп сұрақ қояды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өлімді көп еске алу һәм Құранды көп оқу арқылы», – деп жауап береді (имам Бәйһақи).

Сондықтан тұла бойымызды нұрландырып, түрлі рухани науқастықтан арылтатын Алланың кәләмі Құран Кәрімді көп оқуымыз керек. Бір ғана «Кәһф» сүресінің қасиеті жайында ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің өсиетінде: «Жұма күні «Кәһф» сүресін оқыған адамға оны екі жұманың арасында нұрландырып тұратын нұр беріледі», – деген (имам Бәйһақи). 

Екінші: Алла Тағаланы зікір ету

Жүректің дұрыс, сау болуы үшін тағы бір пайдалы да, қажетті істің бірі – зікір. Зікір Жаратушы Алланы еске алуды білдіреді. Пенденің айтатын зікірі тек тілімен ғана емес, оның жүрегімен, бар болмысымен орындалуы тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Рағыд» сүресі, 28-аятында:

الَّذِينَ آمَنُواْ وَتَطْمَئِنُّ قُلُوبُهُم بِذِكْرِ اللَّهِ أَلاَ بِذِكْرِ اللَّهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ

«Сондай-ақ иман келтірген және жүректері Алланы еске алу арқылы жай табатын ізгі жандар бар. Ендеше, біліп қойыңдар! Жүректер Алланы еске алу арқылы ғана жай тауып, толық тынышталады», – деп айтқан.

Имам Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын): «Алланы еске алу тілмен де, жүрекпен де орындалады. Ең абзалы – тіл мен жүректі қатар қолдану. Егер біреуімен ғана шектелу керек болса, жүрекпен еске алған абзал. Мақтаншақтықтан сақтану мақсатында тек жүрекпен еске алып, тілмен еске алуды назардан тыс қалдыруға болмайды. Алланы еске алғанда тек Оның ризалығын ғана ниет ету керек».

Алла Тағаланы еске алған адамның жүрегінде қайғы-мұң болмайды. Керісінше, Жаратушысын еске алмаған адамның жүрегі уайымға, қайғы-мұңға батады. Тіпті, түрлі дерттерге шалдығып, жүректің рухани өлуіне себеп болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Зүмәр» сүресі, 22-аятында:

فَوَيْلٌ لِلْقَاسِيَةِ قُلُوبُهُمْ مِنْ ذِكْرِ اللَّهِ أُولَئِكَ فِي ضَلالٍ مُبِينٍ

«Алланы еске алуда жүректері қатайған (қарайған) пенделерге нендей өкініш. Олар ашық адасуда», – деп ескерткен.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَثَلُ الَّذِي يَذْكُرُ رَبَّهُ وَالَّذِي لا يَذْكُرُ رَبَّهُ مَثَلُ الحَيِّ وَالمَيِّتِ

«Раббысын еске алатын адам мен Раббысын еске алмайтын адамның мысалы тірі мен өлген адамның мысалына ұқсайды», – деген (имам Бұхари).

Үшінші: Истиғфар тілеу

Истиғфар – Алла Тағаладан кешірім тілеу. Ол «Астағфирулла» сөзін қайталау арқылы орындалады. Алла Тағаладан кешірім тілеп, истиғфар айту арқылы пенденің ризық-несібесі артып, жүрегі түрлі рухани дерттерден тазарады. Адамдардың ішіндегі жүрегі ең тазасы болған Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күніне кемінде 70 рет, 100 рет истиғфар айтып, Алладан кешірім сұрайтын болған.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Һұд» сүресі, 3-аятында:

وَأَنِ اسْتَغْفِرُوا رَبَّكُمْ ثُمَّ تُوبُوا إِلَيْهِ يُمَتِّعْكُمْ مَتَاعًا حَسَنًا

«Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Оған тәубе етіңдер. Ол сендерді керемет несібелермен ризықтандырады», – деп айтқан. 

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Пенде бір қателік істеген кезде жүрегінде қара дақ пайда болады. Егер құл күнәні қайталап істемей, кешірім тілеп тәубе етсе, жүрек нұрланып шығады. Ал қателік (күнә) істегенді доғармай жалғастырса, қара дақтар көбейе түседі де, ақырында жүректі түгелдей қаптайды. Міне, Алла Тағаланың: «Жоқ, негізі олар өздері істеген жамандықтары салдарынан жүректерін тот басқан» («Мұтаффифин» сүресі, 14-аят), – деп баяндауы осы» (имам Термизи).

Төртінші: Садақа беруді әдетке айналдыру

Адам баласы жасаған әрбір жақсылығы оның жүрегін нұрландырады. Әдетте, біз біреуге көмек көрсетіп, қуаныш сыйлайтын болсақ, жүрегіміз жұмсарып, көңіліміз жай табады. Өйткені сауапқа кенелеміз. Алла Тағала Құранда Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

خُذْ مِنْ أَمْوَالِهِمْ صَدَقَةً تُطَهِّرُهُمْ وَتُزَكِّيهِم بِهَا وَصَلِّ عَلَيْهِمْ إِنَّ صَلاتَكَ سَكَنٌ لَّهُمْ وَاللَّهُ سَمِيعٌ عَلِيمٌ

«Олардың дүние мүлкінен зекет-садақа ал да, сол арқылы оларды тазартып, күнәларынан арылт, әрі сауаптары мен ықыластарының арта түсуіне дәнекер бол! Сондай-ақ, олар үшін дұға ет! Себебі сенің дұғаң олардың жандарына тыныштық сыйлап, жүректерін орнықтырады. Алла бәрін естуші, білуші», – дейді («Тәубе» сүресі, 103-аят).

Яғни, зекет-садақа беру жүректі тазартып, күнәдан арылтады. Алланың разылығы үшін жетім-жесірді қуантып, мұқтаждарға қарайласу, адамдарға жақсылық жасау Алланың құзырына таза жүрекпен баруымызға себеп болады. Тапқан дүние-мүлкін басқалармен бөлісу жүрегі кең, мейірімді жандардың ғана қолынан келері сөзсіз. Адам баласы біреуге көмек көрсетіп, қуаныш сыйлайтын болса, жүрегі жұмсарып, көңілі жай табады. Сондықтан хадисте:

كُلُّ مَعْرُوفٍ صَدَقَةٌ

«Әрбір жақсылық – садақа» (имам Термизи); «Жақсы сөз – садақа», – деп айтылған (имам Ахмад).

Қадірменді жамағат!

Пенденің екі дүниеде бақытқа кенелуі үшін жүрегінің дұрыс болуы аса маңызды. Лұқман Хакім ұлына: «Әй, Балам! Дүние – түбі көрінбейтін дария іспетті. Парасаттылыққа жетпеген көптеген ғалымдар мен өзге де адамдар сол дарияға батып кетті. Сенің бұл дариядағы жүзуші кемең қанағат етуші жүрек пен Алла Тағалаға деген иманың болсын. Кемеңнің керек-жарағы етіп тақуалық пен құлшылықты ал. Желкені –  тәуекел болсын. (Түпсіз дарияға батудан) осылай ғана аман қалуың мүмкін», – деп өсиет еткен екен (имам Бәйһақи).

Сондықтан да мүмин адам әркез жүрегіне үңіліп, оның түрлі дерттерден ада болуына үлкен мән беруі қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اللَّهُمَّ يَا مُقَلِّبَ القُلُوبِ ثَبِّتْ قُلُوبَنَا عَلَى دِيْنِكَ، وَيَا مُصَرِّفَ القُلُوبِ صَرِّفْ قُلُوْبَنَا عَلَى طَاعَتِك

«Уа, жүректерді құбылтушы Алла! Жүрегімізді Өз дініңе бекем ет! Уа, жүректерді бағыттаушы Алла! Жүректерімізді Өз тағатыңа бағытта!» – деп дұға етуімізді үйреткен.

Жаратқан Алла баршамызды рухани кеселден сақтап, жүрегімізді иман нұрымен нұрландырып, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі