Арлылық – намыс, ұят, иба, абырой сияқты бірқатар игі істерді қамтиды. Арлы адам жігерсіз әрі намыссыз болмайды, көрсеқызарлыққа салынбайды, күнәлі істерден бойын аулақ ұстайды. Арлы адамның бойында көрініс табатын негізгі сипаттар мынадай:
Бірінші, адал еңбек етеді
«Жас ұялшақ келер, арсыз сұраншақ келер» демекші, өзі еңбек етуге шамасы келе тұрып, өзгенің қолындағыны дәмету, одан сұрау – арлы адамға тән іс емес. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз: «Арыңды сақта, болсаң да малға кедей» деп айтқандай, мұсылман адам мұқтаж болып тұрса да ешкімге алақанын жаймайды, өз маңдай терімен нәпақа тауып, адал еңбегімен табысқа кенеледі. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 173-аятында мүминдердің осындай ізгі сипаты жөнінде:
«Білмейтін біреу оларды ар-намыстарын сақтағандықтарынан бай деп ойлайды. Оларды бейнесінен-ақ танисың. Олар адамдарға жармасып сұрамайды», – деп айтқан. Демек, мүминдер мұқтаж болып тұрса да ешкімге қолын жаймай, ары мен намысын жоғары қойғандықтан, оны сыртынан көрген адамдар бай екен деп ойлап қалуы мүмкін.
Хакім Абай қара сөздерінің бірінде: «Ардан кеткен соң, тірі болып жүрген құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген сөз болса, ол – ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі», – дейді. Шәкәрім бабамыз болса:
Ақылды сол – нысап пен ар сақтайды,
Арсыз сол – арамдықпен жан сақтайды.
Адал сол – таза еңбекпен күнін көріп,
Жаны үшін адамшылық ар сатпайды, – деген.
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәлімін көрген сахабалар әрдайым тек өз маңдай терімен тапқан нәпақамен күнелткен. Меккедегі мұсылмандар Мәдинаға қоныс аударғанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұһажирлар мен ансарлардың өзара бауыр екендіктерін жариялайды. Бұны естігенде Сағыд ибн Рәби (Алла оған разы болсын) өзінің дәулетінің тең жартысын жаңадан келген діндес бауыры Әбдуррахман ибн Ауфқа (Алла оған разы болсын) бөліп бермек болады. Сонда мұндай жомарт мінезге риза болған Әбдуррахман (Алла оған разы болсын): «Алла Тағала сізге берекесін берсін. Маған базардың жолын көрсетіп жіберсеңіз болды», – деген еді. Осылайша Әбдруррахман ибн Ауф (Алла оған разы болсын) дайын дүниені иеленгеннен гөрі өзі еңбектенгенді дұрыс санайды. Базарға барып, сауда-саттық жасап, көп ұзамай үлкен байлыққа кенеледі.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір күні сахабаларына: «Кімде-кім маған адамдардан ешнәрсе сұрамаймын деп кепілдік берсе, мен де оның жәннаттық болатынына кепіл боламын», – дейді. Сонда Сәубан есімді сахабасы: «Уа, Алланың елшісі! Бүгіннен бастап адамдардан ешнәрсе сұрамайтын боламын» – дейді. Осы жайтқа куә болған адамдар Сәубанның расында да дүниеден өткенше ешкімнен ешнәрсе сұрамағандығын айтқан (имам Әбу Дәуід).
Екінші, рухани құндылықтарды дүниелік істерден жоғары қояды
«Адам болам десең, арыңды ақшаға сатпа» деген ата-бабаларымыз мал-дүниені адамдық қасиеттерден жоғары қоймауды үйреткен. Мұсылманның күнәлі істерге бармау, жақсылық амалдарда тұрақты болу сияқты белгілі бір өмірлік ұстанымдары бар. Ол еш уақытта ардан аттап, ұстанымдарын дүниелік пайда үшін тәрк етпейді. Ақтайлақ би бабамыз осыны өсиет қылып: «Алтының болса әсерленбе, арыңды сақта, арамдықтан аулақ бол, адалдықты жақта», – деген.
Мысалы, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басты мақсаты адамдарға Алла Тағаланың ақиқат дінін жеткізу болатын. Осы жолда дұшпандары тарапынан сан түрлі қиыншылықтар көрді. Бүкіл айлалары іске аспаған мүшріктер, соңында Пайғамбарымызды дүниемен алдауға талпынып, «Қалағаныңды береміз. Дүние сұрасаң дүние, үйленуді қаласаң ең сұлу әйелге үйлендірейік» деп ұсыныс айтқанда, сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер менің оң қолыма күнді, сол қолыма айды ұстатып, бұл жолымнан қайтуымды өтінсе де мен бұл ісімнен бас тартпаймын», – деген еді. Себебі, бұрынғы өткен пайғамбарлардың жолы да осындай болатын. Сүлеймен пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) күнге табынып, түрлі адасушылықтарға түскен Сәбә елінің патшайымы Бәлқис ханшайымның қауымын тура жолға шақырып, хат жолдайды. Сонда Бәлқис ханшайым Сүлейменнің өтінішінен жалтару үшін оған түрлі асыл бұйымдар мен қымбат сыйлықтар жібертеді. Алайда, Сүлеймен пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) оларға:
«Сендер маған дүниемен көмек көрсетпекшісіңдер ме? Алла Тағаланың өзіме бергені, сендер бергеннен жақсы. Сыйлықтарыңмен өздерің-ақ қуаныңдар», – деп, әкелген сыйлықтарын алмай, қайтарып жіберген екен («Нәміл» сүресі, 36-аят).
Рухани құндылықтардан дүниелік істерді артық көрген ортада айлакерлік, парақорлық, сатқындық, нәпсіқұмарлық сынды істердің пайда болары сөзсіз. Сондықтан «Пайда ойлама – ар ойла» деп айтылғандай, мұсылман адам дүниелік пайдаға кенелуден гөрі әрдайым иманы мен ар-намысын жоғары қоюы қажет.
Үшінші, ар-намысын қорғайды
Ақ некені қасиет тұтып: «Абыройыңды жасыңнан сақта» деп насихат еткен халқымыз тектілікті, ұрпақ тазалығын сақтауды өте маңызды деп білген. «Қызға қырық үйден тыйым» деп, үйленбеген жастардың арлы әрі абыройлы болуына үлкен мән берген. Қасиетті Құранның «Нұр» сүресі, 33-аятында Алла Тағала:
«Үйлене алмағандар Алла Тағала өз кеңшілігімен байытқанға дейін суық жолдан сақтансын», – деп бұйырады.
Дініміз Исламда арсыздыққа бару үлкен күнәлі істер қатарына жатады. «Абай жолы» романындағы Қодар мен Қамқа оқиғасын келтіру арқылы Мұхтар Әуезов бабамыз кезіндегі қазақ қоғамында арсыздыққа қаншалықты қатал қарағандығын баяндаған. Алла Тағала Қасиетті Құранда:
«Арсыздықтың жариясына да, жасырынына да жақындамаңдар», – деп бұйырған («Әнғам» сүресі, 151-аят). Бұл аятқа қатысты тәпсірде: «Жәһилет дәуірінде адамдар арсыз істі жасырын, адамдарға көрсетпей істеуді рұқсат деп түсінетін. Осы аятты түсіру арқылы Алла Тағала арсыздықты жасырын да, жария да жасаудың арам екендігін баяндады», – делінген.
Төртінші, күнәлі істерден өзін тыйады
Арлылық пенденің бойында жақсы қасиеттердің көрініс табуына себепші болып, жаман істерден тосады. Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыздың бүкіл көркем мінезділік пен адамгершілікті зерттейтін түсінікті «ар ілімі» деп атауы сондықтан. Ар ұғымын терең түсінген ол өз сөзінде: «Арлы, ақылды адам қиянат, зорлық жасамайды, өзімшілдік пен мақтанды сүймейді» дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Расында, алғашқы пайғамбарлардан адамдарға белгілі болғаны: «Егер ұялмасаң, қалағаныңды істе» делінген сөз», – дейді (имам Бұхари). Демек, ар мен ұяттан алыс болған адам кез келген күнәлі іске баруы мүмкін. Ал бойында ары мен ұяты бар адам күнәлі істерден өзін тежейді. Бабаларымыз: «Екі жаман қосылса, күнде жанжал, күнде шу, ұяларлық ар бар ма?!» деу арқылы ұяттың өзі осы ардан шығатынын айтуда. Ғалым Ғарифолла Есім ағамыз да: «Арлы адам – алдымен, Құдайына қараған, Құдай мақұлдамайтын іске бармайтын жан. Ар – әр адамның өз ісінің төрешісі», – дейді.
Қазақ халқы баласының бойынан теріс қылық көрсе «Ұят болады» деп ескертіп, осы арқылы ұрпағына кішкентайынан арлылықтың дәнін еккен. Бұл туралы Жүсіп Баласағұни бабамыз:
Пәле-жала жолын ұят кеседі,
Ұятсыздық ердің емсіз кеселі.
Ашық мінез, пәктік, ұят, серік боп,
Жарасады қуанышқа көрік боп.
Адал ар мен ақ көңіл де еленер,
Екі жалған бақытына бөленер, – деп айтқан.
Арман ИСАЕВ,
«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы.